Жаңалықтар

Жоғарғы Сот Президентке саяси реформаға қатысты ұсыныстарын берді

ашық дереккөзі

Жоғарғы Сот Президентке саяси реформаға қатысты ұсыныстарын берді

Қазақстанның Жоғарғы Соты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтарының құзырын үлестіру туралы бастамасына орай бірқатар ұсыныстар әзірледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат. «Алдағы уақытта билік тармақтарының құзырын қайта қарау бойынша жұмыстар басталады, соның ішінде құқықтық кеңістікте едәуір өзгерістер орын алады, бұл істе сот жүйесі де тыс қалмайды. Өздеріңіз білесіздер, Президент тапсырмасымен Үкіметте арнайы комиссия құрылды. Жоғарғы Сот алдағы реформаларға қатысты өзінің ұсыныстарын енгізді», - деді Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми. Оның сөзінше, ұсыныстар негізінен сот жүйесін, сот өндірісі мен сот төрелігін жүргізу саласы бойынша Үкіметпен, Парламентпен және өзге де мемлекеттік органдармен байланысын қамтып отыр. «24 қаңтарда жұмыс тобының отырысына Мемлекет басшысы қатысты және Елбасына осы сауалдар бойынша бастапқы ұсыныстар баяндалды. Біздің салаға келетін болсақ, ең біріншіден, мемлекет Конституциясының кейбір нормаларына енгізілетін өзгерістер турасындағы ұсыныстар айтылды», - деді төраға судьялардың кеңейтілген отырысында. Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған. Еске сала кетсек, ҚР Президенті бүкілхалықтық талқылауға шығарған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізуге қатысты ұсыныстар 26 ақпанға дейін мына мекенжай бойынша қабылданады: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі, электрондық пошта - ap2017@akorda.kz.