Александр Бублик Марсель турнирін жеңіспен бастады
Александр Бублик Марсель турнирін жеңіспен бастады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик Марсель (Франция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты деп хабарлады turkystan.kz.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 67-ракеткасы, сербиялық Филип Краиновичпен кездесті. Осыған дейін А.Бублик өткен жылдың қазан айынан бері түрлі жарыста он рет қатарынан жеңіліс тапқан еді.
Бұл жолы бірінші партияда сербиялық теннисші сәттірек ойнады – 7:5. Есесіне, екіншісінде брейк жасаған А.Бублик қарымта қайырды – 6:3.
Қазақстандық спортшы үшінші, шешуші сетті қос брейкпен бастады – 3:0. Бұдан кейін сербиялық спортшы брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен, қазақстандық теннисші матчты эйспен түйіндеді – 6:4. Екі сағат 7 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Александр Бублик 18 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 48-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хуслер немесе рейтингте 58-орындағы франциялық Грегуар Баррердің біреуімен таласады. Қазақстандық теннисші Монпелье жарысында дәл осы Г.Баррерден жеңіліп қалған болатын.