СҚО ауылдарындағы үйлердің 40%-ына ғана жылу қосылған

СҚО ауылдарындағы үйлердің 40%-ына ғана жылу қосылған

СҚО ауылдарындағы үйлердің 40%-ына ғана жылу қосылған
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысының ауыл-аудандарында 690 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 40%-ы ғана орталықтандырылған жылыту желісіне қосылған деп хабарлады turkystan.kz. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов былтыр өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жоспарлармен бөлісті. СҚО-ның аудандарында қазіргі уақытта 10 мыңға жуық пәтері бар 690 көпқабатты үй бар, соның 40%-ы ғана орталық жылыту желісіне қосылған. «Бұл үйлердің барлығына кезінде орталықтан жылу берілген. Істен шыққан жүйені біртіндеп қалпына келтіріп жатырмыз. 2019-2022 жылдар аралығында 3,6 мыңға жуық пәтері бар 115 көпқабатты үй жылуға қосылды. Бұл жұмыс биыл жалғасын табады. Айыртау ауданында – 2, Ақжарда – 5 үйді орталық желіге қосу жоспарда бар», - дейді Павел Шилов. «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр жылумен қамтуға байланысты 4 жоба жүзеге асты. Бұл мақсатқа 860 млн теңге жұмсалды. Соның ішінде Новоишимкада 607,7 млн теңгеге орталық қазандық және Саумалкөлде 66,9 млн теңгеге орталық қазандық салынды. Бұдан басқа, Саумалкөл мен Бескөлде жылу желілері тартылған. «Осы 4 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 5700 адам тұратын 45 көпқабатты үйді және бірнеше әлеуметтік нысанды орталықтандырылған жылу желісіне қосу мүмкін болды. Былтыр облыстық бюджет есебінен Мамлют ауданында жылу желісінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 188 млн теңге, оның 95 млн теңгесі былтыр игерілді. 6,9 млрд теңгеге Новоишимка, Тимирязево, Талшықта жылу желілерінің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ Тимирязевода орталық қазандықты салу жоспарда бар. Қазір екі жобаның құжаттары әзірленіп, қаржы бөлінуі үшін тиісті министрліктерге жіберілді», - дейді Павел Шилов.