Жаңалықтар

Астанада «Аягүл» кітабының тұсаукесері өтті

ашық дереккөзі

Астанада «Аягүл» кітабының тұсаукесері өтті

18 ақпан күні Астанада танымал жазушы, журналист, Серпер сыйлығының, Президент стипендиясының иегері, марқұм Аягүл Мантайдың құрметіне еске алу кеші өтті деп хабарлады turkystan.kz elorda.info -ға сілтеме жасап. Кітаптың тұсаукесерінде "Егемен Қазақстан" газетінің журналисі Аягүл Сейілова,  Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Жұмағұлова, журналист, зерттеуші ғалым Риза Әлмұқан, ақын Салтанат Мәдиярқызы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, алыс-жақыннан келген Аягүлдің адал оқырмандары сөз сөйледі. Жазушы Гүлжан Амангелдіқызы  өз сөзін: «Аягүл қоғамнан әділет іздеп өтті», деп түйіндеді. "Аягүл" кітабын жазушының сырлас досы Бану Оңдасынова құрастырған. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде А.Мантайдың елдегі және шеттегі қаламдас достарының естеліктері топтастырылса, екінші бөлімінде Аягүлдің шығармалары ұсынылған. Жинақ «Курсив» баспасынан басылып шыққан. Кітапты шығаруға қолдау білдірген – ақын, қоғам қайраткері Мақпал Мыса. Жинақты кітап дүкендерінен алуға болады. Айта кетейік, көрерменді тебіренткен  еске алу кешінің модераторлары – Аягүлмен  рухтас болған құрбылары Алма Сайлауқызы мен Жазира Мейрамбекқызы. Дәл осындай шара 22 ақпанда  Шымкент қаласында «Абай  сommunity center» орталығында, ал 26 ақпанда «Alatau creative hub» шығармашылық  кешенінде өтеді деп жоспарланып отыр.