Универсиада алауын қала әкімі Бауыржан Байбек бастап жүгіреді
Универсиада алауын қала әкімі Бауыржан Байбек бастап жүгіреді
Алматы қаласы 28-ші дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындарына тастүйін дайын. Соңғы пысықтау шараларына тағы бір тоқталып өткен Нысандарды басқару және қызмет көрсету департаментінің басшысы Сергей Цыбенко айтулы спорт мерекесін өз деңгейінде өткізуге атсалысатындығын жеткізді.
«Сұңқар» трамплин кешенінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Универсиада ойындары өтетін спорт нысандарының дайындығына нүкте қойылды. «Біз Универсиадаға ұзақ жылдар бойы дайындалдық. Бұл біздің мемлекетіміз үшін маңызы зор шара. Барлық нысандар толықтай дайын. Дайындық барысында нысандардың бәрі сертификаттаудан өтті. Бұдан былай еліміз үлкен ауқымдағы спорт шараларын өткізуге сақадай-сай», - деді Нысандарды басқару және қызмет көрсету департаментінің басшысы Сергей Цыбенко.
Оның айтуынша, 28-ші қысқы Универсиада ойындары өтетін 9 нысанның бәрі соңғы заманауи құралдармен жабдықталған, модернизацияланған. Оның жетеуі Алматыда, қалған екеуі Алматы облысында орналасқан. Халық екі нысанның салынып, пайдалануға берілгеніне куә. «Алматы-Арена» 12 мың, ал «Халық-Арена» 3 мың көрерменді сыйдыра алады. Сондай-ақ, екі нысанда да сырғанайтын мұзайдыны бар. Бұл нысандар жайында Сергей Цыбенко: «Нысандардың барлығы қажетті бүкіл заманауи әлемдік стандарттарға сәйкес келеді, түптеп келгенде, олар ТМД аумағындағы ең үздік спорттық ғимараттардың бірі саналады. Алматы Олимпиада ойындарын өткізуге де өтінім жолдағандықтан, барлық спорттық нысандар және де атлеттер ауылы соңғы технологияларды ескере отырып салынды. Осы нысандарда ең жоғары деңгейдегі халықаралық сайыстарды, соның ішінде олимпиада ойындарын өткізуге болады. Бұл озық үлгіде жетілдірілген, ең заманауи нысандар. Сондай-ақ, біздің спорт алаңдарымыз әмбебап, онда спорттық іс-шараларды ғана емес, коммерциялық, ойын-сауық түріндегі іс-шараларды өткізуге болады. Бізде осыған дейін салынған нысандар, атап айтқанда, шаңғы трамплиндер кешені, «Медеу» жоғары таулы мұзайдыны, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы туралы айтар болсақ, онда бірқатар қайта құру жұмыстары жүргізіліп, кез келген жарысты өткізуге жағдай жасайтын ең соңғы жабдық сатып алынды», – дейді.
Сондай-ақ, «Сұңқар» трамплин кешенінде журналистерге арналған баспасөз орталығы ашылды. Мұндай орталық әр спорт нысанында жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, журналистерге үздіксіз жұмыс істеу үшін жағдай жасалған. Және де журналистер үшін спорт нысандары арасында арнайы көлік қатынайды. Сол сияқты тілші қауымының жеңімпаздармен сұхбат алуы қарастырылған.
Айта кету керек, 500-ден аса журналист Универсиада ойындарын тамашалап, халыққа хабар таратады. Оның ішінде 90 тілші өзге мемлекеттерден келеді. Ал эстафета алауын 29 қаңтарда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған жүз шақты адам ұстап, жүгіріп өтеді. Оның ішінде қоғамның белді қайраткерлері, спорт майталмандары, сондай-ақ студенттер бар. Атап айтқанда, тізімде Жақсылық Үшкемпіров, Амалбек Тшанов, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Дмитрий Баландин, Қайрат Боранбаев, Ольга Шишигина, Ардақ Назаров, Сәбина Алтынбекова, т.б. бар. Тіпті, тізімде өнер адамлдарынан Қарлығаш Мұхамеджанова, ақын Болатбек Оразбаев, кинорежиссер Ақан Сатаев, Әли Оқапов, т.б. бар.
Алматы қаласында өтетін 28-ші қысқы Универсиада ойындарының сәтті өтуіне Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімшілігі де атсалысуда.