Жаңалықтар

Қатерлі дертке шалдыққан азамат інісін асырау үшін жұмыс істеп жүр

ашық дереккөзі

Қатерлі дертке шалдыққан азамат інісін асырау үшін жұмыс істеп жүр

Алматылық Наурыз есімді 19 жастағы жігіт 4-дәрежедегі қатерлі ісігіне қарамастан інісін асырау үшін күн-түн демей жұмыс істеп жүр. Қазақстандықтар жас жігіттің еміне 16 млн-нан аса теңге жинап берді. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram-дағы парақшасында жазды. Ескі жатақханада тұратын ағалы-інілі Наурыз бен Нұрәлінің арасы 5 жас. Автордың жазуынша, екі ұлын анасы 7 жыл бұрын тастап кеткен, ал әкесі соңғы 2 жылдан бері тек анда-санда ғана көрісуге келеді. Ол да басқа әйелмен көңіл қосқан. Наурыз жалғыз бауырын асырау үшін өз денсаулығы нашар болғанына қарамастан жұмыс істеп жүр. «Наурыз таңғы 4-те кетеді. Автобуста контролер. Нұрәлі мектепте. Наурыз әкесіне еш кінә артпайды. 15 жасынан жұмыс істеп үйренген. Тезірек 18-ге толып, ержетіп, аянбай еңбек етуді, ақша табуды, інісін киіндіріп, тойдыруды қалады. Үй аламыз, қыдырамыз, үйленемін деп армандады. Өкінішке қарай, тура 18-ге толғанда тамағында ісік пайда болды. Дәрігерлер басында грыжа деді, 6 айдан соң суық тиген деп емдеді. Асқынған кезде жаман ауру екенін білді. Өкінгенмен, енді кеш…Қатерлі дертпен күресуге Наурызда күш те, мүмкіндік те жоқ. Күннен-күнге қолданатын дәрі-дәрмегі қымбаттап, дерт жанына батуда. Ауырсынуға уақыт жоқ, артында інісі бар. Түскі үзілісте тамақ ішіп, әлдену орнына химия алуға барады. Одан тынығу қайдан, қайтадан жанталас» деп жазды автор.