«Әкем тоқып береді»: 52 жастағы азаматтың өнері елді тәнті етті

«Әкем тоқып береді»: 52 жастағы азаматтың өнері елді тәнті етті

«Әкем тоқып береді»: 52 жастағы азаматтың өнері елді тәнті етті
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстанда 52 жастағы ер азамат тоқыма тоқып, тұрғындарды талантымен тәнті етіп жүр. Бала кезден қолөнерге әуес болған ол мұндай қызығушылығын көпке дейін жұрттан жасырып келіпті деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. Алайда шын шебердің өнері қазір жұртқа танылды. Александр Гармашовтың бұйымдарына, тіпті, шет елден тапсырыс беретіндер бар. Александр Гармашовтың қолынан 5 жасынан бастап біз бен жіп түскен емес. Сондықтан болар, тоқуға керек заттың  бәрін жинап жүреді. Арасында темірден  жасап алған ескі біздері де бар. Александр бастапқыда бұл өнерін көпшілікке көрсетуге  қатты қысылыпты. Ал қазір бұйымдары  әлеуметтік желіде танымал. Өнерлі әкеге ұл-қызы қолдау көрсеткен.
«Бұл өнеріңізді әлеуметтік желіге салайық, елге көрсетейік деп ең алдымен қызым ұсыныс жасады. Мен бірден келіскен жоқпын. Өйткені, қоғам қалай қабылдар екен, балаларымның бетіне басар ма екен деп жасқандым. Олардың пікірін тыңдап, қолдауын сезген соң ғана әлеуметтік парақшада насихаттауға рұқсат бердім», - деді Шемонайха қаласының тұрғыны Александр Гармашов.
Қазір Александрдың өнеріне бәрі сүйсінеді. Ең алдымен, әрине, қызы – Кристина. Сәнді бұйым көрсе болды, тек әкесіне ғана тапсырыс береді. Кардиган, кеудеше, шарф -  бәрі зауыттан шыққандай ерекше дизайнда.
«Осы киімдерді киіп шықсам, бәрі қызығып, қайдан алдың деп сұрай кетеді. Ғаламтордан сәнге айналған киім көрсем болды, әкеме айтамын. Тоқып береді», - деді А. Гармашовтың қызы Ксения Андронова.
Үйдегі кішкентайлардың қыстық киімдері де Александрдың қолынан шыққан. Оның сөзінше, тоқу ауыр ойдан арылтады. Шаршағанды басып, адамды сабырлы болуға үйрететін сиқыры бар. Тіпті, кейде математиканы шемішкеше шағуға тура келеді екен. Өйткені тоқыманың бір жібі артық, кем кетпеу керек.
«Мысалы, кеудешенің жеңін шығару үшін бір тоқығанда ілмек санын кемітіп, екіншісінде қосып отыру керек. Әйтпесе олпы-солпы болып дұрыс өнім шықпайды. Ал оның бәрі математика», - деді Шемонайха қаласының тұрғыны Александр Гармашов.
Есесіне қолөнершінің әр дүниесі тапсырыс берушіге құйып қойғандай боп шыға келеді. Ешкімде қайталанбайтын ерекше бұйымға қазір Ресейден, тіпті, Германиядан тапсырыс беріп жатқандар бар.