Қазақтар етті ешқашан «бешбармақ» демеген – Анар Фазылжан

Қазақтар етті ешқашан «бешбармақ» демеген – Анар Фазылжан

Қазақтар етті ешқашан «бешбармақ» демеген – Анар Фазылжан
ашық дереккөзі
Қазақтың басты ұлттық тағамының бірі -  «бешбармақ», бірі «бесбармақ», тағы бір аймақта «ет» деп атап жүр. Негізгі атауы қандай? Бұл туралы белгілі ғалым, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Дұрыс сөйлейік» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.  «Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде ұлттық тағамымыздың аты «ет» деп аталады. Ет асайық, еттің наны, еттің сорпасы дейді. Бешбармақтың сорпасы, бешбармақтың наны деп айтпайды», - дейді тілші-ғалым. Оның айтуынша, «бешбармақ» сөзін орыстілді ортада көп жүретін қазақтар қолданады. Қазақи ортада  атадан келе жатқан асын ешбір қазақ «бешбармақ» деп атамайды. «Алғаш қазақ жеріне қоныс тепкен орыс ұлтының өкілдері қазақтардың бес саусағын малып, етті қолмен жеп жатқанын көреді. Олар әдеттегідей қасық сұрайды. Сол кезде қазақтар: «Мына бес саусағыңмен же», - дейді. Содан кейін олар бұл ас түрін «бешбармақ», «бесбармақ» деп атап кеткен. Этимологиясын осылай түсіндіретін де адамдар бар. Мен сол этимологияны түсіндірген кісілерді қолдаймын. Ал қазақтар ешқашан дәстүрлі тағамын, яғни етті «бешбармақ» деп атамаған. Сондықтан қазақи ортаға келген кезде осы сөзді айтпаған абзал. Бұл – орыс мәдениеті тұрғысынан біздің ұлттық асымызға берген атауы», - деп жауап берді Анар Фазылжан.