Жаңалықтар

Сайлау қарсаңында жас кандидаттарды қолдайтын блог жұмыс істейді

ашық дереккөзі

Сайлау қарсаңында жас кандидаттарды қолдайтын блог жұмыс істейді

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында жас кандидаттарды қолдайтын блог жұмыс істейді деп хабарлады turkystan.kz. «Жастар үні» блогының негізі мақсаты - мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып жатқан, қоғамда пікірін ашық білдіріп жүрген әр саланың белсенді жастарына ақпараттық қолдау көрсету. Сонымен қатар, олар жастардың депутат болуына ықпал етуге барымызды саламыз деп отыр. «Әрине, біз өзіміз сайлауға бармағаннан кейін ел танитын азаматтарды қолдауымыз керек.  Жастардың 20 пайыздан көп орын алуына тырысуымыз керек. Көбі әлі мажоритарлық жүйе арқылы бір адамға ғана дауыс беретінін білмей жатыр. Негізінен 21  мен 40 жас аралығындағы жастарды қолдап отырмыз. Неге 40 жас? Өйткені осы уақытқа дейін мұндай мүмкіндік болмады. Жасын өткізіп алған жастарымыз бар ғой. Бұл жерде бір ғана партияны қолдау, сойылын соғу деген нәрсе жоқ. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің арасында елдің ертеңін ойлайтын, білгір білімді азаматтар өте көп. Біз оларға ақпараттық қолдау білдіреміз. Соның ішінде саяси кеңес те беремін. 2019 жылы біз Президент сайлауында бақылаушы болдық. Блогты жалпы бас-аяғы 20 шақты адам жүргізеді», - деді журналист Ерқанат Көпжасарұлы. Ал ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттығына үміткер, экономист Мақсат Халық өзін-өзі ұсыну арқылы артында ешқандай саяси күштердің тұрмағанын, биліктегі азаматтардың ешқайсысымен келісім жүргізбегенін хабарлады. Бар мақсатым елде экономикалық реформа жасау деді ол.