Жаңалықтар

Үй алуға 5 млн теңге берілетіндер белгілі болды

ашық дереккөзі

Үй алуға 5 млн теңге берілетіндер белгілі болды

Маңғыстау облысында 2023 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 411 маман біржолғы көтерме жәрдемақы және 231 маман жеңілдетілген несиемен тұрғын үй сатып алуға көмек ала алады деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мұхамбетова хабарлады. Спикердің айтуынша, биыл ауылдық елді-мекендерге жұмыс істеуге келген мамандар 100 АЕК, яғни, 345 000 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы және үй сатып алу үшін 1500 АЕК, яғни, 5 175 500 теңгеден аспайтын сомада бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдауға ие бола алады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандығы, ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдері аппаратының бас және жетекші мамандары үміткер бола алады. Сонымен қатар көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады», - деді Лаура Мұхамбетова. Спикердің айтуынша, облыс бойынша 2022 жылы 423 маманға барлығы 131 млн теңге жәрдемақы берілген. Ал 208 маман 15 жылға дейінгі мерзімге 0,01% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие алған. Соның бірі - 2020 жылы Алматы қаласында оқуын бітіріп келген жас маман Гаухар Түгел. Бүгінде ол Мұнайлы ауданы Дәулет елді мекеніндегі №4 жалпы білім беретін мектепте педагог-логопед маманы ретінде қызмет етеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын ұзақ уақыт зерттедім. Оның артықшылықтарын іздеп, жас мамандар үшін тиімділіктерін қарастырдым. Бұл жоба тек жас мамандар үшін ғана емес, бірнеше жыл тәжірбиесі бар қызметкерлерге де көмегі көп екенін білгеннен кейін, бағдарлама арқылы жұмысқа орналасуға шешім қабылдадым. Соның арқасында, 2022 жылдағы сомаға сәйкес 306 300 теңге қайтарымсыз жардемақы және баспана алуға 4 млн. 594 мың теңге бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдауға ие болдым», - деді Гаухар Түгел. Сондай-ақ брифинг барысында Мұнайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шынар Сұңғат әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін қажетті құжаттар тізімін атап өтті. «Үміткер көтерме жәрдемақы алғысы келсе, электронды үкімет веб-порталы арқылы өтініш жолдайды. Сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжат, бiлiмi туралы дипломының көшiрмесі, қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесі талап етіледі. Ал тұрғын үйді сатып алуға және салуға бюджеттік кредит алған кезде, қағиданың 2-қосымшасына сәйкес өтiнiш, жеке басын куәландыратын құжат, бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi, көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi және сәйкестендіру үшін неке қию куәлігі мен некеде тұрған қызметті алушылар үшін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен кредиттік бюродан есеп құжаттары қажет болады», - деді Шынар Сұңғат.