Құлдыққа сатылса да, қанындағы қайсар рухын жықпаған батыр
Құлдыққа сатылса да, қанындағы қайсар рухын жықпаған батыр
Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Негізгі мақсат – Бейбарыс сұлтан туралы соңғы мәліметтерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізу және оның мұрасын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау.
Конференцияға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, еліміздің және шет мемлекеттердің белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Бейбарыс Сұлтан дана басшы, көрнекті қолбасшы ретінде тарихта өшпес із қалдырғанын атап өтті. Сондықтан мұндай конференцияларды өткізудің аса маңызды екеніне тоқталды.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өз сөзінде осындай конференциялар арқылы тарихымызды танып, ұлы тұлғаларымызды ұлықтаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.
«Исі мұсылман жұрты Бейбарыс Сұлтанның даңқты есімін көне Мысырдағы Мәмлүк мемлекетінің теңдессіз билеушісі әрі оның қаһарман қорғаушысы ретінде ерекше ардақ тұтады. Жат елге жалшы болып айдалып, құны сұраусыз құлдыққа сатылса да, қанындағы қайсар рухын жықпаған, жігерін мұқамаған батыр бабамыздың есімі өскелең ұрпақ үшін қашанда үлгі-өнеге болуға тиіс.
Өткен жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ сахарасының батыры, жауынгер қолбасшы Бейбарыс бабамыздың 800 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуді тапсырған болатын. Осыған орай аталған дата 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізіліп, Үкімет деңгейінде Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары мен Мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітілді. Іс-шаралар жоспарына сәйкес мерейтойды еліміздің барлық өңірінде атап өту жоспарланды. Әрбір өңір әкімдігімен бекітілген өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл бойы 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес мәдени-танымдық, ағартушылық және ақпараттық бағытта 48 ауқымды іс-шара өтеді. Бүгін сол игілікті іс-шаралардың алдыңғы қатарында елордамыз үшін елеулі тарихи оқиға – Астана төрінде Бейбарыс сұлтан есімі берілген көше салтанатты түрде ашылды.
Сол маңызды іс-шараның жалғасындай, ұлы бабамыздың асқақ тұлғасын айрықша ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған бүгінгі халықаралық конференция да ұрпақ мұраты үшін игілікті іс деп білеміз. Мерейтой аясында 1989 жылы түсірілген қазақ режиссері Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» атты көркем фильмі 4К цифрлы форматына көшіріліп, бастапқы күйіне дейін қалпына келтірілді. Аталған фильм де киносүйер қауымға жол тартады», - деді Асхат Оралов.
Конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдар Бейбарыс Сұлтанның тарих пен өнердегі бейнесі жайлы, жастарға үлгі боларлық тұлғалық келбеті, Ұлы Дала өркениеті және Қыпшақ факторы тақырыптарында баяндама жасады.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ