Мектеп табалдырығын аттамай тұрып қазақ тілін үйрендім
Мен Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты Бақанас ауылында дүниеге келгенмін. Ауылда Нұршат және Абай есімді құрдастарыммен көрші тұрдым. Ол кезде қазақша білмеймін, үйдегілердің бәрі орысша сөйлейді. Әлгі екеуінің айтқанын түсінбесем де, олармен аулада жиі ойнайтынмын. Жаңылыспасам, ол кезде төрт жаста болсам керек. Бірақ «Осылай айтқаным дұрыс па?» деп олардың айтқанын қайталайтынмын. Олар болса, мені түзеп, бар білгенін үйрететін. Осылайша, мектеп табалдырығын аттамай тұрып, қазақша сөйлеуді үйрендім. Мектепте 11 жыл бойы орыс сыныбында оқыдым. Сөйте тұра, қазақ тілі мен әдебиетін сүйсініп оқыдым. Сөйтіп, ол тілді толық меңгергендіктен, қазақ тілінен республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Мектеп бітірген соң Алматыда М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының қазақ бөліміне оқуға түстім. Негізі, орыс бөліміне оқуға түскім келген. Себебі орысшам нашарлап кетті, қазір де нашар. Сондықтан орысшамды жетілдіру мақсатында орыс тобында оқуды қаладым. Грантқа түспесем, ақылы бөлімде оқуым екіталай еді. Мен ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Ата-анам ертеректе қайтыс болған. Атам мен әжем зейнет жасындағы кісілер болғандықтан, оқу ақымды төлеуге қаражаты жетпес еді. Қазақ бөліміне оқуға түскенімді университетке бірінші күні барғанда бір-ақ білдім. Аудиторияға келсем әр өңірден келген қазақтар жиналып отыр екен. Сосын менің басқа ұлт екенімді байқаған олардың өзара «Алинаға қазақша үйретеміз» деген әңгімесін естідім. Бірақ олар менің төрт жасымнан бастап үйрене бастағанымды қайдан білсін?! Алғашында олар менің қазақшаға судай екеніме таңғалды. Әрі мен сөйлегенде әдеби сөздерді көп қосамын. Мұны естіген олар одан сайын таңырқайды. Ондай сөздерді бұрын-соңды естімегендерін айтып, жаттап, келесі күні қолданып жүреді.Қазақстанға еңбегімді сіңіргім келеді
Көпшілік мені орыс ұлтынан деп ойласа керек Бірақ менің әкем – неміс, ал анам – орыс. Жоғарыда айтып өткенімдей, туғаннан ата-әжем бауырына салып өсірді. Атам бір жарым жыл бұрын қайтыс болды. Әжем қазір Бақанаста тұрады. 74 жаста. Ал «Қазақ тілін насихаттауды қолға алуыңызға не түрткі болды?» деген сұрағыңызға келсек, мен оқушы кезімнен қазақша сөйлеу, қазақ тілін үйретуді бәрінен биік қоятынмын. Университетке түскен соң қазақшаны насихаттауға деген құлшынысым тіпті арта түсті. Қазақ тілін үйренемін деушілерге өз әдістемем бойынша үйретіп, нәтижелі жұмыс істей бастадым. Тұрмыс құрып, декреттік демалысқа шыққан соң TikTok желісіне қазақ тілін тез үйренуге қатысты видеолар түсіре бастадым. Жеке парақшама аз уақыттың ішінде отыз мыңға жуық қолданушы жазылып, біраз адамның қазақша үйренуіне себепші болдым. Бірақ кейіннен бұлМенің сабағыма 12-85 жас аралығындағы адамдар қатысады
Алматыны қоспағанда, басқа өңірлерден «Сіздің сабағыңызға қатысқым келеді», «Бізге онлайн форматта сабақ бере аласыз ба? Біздің қалада ашылған клубтың сабағына қатысып көрдік, бірақ сіз секілді түсіндіре алмайды» деп жазатындардың қарасы көп. Мен сабақты қарапайым тілде әрі қызықты етіп жүргізетіндіктен, басқаларға ұнайды деп ойлаймын. Мен алдымен қалай сөйлеуді үйретемін. Сосын сөйлем құрылысын түсіндіремін. Бәлкім, басқа ұлт өкілі болғандықтан, маған көбірек қызығатын шығар. Бірақ менен басқа қазақшаға судай басқа ұлт өкілі көп қой. Меніңше, барлығы адамның энергетикасына байланысты. Өз ісінен ләззат алып, сүйсініп істейтіндерді бірден байқап қояды. Сондықтан оларға ергісі келіп, олар секілді сүйсініп жұмыс істегісі келеді. Мен сізге бірдеңе айтайын, мектептегі мұғалімдердің бәрі мұғалім емес. Нағыз мұғалім деп кімді айтамыз? Нағыз мұғалім деп өз ісін жақсы көретін, көп нәрсе білетін, бірақ сол білгенін іште бұғып қалмай, өзгелерге үйрететін адамды айтамыз. Ал оқушы деп кімді айтамыз? Мектепке барғандардың барлығы оқушы емес. Бір нәрсе үйренемін, бірдеңеге қол жеткіземін деп талпынып тұрған адамды оқушы дейміз. Мен – нағыз мұғаліммін. Ал маған келетін үлкенді-кішілі талапкерлер – нағыз оқушылар. Мен аптасына екі рет, кешкі жетіден тоғызға дейін сабақ жүргіземін. Сабағыма 12-85 жас аралығындағы кемі елу адам қатысады. Кейбірі өз балаларын, енді бірі тіпті ата-әжелерін ертіп әкеледі. Әсіресе, 80-85 жастағы әжелердің қазақ тілін үйренгісі келетінін көріп, көңілің жібіп сала береді. Арамызда қазақ тілін білетін кәсіпкерлер де бар, бірақ олар деңгейін жақсарту үшін тырысып-бағып жүр. Оқушыларымның 2-3 пайызы ғана – шетелдіктер. Ресейден келген, сабақтан қалмайтын екі-үш орыс бар. Ауғанстаннан келген оқушым бар. Сосын дүнген азаматы бар. Ал қалғандары – осында тұратын өзіміздің қазақтар, орыстар, кәрістер, украиндар. Бірақ қазақтар көп, елу пайызын құрайды. Ал қалған елу пайызы – бір шаңырақ астында тату тұратын өзге ұлттар. Алдыма келген қазақтардан «Қазақ бола тұра, неге қазақ тілін білмейсіз?» деп сұрамаймын. Мұны орынсыз сұрақ деп есептеймін. Олардан қазақ тілін не мақсатта үйренгісі келетінін, мұнда келуіне не түрткі болғанын сұраймын. Қазақтардың дені «Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу – біз үшін ұят нәрсе» десе, кейбіреулері «Айналамызбен қысылмай, емін-еркін сөйлескіміз келеді» дегенді алға тартады. Екі-үшеуі «Мен өзім – қазақпын. Ұлтымның болашағы басқаның емес, менің қолымда ғой. Өзім қолымды кеш сермесем де, ұрпағым көзін ашқаннан-ақ сөйлесе деймін. Олардың басқа арнаға бұрылып кетпей, қазақ болып қалғанын қалаймын» деп курсқа келу себебін түсіндіреді. Бұрынғыдай емес, қазір қазақ тілін үйренушілер қатары көбейіп келеді. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тіліне қатысты мәселені жиі көтеріп жүргені әрі жұмысқа тұру үшін қазақ тілін білуі шарт екені себеп болуы мүмкін. Әрі ұлтым неміс бола тұра, қазақша акцентсіз сөйлейтінім көп қазақтың намысына тиеді деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде қазақтар «Сіз қазақша жетік білгенде біздің білмегеніміз ұят шығар» деп жазады. Бәлкім, бұл да олардың қазақ тілін үйренуді ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастағанына сеп болған шығар.«Қазақшаны қалай үйрендің?» деген сұрақтар шаршатып жіберді
Мен қоғамдық жерлерде, таксиге мінгенде қазақша сөйлемеуге тырысамын. Қазақша сөйлей жөнелгенімді көрген адамдардың «Қазақшаны қалай үйрендің?», «Акцентің жоқ қой. Ол қалай?» деген сұрақтары шаршатып жіберді. Кейде «Сіз осы қазақсыз ба?» деп сұрағанда «Иә, мен – қазақпын» деп құтылып кетемін. Ал кейбірде ауызы ашылып, сұрақты бірінен соң бірін төпелетіп қойғандарға жынданып «Аға! Біз Қазақстанда тұрып жатырмыз ғой. Қазақ тілін білгеніме несіне таңғаласыз?» деп айтып тастаймын. Сосын әлеуметтік желідегі жеке парақшама «Құрметті менің оқырмандарым! Егер сіз қазақ тілін жақсы білетін басқа ұлт өкілін көрсеңіздер, оларға «Қайдан үйрендің? Қалай үйрендің?» деген сұрақтар қоймаңыздаршы» деп жазып қоямын. Бірақ бәрібір сонда да сұрайды. Бір қызығы, қазір біреумен орысша сөйлессем, «Сіз орыс емессіз ғой, иә?» деп сұрайды. «Иә» десем, «Бәсе, көрініп тұр. Орысша біртүрлі сөйлейді екенсіз» дейді (күліп). Расында, орысша акцентпен сөйлеймін. Байқамай арасына қазақша әріптерді қосып жіберемін. Қазір курстан бөлек, үлкен фирмада корпоративтік қазақ тілінен сабақ беремін. Әрі қосымша аудармашы болып жұмыс істеймін. Сол кезде орысша мәтінді оқып отырғанда «Мұнда не жазылған?» деп басым қатады (күліп). Тілім орысша шықса да, орысшам қазір нашар.Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ