14 жастағы теннисші ересектер арасында чемпион атанды
14 жастағы теннисші ересектер арасында чемпион атанды
Астанада Қазақстанның қысқы чемпионаты мәресіне жетіп, 14 жастағы теннисші ересектер арасында ел чемпионы атанды деп хабарлады turkystan.kz Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, әйелдер арасында астаналықтар – 15-тегі Альбина Кәкенова мен одан бір жас кіші Ариана Гогулина бас жүлдені сарапқа салды.
Ширек финалдан бастап Ариананың кездесулері тартысты өтіп, үш сетке созылды.
Финал да солай болды. Бірінші партияда Альбина 6:4 есебімен басым түсті. Одан кейін екі сетте А.Гогулина таразы басын аудара білді – 6:2, 6:2.
Осылайша, Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет 14 жасар спортшы ересектер арасында жеңімпаз атанды.
Ал қола жүлде Айя Мырзақұлованы 0:6, 6:3, 6:4 есебімен ұтқан Әдемі Аманкелдіге бұйырды.