«Жас кезімнен техникаға қызығып өстім. Электрик болып жұмыс істеп жүрген кезде де біраз техниканың тілін меңгердім. Басында диірменмен халықтың ұнын тартып беріп, нәпақамды тауып жүретін едім. Кейін мұндай кәсіппен айналысатын адам көбейіп кетті. Сөйтіп, ойыма түрлі идея келіп, түрлі аппаратты құрастыра бастадым. Елге келген соң отбасын құрдым. Бес баламыз өмірге келді. Алайда 1999 жылы жұбайым дүниеден озды. Бұл жағдай бізге оңай тиген жоқ. Ол кезде кішкентай қызым екінші сыныпта оқитын еді. Өзіме екі есе жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Бәрінен бұрын балаларымның болашағын ойладым. Оларды бағып-қағып қана қоймай, жақсы тәрбие мен білім алуына жағдай жасауға қолымнан келгенше тырыстым. Өмірімді балаларыма, еңбекке арнадым. Құдайға шүкір, балаларым үмітімді ақтады. Ішінде жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіргендері де бар. Қыздарымды құтты жеріне қондырдым, ұлдарым да отбасын құрып, бір-бір маман иесі болды. Бәрін еңбекке үйреттім, спортпен айналысуына да мән бердім. Өйткені бұл ер бала үшін маңызды. Қазір немерелерім бар. Үлкен ұлым Жәнібек те техникаға әуес, қасымда жұмыс істеп жүр», – дейді Бейбітшілік Әліқұлов.
«Жем тартып, шөп турайтын құрылғылардың, жалпы техниканың өндіру қуаты күшті болса деймін. Өзінің көлемі кішкентай болғанмен, үлкен көлемдегі затты өндіруге қауқарлы болғаны жақсы. Негізі, өзім токарлық станокты жақсы меңгергенмін. Цехта диірмендердің тасын жонатын құрылғы да бар. Жақында Италиядан шыққан жаңа станок алдық. Жұмысымыз сапалы болуы үшін дәнекерлеуші аппараттың әр түрін алғанды жөн көрдік. Екі жыл бұрын досым «Сен грант ал» деп қалай құжат тапсырудың жолын көрсетті. Содан мемлекет тарапынан 5 миллион теңге грантқа ие болып, біраз құрал-жабдық сатып алдық. Әлі де алатын дүниелер бар. Істейтін жұмыс көп. Менің жұмысым – бәрін ойдан шығару. Мұның бәрі еш жерде сызылмаған, жазылмаған дүниелер. Сондықтан бұл істе қиялыма ерік беремін. Ойыма түрлі идея келгенде, оны жүзеге асырғанша асығамын. Негізі, тәжірибе жасап көруден жалықпайтын адаммын. Бірі ұнамай қалса, ойымда жүрген екінші идеяны іске асырамын», – дейді шебер.
«Қазір, өкінішке қарай еліміз тыңайтқыш ала алмай жатыр. Көп жұрт Калифорнияның шылаушынын әкеліп, соны жегізіп, тыңайтқыш жасап жатқанын көріп жүрміз. Грузия, Өзбекстаннан әкелетін тыңайтқыштың бәрінен сол күшті болып тұр. Бірақ ол жерде елеп, шашатын техника жоқ. Шаруашылықпен айналысып жүрген адамдардан «Грануляция жасап берсеңіз» деген ұсыныс түсіп жатыр. Тыңайтқышты түйіршіктеп, тұқыммен бірге екпекші. Негізінен, бұл – тиімді әдіс. Қазір осыған бас қатырып жатқан жайым бар. Сондай техниканың біреуін жасап та қойдым», – дейді Бейбітшілік Әліқұлов.
«Өзіміздің облыста, Төрткүл жақтағы шөлде мал ұстайтын жұрт бар. Олар түйелеріне жантақ береді. Ал жантақты турамаса, түйе жөнді жемейді. Одан кейін тұрғындар жүгерінің собығын алады да, паясын не істейтінін білмей отыр. Шаруаларға соның бәрін турайтын құрылғы істеп беріп жатырмын. Мұндай құрылғыны, әсіресе Ақтау, Атыраудан көп алады. Тағы бір айта кететін дүние, оңтүстікте былтыр алма жақсы өнім берді. Бірақ, өкінішке қарай көбі шіріп қалып кетті. Ешкім ештеңе істей алмады. Тіпті, сата алмай қалды. Өйткені көлемі өте көп еді. Осы жағдай біраз ойландырды. Тұрғындар да көл-көсір өнім босқа шіріп кеткеніне алаңдап, маған ұсыныс айта бастады. Енді бір машина алманы бір сағатта турайтын аппарат жасап шығармақшымын. Құрылғының көмегімен алманы турап, кептіріп, алмақақ жасалынады. Әскерде соны жедік қой», – дейді өнертапқыш.
«Ел құлағы – елу» демекші, тың идеясымен, еңбекқорлығымен жұртқа танылған шебер туралы ауыл әкімдері де естіп, цехына келіп, жұмысын көріп кеткен. Алайда атқамінерлер оның талай жылғы еңбегін елеп, ауыл, аудан, облыс көлеміндегі бірде-бір марапатқа ұсынбаған. Тіпті, көбі барып жатқан шипажайға жолдама алу үшін үш ай жүгіріп сол күйі бара алмапты. Ауылды көркейтіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып отырған осындай іскер адамдар емес пе?..
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ