Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы сайлауалды штабының жұмысымен таныстырды

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы сайлауалды штабының жұмысымен таныстырды

«AMANAT» Республикалық сайлауалды штабында партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдерін кандидаттардың үгіт-насихат және үйлестіру орталықтарының, қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, коворкинг алаңының, сондай-ақ штабтағы жастар секторының жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, қазір еліміз бойынша аудан, облыс және республикалық деңгейде республикалық штабтар жұмыс істеп жатыр.  «226 өңірлік және аумақтық сайлауалды штаб жұмысына 7,5 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Сайлау науқаны басталғаннан бері еліміздің барлық өңірінде 300 000 сайлаушыны қамтыдық. 1 млн-ға жуық үгіт-насихат материалдары таратылды. 200 мыңға жуық агитациялық материалдар  жабыстыруға рұқсат берген стенд пен дүңгіршектерге орналастырылды», - деді Атқарушы директор. «AMANAT» партиясынан Мәжіліске 90 кандидат ұсынылған.  «Бір кандидат өз өңірінде, мәселесін білетін өңірлерде күнделікті кем дегенде 6-7 іс-шара ұйымдастырып жатыр. Оған қоса 29 бір мандатты кандидат бар. Олар жеке кестелері бойынша халықпен кездесіп жатыр. Мәжіліс пен мәслихатқа ұсынылған 4 мыңға жуық кандидат өңір-өңірде кездесулер өткізуде. Жалпы сайлау қорытындысы бойынша 1 млн-нан астам азаматты қамтыған 30 мыңнан астам кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – тікелей кездесулер. Одан бөлек, әлеуметтік желідегі жұмыстар бар. Біз мейлінше, әлеуметтік желі арқылы азаматтарды қамтуға тырысып жатырмыз. Сенбі, жексенбі күндері мобильді топтар базар, сауда орталықтарының жанында азаматтардың ұсыныс, тілектерін қабылдайды. Сондай-ақ «Есіктен есікке» іс-шарасы аясында әрбір үйге кіріп, түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр», - деді ол. Жастар секторы штабында белсенді жақтастардың қатысуымен кездесулер өтеді. Олар сайлауалды бағдарламасын жастардың тілімен халыққа жеткізу үшін әлеуметтік желіде креативті идеяларды топтастыру арқылы жүзеге асырып жатыр. Штаб өкілдері өзге жастардың ұсыныс, пікірлері ескеріліп, күнделікті түрде блогтар түсірілетінін айтты. Айта кетейік, штаб құрамына партияның 486 белсенді жақтасы кірді. Сайлаушылармен кездесу кестесі дайындалды. Сондай-ақ, бұл жұмысқа үміткерлердің 27 мыңнан астам сенімді өкілі де қосылды.