Жетісудағы денсаулық саласының өзекті мәселелерін «AMANAT» партиясы шешуге атсалысады
Жетісудағы денсаулық саласының өзекті мәселелерін «AMANAT» партиясы шешуге атсалысады
Алдағы бес жылдықта Жетісу өрісті, келісті өңірге айналады. Бастысы, әрбір жетісулық қолайлы өмір сүретін аймақ болмақ. Ауыл шаруашылығымен қатар, кәсіпкерлік, денсаулық, білім салаларында өрелі тірліктер жүзеге асады. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстарға «AMANAT» партиясы ықпал етпек. Партия тек ықпал етіп қана қоймайды, өңір әлеуетін көтеретін бастамалардың басы-қасында болады. Міне, осындай тақырыптағы әңгімелерді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Арыстанғали Арын, Елдос Баялышбаев және Еркебұлан Ақболатовтар «Асар» спорттық-оңалту орталығында өткен кездесуде сөз етті.
Кандидаттар денсаулық сақтау саласында атқарылатын оңтайлы бастамаларға тоқталды. Өңірде 200 тарта дәрігер маман тапшы. 200-ден астам денсаулық сақтау мекемесі жалға берілетін және бейімделген ғимараттарда орналасқан. Мұндай кемшін дүниелерді шешу үшін етжеңді бастамалар керек.
«AMANAT» партиясы әрбір тұрғынның қолайлы ортада жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайды жасайды. Соның бір парасы - денсаулық саласын әлеуеттендіру. Осы ретте партия алдағы бес жылдықта өңірде 100-ге жуық медициналық нысан салуға септеседі. 34 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге ықпал етеді. Алғашқы дәрігерлік көмек ұйымдарына 255 бірлік медициналық жабдық сатып алып беріп, бұл ұйымдағы қажеттілік толықтай өтеледі. Осындай ауқымды жұмыстар өзегінде өңірдегі медицина жоғарғы стандарттарға сай болады», - деді Арыстанғали Арын.
Шара барысында кандидаттарға ұжым қызметкерлері мен ем алушылары тарапынан сауалдар жолданып, тұщымды жауаптар берілді. Емделушілер сапында алғыс білдіргендер де болды. Мерей Ноғайбек есімді емделуші «AMANAT» партиясына ілтипатын білдірді.
«AMANAT» партиясы қай кезде де жаңашылдықтың, игі бастамалардың бастаушысы деп білемін. «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» сынды партиялық жобалары арқылы біз секілді жандарға қолдау білдіріп жүреді. Мекеме басшысы Елдос Баялышбаев та аса мейірімді кісі. Үнемі бізді назардан тыс қалдырмайды. Осындай мықты, қоғамға жаны ашитын кісілердің депутат және нақ істер партиясының қатарында болуы шын мәнінде мақтанарлық дүние. Алдағы сайлауда «AMANAT» партиясын қолдау білдіреміз», - деді Мерей Ноғайбек.
Жиын соңында шараға қатысушылар естелік суретке түсіп, кандидаттарға жеңіс тілеумен тарқасты.
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.