«Бейбарыс сұлтан» спектаклі: студенттер не дейді?

«Бейбарыс сұлтан» спектаклі: студенттер не дейді?

«Бейбарыс сұлтан» спектаклі: студенттер не дейді?
ашық дереккөзі
Танымал жазушы, драматург Рақымжан Отарбаевтың шығармашылығындағы сүбелі еңбектердің бірі – «Бейбарыс Сұлтан» пьесасы. Драмалық дастан – М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының репертуарында берік орын алған шығарма. Басты рөлде Азамат Сатыбалды (Бейбарыс сұлтан).  Қойылым, әсіресе, оқушылар мен студенттерге ұнайтын туынды.   Соған орай, қойылымды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биотехнология мамандығының студенттері барып тамашалап қайтты. Бейбарыс сұлтанның туған жерінен жырақта, жат жерде жүріп сезген жан азабын, жусан иісін сағынған сағынышын, достық пен тақ таласы, ерлік пен батылдық, намыс пен кектің қайнаған қақтығысын сахнадан көріп, ерекше әсер алды. Мұны студенттердің айтқан пікірінен аңғаруға болады. «Спектакльдің алғашқы көрінісінен-ақ үлкен оқиғаға айналды. Актерлардың ойыны, түрлі-түсті жарық пен сахнадағы соғыс, күрделі трюктер мен бишілердің биі маған өте ұнады. Эстетикалық және эпикалық әсер берді. Музыка, жарықты қою, актерлік ойын, хореография элементтері, атрибут пен спектакльдің өзі бір-бірімен үйлесіп жатқандықтан, бүкіл қойылым ұнамды шықты», – дейді биотехнология мамандығының 1-курс студенті Светлана Волынкина.
«Қойылым жалпы ұнады. Бірінші ұнағаны – актерлердің киімі, стилі. Екіншісі – сол дәуірдің мәдениеті мен келбетін өте жақсы жеткізе алғаны. Сол ғасырдың бет-бейнесін көргендей болдым», – дейді студент Диана Артемьева.
«Актерлердің талантты ойынынан, рөлді сомдауынан бөлек, маған қатты ұнағаны – хореография. Жекпе-жек көрінісін би түрінде бейнелеп көрсеткені әсерлі шықты», – дейді студент Эльвира Бегалиева.
«Маған әсіресе қыпшақ сұлтаны – Бейбарыстың монолог айтқаны ұнады. «Қан мен соғыстың мағынасы» жоқ деген жері дөп түсті. Махаббат пен достықты көрсете білді. Бірақ қойылымда тарихи бұрмалаушылықтар бар. Мысалы, спектакльдің басында сахнаға жүз шақты сарбаз шығып, фрегат сүйреген жері көрініс ретінде қойылды. Мұндай фрегаттар шамамен ХVI ғасырда пайда болған. Ал Бейбарыс сұлтанның ғұмыр кешкен уақыты ХІІ ғасырға жатады», – дейді студент Александр Гулин.
Қойылымдағы кереғарлықты басқа да студенттер байқаған екен.
«Мен «Бейбарыс сұлтан» шығармасын 6-сыныпта оқығанмын. Кітаптың тілі ауыр, әдеби тілде жазылса да, негізгі ойы мен идеясын аңғара алған едім. Бірақ спектакльден режиссердің не айтқысы келгенін ұға алмадым. Қойылымдағы кейіпкерлер – шынайы тарихта болған жандар. Бірақ олардың бір-бірімен байланысы тарихи шындыққа сәйкес емес. Бейбарыс сұлтанды сатып кететін, мәмлүктердің өз ішінде жау шығатынын көрсетпеген», – дейді Әли есімді студент.
Біздің ойымызша, мұндай қойылымдар білім алушыларға эстетикалық әсермен бірге тарихи білім беруге де, сыни ойлауға да үйретеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Филология және әлем тілдері факультетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к., Ж.Абдрахманова