«Ғалия, жинал!» деген айғайдан соң есімді жидым» – Ғалия Тыныбаева
«Ғалия, жинал!» деген айғайдан соң есімді жидым» – Ғалия Тыныбаева
Жақында Португалияда өткен әлемдік доданың финалына қос бірдей қазақстандық шықты. Бұл – дзюдодан әлемдік Гран-при турнирінің тарихында бірінші рет болған жағдай. Осылайша, ақтық сында белдескен бұрымды балуандарымыз бірі алтын, бірі күміс медаль алып, елге олжалы оралды. Іріктеуде француз Мелани Вьені, одан кейін америкалық Мария Селия Лабордені, ширек финалда испан Лаура Мартинес Абеленданы жеңіп, жыртылай финалда португалиялық Катарина Костаның жауырынын жерге тигізген Ғалия Тыныбаева Turkystan.kz-ке сұхбат берді.
– Алмададағы Гран-при турнирі Әбиба екеуің үшін сәтті аяқталды. Жарыстағы қызықты сәттер, бозкілемдегі белдесуің жайлы айтып берсең.
– Бәріміз өзге елде өтіп жатқан жарысқа еліміздің намысын қорғау үшін барған соң, жеңіске ұмтылатынымыз анық. Алайда Әбиба екеуіміз алтынға таласамыз деп ойлаған жоқпыз. Басында «су-ли-фа» ойнай саламыз ба?» деп әзілдескен едік, бірақ шын күресуге тура келді. Олай жасамасақ, екеумізге де медаль бермейтін еді. Ең бастысы, еліміздің Туын көкке көтергенімізге қуандық. Тағы айта кететін нәрсе, негізі екеуміз бір-бірімізге ыңғайсыз қарсыласпыз.
– Гран-при турниріне дайындық кезінде елімізге үш рет Олимпиада чемпионы болған француз дзюдошысы Тедди Ринер келіп, шеберлік сағатын өткізді. Жалпы, шетелдік спортшылармен тәжірибе алмасу әлемдік жарыстарда топ жаруға септігін тигізе ме?
– Әрине, жан-жақты дайындық болғаны жақсы. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып тұрамыз. Осы жылы жаттықтырушылар Франциядан келді. Тедди Ринер еліміздегі аса ауыр салмақта күресетін спортшылармен кездесті. Ал бізді жарысқа ұлттық құраманың жаттықтырушылары Ерлан Алпысбаев пен Ермек Насиев дайындады. Осы орайда жеңіске жетуімізге қолынан келген көмегін аямаған бапкерлерімізге алғысымды айтқым келеді.
– Бұған дейін де жастар арасында өткен талай сайыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүрдің. Осы спорт түріне сені кім баулыды?
– 9 жасымнан бастап дзюдомен айналысып келемін. Жасөспірімдер, жастар арасында өткен халықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің намысын қорғадым. Ересектер арасында өнер көрсетіп жүргеніме 1-2 жылдай ғана болды. Қазір 23 жастамын.
Мені күреске баулыған – әкем. Ағам да спортпен айналысқан. Соларға ілесіп жаттығу залына көп баратынмын. Кейін Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық деңгейдегі төреші Сейдолла Қалиевтің қарамағында болып, түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеріп, біраз шыңдалдым.
– Бос уақытыңды қалай өткізесің?
– Бізде бос уақыт көп бола бермейді. Өйткені күніне үш рет жаттығу жасаймыз. Жалпы, өзім оқығанды, жаңа нәрсе үйренгенді жақсы көремін. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін.
– Алда қандай жарыстарға қатысасың?
– Наурызда Ташкентте Гран-при турнирі, мамырда әлем чемпионаты өтеді. Соған дайындалып жатырмыз. Мақсатым – үлкен жарыстарда топ жарып, елімізге жүлдемен оралу.
– Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ