Қаржы пирамидасының қақпанынан сергек сана ғана сақтайды

Қаржы пирамидасының қақпанынан сергек сана ғана сақтайды

Қаржы пирамидасының қақпанынан сергек сана ғана сақтайды
ашық дереккөзі

Аспаннан ақша жаудырып, бір тиынды бес тиын етудің «сиқырлы» жолын көрсетуге уәде ететіндер көп. Өкініштісі, бұған көзсіз сеніп, бар тапқанын бере салатындар да азаймай отыр.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, былтыр 32 мың қазақ­стан­дық қаржы пирамидаларына ақша сал­ған. Ал келген залал көлемі 5,7 мил­лиард теңгеге бағаланыпты. Бұл – тек жабылған істер бойынша есептелген шығын, ал жал­пы залал бұдан бірнеше есе асып тү­седі. Қаржы пирамидалары мен қаржы алаяқтарын түбегейлі жойып жіберу – утопия. Дегенмен олардың әсерін қалай азай­туға болады? Қазір қаржы пирами­да­лары қандай айла-тәсіл қолданады? Ұйым­ның сенімді немесе сенімсіз екенін бір-ақ сәтте анықтау мүмкін екенін біле­сіз бе? Мақалада осы сұрақтардың жауабы қамтылған.

32 мың адам алданған

Ең алдымен жағдайды толық тү­сіну үшін негізгі ресми мәлі­мет­тер­ге шолу жасап өтейік. Қаржы мониторингі агенттігінің өт­кен жылды қорытындылаған дерегіне сүйен­сек, былтыр 32 мың қазақстандық қар­жы пирамидаларына ақша салған. Бі­рақ олардың 1,3 мыңы ғана жәбір­лену­ші деп танылыпты. Бұл алдан­ған­дардың 4 пайызы ғана. Қолды болған ақшаға келсек, аяқ­тал­ған істер бойынша шығын 5,7 мил­лиард теңгеге бағаланды. 2021 жылы қар­жы пирамидаларынан келген шы­ғын 3,7 миллиард теңге болыпты. Сол жылы Ішкі істер министрлігі Тергеу де­партаменті қаржы пирамидаларының 31 мың салымшысының шығынын 54 миллиард теңгеге бағалаған, деген­мен бұл статистикаға аяқталмаған істер бойын­ша деректер кірген. Яғни, өткен жылғымен салыс­тыр­ғанда шығын едәуір өсіпті. Бұ­ған сәйкес, екі түрлі болжам айтуға бо­лады. Бірінші, пирамидалардың саны, схемасы көбейген, осылайша жә­бірленушілер саны да артып отыр. Екінші, қаржы пирамидаларына қарсы күрестің нәтижелері өнім­ді­рек болды. Нәтижесінде, анықталған заң бұзу фактілері де көбейген. Fingramota.kz дерегінше, коро­навирус пандемиясы басталғанда қаржы пирамидаларының саны кө­бей­ген. Мұндай өзгеріс тек бізде емес, жал­пы әлем бойынша байқалыпты. Коро­на­вирустан кейін де, яғни биыл 29 пи­ра­миданың жолы кесіліп, қызметі тоқ­та­ған. Бұл 2021 жылғы жағдаймен са­лыстырғанда 2,3 есе көп.  width= Заманына қарай амалы

Әуелде айтып өткеніміздей, уа­қыт өткен сайын қаржы пи­ра­мидаларының өзі де, схемалары да түр­лене береді. Ең алғашқы қаржы пи­рамидасы 1919 жылы АҚШ-та пайда бол­ды. Содан бері Понцидің жолын қу­ған­дар мыңдаған қаржы пирамида­сын құрған. Ал елімізде ең алғашқы қаржы пи­ра­мидасы 1994 жылы анықталды. Со­дан бері 30 жылға жуық уақыт өтіп, қар­жылық сауаттылық деңгейі өсті де­сек те, әлі күнге дейін табысқа кенеле­тініне сеніп, бар жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салатындардың саны азаймай отыр. Негізінен, қазір қаржы пирами­да­сының негізгі 16 схемасы бел­гілі. Дегенмен жаңа заманғы тех­но­ло­гиялардың ықпалымен олардың жұ­мысы да өзгерген. Мәселен, былтыр азаматтарды алаяқ­­тық схемаларға тарта­тын, қаржы пирамидаларының қыз­ме­тін жарнамалайтын 13 мың интернет сіл­­теме мен аккаунт бұғатталыпты. Ес­­те­ріңізде болса, бұған дейін танымал бло­­герлер күдікті деп танылған бірнеше оқи­ға тіркелген еді. Сол істердің біразы әлі жалғасып жатыр. Былтыр пира­ми­даға қатысы бар блогерлер шетелге қа­­шып кеткен жайттар да тіркелді. Одан бөлек, қылмыстық әрекеті сотта дәлелденген қаржы пира­ми­даларына қайта қаражат тарту жағ­дайлары жиілеп кетіпті. Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі LV Force, World Business Con­­sulting, The Finico, Caspian Crocus, B2B Jewelry, «ПК Елімай-2019», «Мебель­ный проект Нур», «Лидер», «Лидер капи­тал-168», «Нарымбетова», Hermes-LTD сияқты қаржы пирами­дала­ры­ның жолы кесілген еді. Дегенмен олар қарапайым мес­сенджерлерден бастап білім беру курстары мен жылжымайтын мү­лік сатып алуға дейін әртүрлі қызмет түр­лерін ұсынып, азаматтардан ақша алу­­дың қылмыстық схемаларын қайта ұйым­дастырған. Оларға сеніп, қайтадан ақ­ша салатын азаматтар саны да аз бол­маған. Оған қоса, қаржы пирамидалары адам жинау кезінде түрлі пси­хо­логиялық, манипуляциялық әдісті қолданады. Ол адам сіздің ең жақын құр­быңыз, досыңыз, сыныптасыңыз, тіп­­ті туысыңыз болуы әбден мүмкін. Ал­данғандардың көбі жақын адамының кеңесін жат көрмегендіктен опық жей­ді. Қысқасы, қаржы пирамидаларын құрушылар азаматтардың қаржылық сауатының ақсаған тұстарын өз мүдде­леріне шебер қолдана біледі. Жәбірленушілердің шағымдарында да адамдардың басым бөлігі алаяқтар біз­­дің қаржылық тұрғыда көп нәрседен ха­­барсыздығымызды пайдаланатынын ай­тады екен. Алданғандар өрескел қа­те­ліктер жіберді, алдын ала оқып, та­ныс­­­пастан құжаттарға қол қояды, мүл­­­де жоқ сандық валютаны элект­рон­ды қызметтер арқылы сатып алды, шет­­елдік компанияларға, күмәнді шот­­тарға ақша аударды. Оңай олжа опа бермейді Жалпы, 2022 жылы қаржы пи­ра­мидаларын ұйымдастыру фак­тісі бойынша 85 қылмыстық іс аяқ­талған. 15 іс бойынша үкім шығарылып, 23 адам сотталыпты. Жәбірленушілерге 8,3 млрд теңгеге залал өтеліпті. Қаржы мониторингі агенттігі де қар­жы пирамидаларымен күресте соң­ғы технологиялар мен әдістерді қол­да­нып отырғанын мәлімдеген. Мәселен, қа­зір жалған шот-фактураларды жазу, бюд­жет қаражатын ұрлау және қаржы пи­рамидалары сияқты қылмыс түрлері жа­санды интеллект элементтерін қол­дану арқылы анықталады екен. Бұл – пирамидалармен құқықтық тұр­ғыдағы күрес және оның қау­қары алаяқтардың жолын алдын ала кесу­ге толық жетпейді. Сондықтан қо­ғам­дық күрестің маңызы зор. Ол үшін әр азамат өзінің қаржылық сауатын жетілдіріп, мәселеге суық ақылмен зер салуы керек. Жалпы, қаржы пирамидалары­ның ең басты және негізгі бел­гісі – көл-көсір пайдаға кенелтуге уә­де беру немесе сендіру. Егер кімде-кім на­рықтағы жағдайға қарағанда оңайы­рақ пайда табудың жолын айтса, оған ер­меген жөн. Екінші белгісі – компания нақты экономикалық немесе инвести­ция­лық тұрғыда жұмыс атқармайды. Яғни, қаржы пирамидалары әдетте тауар өндіру не сату, несие беру, құры­лыс немесе құрылыс компаниялары­ның затын сату арқылы жұмыс істейді. Үшінші белгі – мұндай жобалар­дың материалдық-құқықтық ба­за­сы жоқ, яғни мұндай компаниялар қар­жылық есептілігі жоқ, келісімшарт жа­саспайды, келісімшарт болса да, ұйым­дастырушылардың өз пайдасына жа­салған және еліміздің заңнамасына сәйкес келмейді. Пирамиданың төртінші белгісі – компанияның жан-жақты қыз­меті, ол тұтастай алғанда өздерінің бел­­гілі бір нәрсемен айналыспайтынын жа­сыруға бағытталады. Бесіншісі – әлеуметтік желілердегі, интернеттегі жарнамалар. «Жар­на­ма туралы» заңға сәйкес, БАҚ-та осын­дай жарнамалардың таралуына тыйым салынуына байланысты осы «биз­нестің» барлығы әлеуметтік желі­лер мен мес­сенджерлерде таралып жатыр. Алтыншы және өте маңызды белгі-сі – қаржылық реттеуші лицензиясының болмауы. Егер сыйақы мерзімі мен мөл­шерлемесі көрсетілсе, кез келген са­лым­ды депозит деп тануға болады. Ха­лық­тан қаражат қабылдау үшін Ұлттық банк­тің лицензиясы талап етіледі, ол екін­ші деңгейдегі банктерде бар. «ҚР Екін­ші деңгейдегі банктерінде орна­ластырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңға сәйкес, банк­тер ғана салынған қаражаттың қай­тарылуына кепілдік береді.

Байқа, пирамида!

Одан бөлек, қазір компанияның қаржы пирамидасына жата­ты­нын не жатпайтынын қолыңыздағы смартфонның көмегімен бір-ақ сәтте анықтай аласыз. Қаржы мониторингі агенттігі әзір­леген Telegram мессенджеріндегі бот аза­маттарды қаржы пирамидаларына тар­татын алаяқтардан қорғануға кө­мек­теседі. Бот «Байқа, пирамида!» деп ата­лады. (боттың сілтемесі: t.me/BAIQApiramidaBOT). Одан бөлек, шағым да қалдыруға болады. 2022 жылдың қоры­тын­­дысы бойынша Telegram-ботқа аза­­­­маттардан 1 мыңнан астам өтінім түскен екен, олардың 900-ден астамы қа­ралған. Сонымен қатар бұл оларды ер­те анықтауға сеп болады. Пайдаланушыға компанияның немесе ұйымның сайтына, Instagram парақшасына, Vkontakte тобына не­месе Telegram арнасына сілтеме ен­гізу жеткілікті. Сонымен қатар сізге табыс ұсы­натын компанияны БСН арқылы тексеруге болады. Қаржы мониторингі агенттігінің ресми сайтынан да анықталған қаржы пирамидаларының тізімін таба аласыз. Telegram-дағы @fkazanswerbot бо­тын да айтып өту керек. Кү­мән­ді компанияның атауын, мекен- жайын, қаржылық, инвестициялық не­месе ақша табуды, қор нарығында ақ­ша табуды үйрету жолдарын немесе сан­сыз тауларға бірден кепілдік беретін кез келген компанияның сипаттамасын жі­бере аласыз. Канал авторлары ком­панияны тексеріп, кейінірек нәтижесін жариялайды. Ал белгілі бір компанияға шағым­дану үшін Қаржы мониторингі агент­тігімен байланысу керек.

Эльдар ШАМСУТДИНОВ, экономист: Мәселе – қаржылық сауаттылықта

Қазір қаржылық сауаттылық өткен ғасырдың 70-жылдарындағы кибер­не­тика сияқты. Бұл туралы барлығы ай­та­ды, бірақ оның не нәрсе екенін, қан­дай әсері барына нақты ешкім тоқтала алмайды. Одан бөлек, қазіргі біздің қар­жылық сауаттылық туралы түсіні­гі­міз кәдімгі банк картасы арқылы жа­са­латын операциялардан әрі аспайды. Яғни, картадан ақша шешіп алдың, бан­коматтағы ақшаның өзі қаржылық сауаттылық деп есептеледі. Қаржылық сауаттылыққа байланысты декомпо­зи­циялық көрсеткіштерге сәйкес, қаржы пирамидаларына ақша салатын азамат­тардың қаржылық сауаттылығы ақсап тұрады. Бізде қаржылық сауаттылыққа байланысты жарытып ештеңе үйретпейтін қосалқы білім бағдарламалары бар. Жалпы, азаматтар өзінің жеке қаражатын басқаруға көбірек мән бергені жөн. Ал бұл нәрсеге ой керек, білім керек, өте қатал тәртіп те қажет деп айтуға болады. Қаржылық сауаттылыққа баулу бәрібір де ең алдымен мектептерден басталуы керек. Оның методологиясына да өте көп уақыт кетеді, соның ішінде осы салада сарапшыларын тарту керек болады. Бизнес тренерлер мен әртүрлі «инфосыған» бло­гер емес, нақты қаржылық операциялармен жұмыс істейтін нарықтағы ма­ман­дар, барлық құрылымды түсіндіріп бере алатын сарапшылар қажет. Өйткені бізде білімді мамандар болғанымен, документалды бөлім жоқ деуге болады. Негізі, қаржы пирамидасы деген ұғымның ауқымы өте кең. Брокерлерді, құрылыс компанияларын қаржы пирамидасына жатқызуға болады. Тіпті, крип­тооперацияларды жаһандық қаржы пирамидасы деп есептеуге болады. Ал егер халықтан ақша алудың примитивті операциялары туралы айтар бол­сақ, иә, оның түрлі жолы бар. Бірақ қазір орныққан бір схема бар. Соған тоқ­талып өтейін. Алдымен сайт түріндегі алаң құрылады. Олар сізді сол сайт ар­қылы Тelegram-дағы жабық канал немесе группаға бағыттайды. Сол жерде әжеп­тәуір аудитория жиналғанда, ақша жинау басталады. Сайттың жарнамасы әлеу­меттік желілер арқылы, контекстік рекламалар, блогерлер арқылы жүр­гізіледі. Міне, осы негізгі механизм. Қаржы пирамидаларының әсерін төмендету де өте кең түсінік. Бұл мәселеге бай­­ланысты өте көп нәрсені қозғауға болады. Соның ішінде кәдімгі, қалыпты биз­­нестің жұмысына кедергі келтіріп, шектейтін жағымсыз нәрселер де кіріп кетуі мүмкін. Бірақ Қаржылық мониторинг агенттігі өте жемісті жұмыс атқарды деп есептеймін. Қаржы пирамидаларының объективті әсері олар туралы айтыла бас­­тады, әртүрлі кейс мысал бар, осының арқасында халық қаржы пира­ми­да­лары­ның не екенінен хабардар бола бастады және бұрынғыдай оңай алдап соғу оңай емес. Бірақ менің бір конспирологиялық теориям бар: біздің қаржы нарығында бұрын халықтан ақша жинауға қатысқан ойыншылар бар. Олардың пайда болуы 2020 жылдан бастап қаржы пирамидаларының тағы бір толқынын тартты.

Қорыта айтқанда, алаяқтардан қорғану үшін қоғамдық иммунитет керек. Ол қаржылық сауаттылықтың деңгейімен өлшенеді. Тек сергек сана, сыни ойлау, халықты барынша ақпараттандыру арқылы қаржы алаяқтарының жолын кесуде нақты нәтижелерге жете аламыз.