Жаңалықтар

Алматыда Универсиаданың ашылу рәсімі өтті

ашық дереккөзі

Алматыда Универсиаданың ашылу рәсімі өтті

Алматыда көптен күткен спорт додасы – Қысқы Универсиада басталды. Шараның ашылу рәсімі кеше «Алматы-Аренада» өтті.  12 мың адамның басын қосқан спорт сарайындағы салтанатты жиынға әлемнің 80 елі көз тікті. Ашылу рәсіміне 57 мемлекеттің қатысушыларынан бөлек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен әлемнің түкпір-түкпірінен келген сыйлы қонақтар қатысты. Ең әуелі жұрт назарына 500 адамның қатысуымен "Ұлы дала елі" қойылымы ұсынылды. Қойылым қазақ халқының тарихы мен дәстүрінен, мәдениеті мен әдебиетінің айшықты беттерінен сыр шертті. Қазақстанның Мемлекеттік Туы салтанатты түрде әкелінгеннен кейін «Бозторғай» балалар хоры еліміздің Әнұранын шырқады. Салтанатты шара әрі қарай Универсиадағы қатысушы командалар шеруіне ұласты. Спорттық додаға қатысуға келген Ауғанстан, Андорра, Аргентина спортшылары алаңға бірінші болып шықса, одан соң Армения, Австралия, Австрия, Әзірбайжан, Беларусь, Бельгия, Бразилия, Болгария, Канада, Чили, Қытай, Чехия, Эстония, Финляндия, Франция, Грузия, Германия, Греция, Гонконг, Венгрия, Иран, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Латвия, Литва, Малайзия, Мексика, Моңғолия, Мароккодан келген қатысушылар бой көрсетті. Одан әрі шеруге Нидерланд, Жаңа Зеландия, Норвегия, Парагвай, Польша, Румыния, Ресей, Сербия, Словакия, Словения, Швеция, Швейцария, Тайбэй, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Уганда, Украина, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия, АҚШ, Өзбекстан спортшылары шықты. Алаңға ең соңғы болып шыққан Қазақстан құрамасын жанкүйерлер үлкен қошеметпен қарсы алды.  Қысқы Универсиадада ел намысын Денис Тен, Юлия Галышева, Жұмағазиев Нұрберген, Алдабергенова Жанбота, Станислав Балкин, Абзал Әжіғалиев, Бекжанов Айдар, Браун Максим, Пантов Антон бастаған спортшылар қорғамақ. Қатысушылар шеруі аяқталғаннан кейін ашылу рәсімі шоу-бағдарламамен жалғасты. Шетелден келген қонақтар Қазақстанның тарихы, салт-дәстүрі, болашақ жоспарлары жайлы сахналанған қойылымдар, бейнероликтер тамашалап, қазақ өнерпаздарының өнеріне қол соқты. Қысқы Универсиаданың басталуымен барша қатысушыларды құттықтаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев спортшыларға сәттілік тіледі. "Санаулы сәттерден соң ақбас Алатаудың баурайында Универсиада алауы жағылады... Меймандарымыз байрақты бәйге кезінде еліміздің қонақжайлығына көңілі толып, таңғажайып табиғатына көз қанықтырады деп сенемін. Баршаларыңызға тағы да Қазақстанға қош келдіңіздер деймін... Әлем көз тіккен әйгілі спорт мерекесі баршаларыңызға құтты болсын", - дейді Назарбаев. Одан кейін сөз Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахқа беріліп, Универсиаданың жалауы көтерілді. Халықаралық студенттік спорт федерациясының гимні қойылды. Ел құрамасы атынан ант беру құрметі Айза Мамбековаға және Асқар Валиевке берілді. Сахнаға алау ұстаған 16 спортшы шығып, Универсиада алауы жағылды. Президент Универсиада ойындарын салтанатты түрде ашық деп жариялады. Айта кетейік, Алматыда алауы жағылған 28-ші Халықаралық университеттік ойындар ақпанның 8-іне дейін созылатын болады. Спортшылар спорттың 12-түрінен 85 медальді сапарқа салмақ.