«AMANAT» жетісулық жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ
«AMANAT» жетісулық жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ
Бүгін облыстық Жастарға қызмет көрсету орталығында «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Еркебұлан Ақболатов өңір жастарымен жүздесті. Мұндағы мақсат – алдағы саяси науқанның маңызын түсіндіру, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламаларын насихаттау деп хабарлады turkystan.kz.
Кандидаттың сөзіне сүйенсек, елімізде жастар саясатына көзқарас түбегейлі өзгерген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің қозғаушысы саналатын жастармен жұмыс жүргізудің жаңа тенденциясын ұсынды. Осы уақытқа дейін мемлекет басым саясатты «Жастар үшін» деген ұранмен жүргізсе, ендігі жерде қай тірлік болмасын «Жастармен бірге» жүзеге аспақ. Бұл дегеніміз – елдік пен егемендік үшін көтерілген кез келген басымдық жастармен кеңесіп, жастардың идеяларын басшылыққа ала отырып жүзеге асады деген сөз.
«Әлемнің кез келген елін алсақ, жастар саясатына баса мән береді. Себебі жастар – прогресс. Ал даму мен ілгерілеуді таңдамау құлдырауға бет алған елдің тірлігі. Қазақстан – жаңашылдық пен өрістеуді басты орынға қоятын ел. Демек біздің көздегеніміз жастарды қолдау, жастардың идеяларына қанат бітіру, сол арқылы еліміздің тың тынысын ашу. «AMANAT» партиясы қашан да Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаевтың тірегіне, мемлекетіміздегі барлық жүйелі бастамаларының қозғаушысына айналған құрылым. «AMANAT» – Ақиқат пен Әділдіктің, Әділеттілік пен Ашықтықтың озық үлгісі. «AMANAT» – байыпты өзгерістер мен өзекті реформалардың бастаушысы. Осы қалыптан айнымаған партия жастар саясатына өзінше үн қосуға бекініп отыр», – деді ол.
Еркебұлан Ақболатовтың айтуынша, партия Жетісу облысы бойынша жастар баспаналы болуы үшін жеңілдетілген несие беруді ұлғайтуға, жылдық 2,5 пайызбен несие беруге, жастардың арасында жұмыссыздықты 4,7 пайыздан 3,9 пайызға төмендетуге ықпал етпек. Одан бөлек «AMANAT» жастар арасындағы ауқымды фестивальдер мен жобаларды жүзеге асырмақ.
«Жастар үшін өзекті мәселелерді шешуге партия бар күш-жігерін салмақ. Осы уақытқа дейінде «AMANAT» партиясының да, «Жастар Рухы» жастар қанатының да көздегені жастар саясатын ілгерілету болса, ендігі жерде еселенген жұмыс атқарып, жүйелі нәтижелер көрсетпек», – деді кандидат.
Жиын барысында жастар партияның алдағы бес жылда атқаратын мақсат-міндеттерімен танысып, саяси құрылымның бастамаларына оң көзқарас танытты. Бастысы, етжеңді жоспарларды жүзеге асыруға ниетті жандардың жанынан табылуға жастар әрдайым дайын екенін жеткізді.
Жетісу облыстық мәслихат депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді