Қазақ тілін үйрене бастаған ағылшындардың қатары артты

Қазақ тілін үйрене бастаған ағылшындардың қатары артты

Қазақ тілін үйрене бастаған ағылшындардың қатары артты
ашық дереккөзі
Лондонда қазақ тілін үйренем деушілердің қатары күрт артқан. Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдағаннан кейін олардың ана тілімізге деген қызығушылығы ояныпты деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. Ағылшындар сәлемдесіп, қоштасудан бөлек, қазақ тілінде ән айтуды да меңгеріп алған. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі Халықаралық тілдер күні қарсаңында, олардың басын қосып, ерекше шара ұйымдастырды. «Ұлыбритания және дүние жүзі» фан-клубының белсенді мүшелерін дала дауысымен дүниені дүр сілкіндірген дүлдүл әншіміздің өнеріне деген махаббат біріктіреді. Араларында Қазақстанға саяхаттағандар көп. Мәдениетіміз бен салт- дәстүрімізді көрген. Ұлттық тағамымыздан дәм татқан.
«Мен негізі бала күтімі бойынша колледж студенттеріне лекция оқимын. Фан-клубымызды 2022 жылдың тамызында аштық, бар болғаны 6 ай өтті. Күні кеше 1 000-шы мүшеміз қатарымызға қосылып, қатты қуандық», - деді фан-клуб төрайымы Джилл Бичeм. «Құлағымдағы сырға мен мойнымдағы алқаны Алматыға Димаштың концертіне барғанда сатып алдым. Тереза құрбым екеуміз көлге бардық, шатқалдарды да көрдік. Өте тамаша уақыт өткіздік», - деді фан-клуб мүшесі Луанна Кипинг.
Қазақ тіліне деген қызығушылық ағылшындардан өзге уэльс, португал, пәкістан, еврей халықтарының арасында да сұранысқа ие. Ұстаздары - Кәусар Ғалымжанқызы. Жасы онда. Бастауыш мектепте оқиды. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатыр. Қос тілге жетік бүлдіршін бұған дейін қазақстандық телеарнада балаларға ағылшынша үйретіп, тәжірибе жинақтаған. Енді ұлттық киім киіп, британдықтарға  қазақ тілін насихаттап жүр. Бұл күні Халықаралық фан-клуб мүшелері қайырымдылық шарасын да өткізді. Қоғамдық ұйымға қаражат жинап берді. Ол ақшаға жетім немесе әлеуметтік аз топтағы балаларға музыкалық аспаптар сатып әпермек.
«Біз әзірге 1 млн теңге жинадық. Науқан әлі де жалғасып жатыр. Бұл сома еселене түседі деп сенеміз. Болашаққа құрған бірқатар жоспарларымыз бар», - деді фан-клуб мүшесі Джилл Бичeм.
Халықаралық тілдер күні қарсаңында өткен кеште түрлі ұлт өкілдері өз тілдерінде өлең оқыды. Димаштың шығармашылығына қатысты танымдық сұрақтарға жауап берілді. Өнер иесі бес жыл бұрын Лондонда концерт қойғаны белгілі. Жанкүйерлері сүйікті әншілерін Ұлыбританияға тағы келуін күтіп жүр.