Ұшқышқа – ынсап, жолаушыға – тағат...

Ұшқышқа – ынсап, жолаушыға – тағат...

Ұшқышқа – ынсап,  жолаушыға – тағат...
ашық дереккөзі

Наразылыққа жиі ұшырайтын отандық әуе компанияларының айналасында тағы да шу шықты. Бұл жолы сын садағына іліккен – Qazaq Air компаниясы. Атырау-Ақтөбе-Шымкент бағыты бойынша ұшуға тиісті болған ұшақ капитаны рейс алдында ішімдік ішкен. Ұшқыштың жауапсыздығы үшін компания діттеген жеріне уақытылы жете алмаған 50-ге тарта жолаушыдан кешірім сұрады.  Жолаушылар кешірер, бірақ сенім дейтін құндылықты қалыпқа келтіру оңайға соқпасы анық. Келеңсіздіктен көз ашпайтын отандық тасымалдаушылардың беделі қашан артады? Бағаны көтеруден жарысқа түскен компаниялар сапаны қашан көтереді?

Жұртты дүрліктірген оқиға 15 қаң­тарда болған еді. Qazaq Air ұшқышы рейс алдында  медициналық тексерістен өткен. Сол кезде әуежайдың медицина қызметкері әуе кемесі командирінен алкогольдің иісін, жоғары қан қысымын, жиі жүрек қағысы мен тамыр соғысын анықтайды. Факті журналға тіркеліп, әуе компаниясы өкілдерінің қысымына қарамастан, айыға қоймаған ұшқышты әуежай басшылығы медицина қызметкеріне ілестіріп, наркологиялық диспансерге куәландыруға жібереді. «Біздің медицина қызметкерлері ұшқышты ұшудан шеттетіп, куәландыру үшін диспансерге жіберген болатын. Бірақ бір нәрсе ескерілмеді. Бізден ешкім ілеспегендіктен, ұшқыш наркологтарға 3 сағаттан соң, масаюдың қалдық сипаттары ғайып болғаннан кейін барған», – дейді әуежай сарапшысы. Десе де, Атырау қаласындағы наркология диспансеріндегі сараптама Qazaq Air ұшқышының ағзасында алкоголь бар екенін растады. Алкотестер 0,18 промилле концентрацияны анықтаған. Мамандардың айтуынша, бұл тұрғыдағы есептеулер адамның жеке ерекшеліктеріне, денсаулығына және алкогольді көтеру қабілетіне байланысты. Бірақ шартты көрсеткіштер бар: сыраның бөтелкесінде теориялық тұрғыда 0,32 промилле болады, яғни, жарты бөтелкеде 0,16 промиллені құрайды. Ұшақты басқару қағидаларына сәйкес, экипаж мүшелері алкоголь ішкеннен кейін 24 сағат өтпесе, сонымен қатар, қанында алкоголь болған кезде ұшуға жіберілмейді. Ең бастысы, куәландырылғаннан кейін экипаж мүшелерін ауыстыру туралы шешім қабылданып, рейс 12 сағат 45 минутқа кешікті. Дауға іліккен Qazaq Air ұшқышының мәселесін Инвестициялар және даму министрілігі өз бақылауына алды. Көп ұзамай мас күйінде әуеге көтерілмекші болған ұшқыш қызметінен шеттетілді. Компания басшылығы да жауапкершілікке тартылмақ. «Авиациялық персоналға рұқсат беру ережесін бұзғаны үшін бекітілген заңнамалық тәртіп бойынша компания басшылығына әкімшілік шаралар қолданылады. QazaqAir АҚ басшылығына қызметтік тергеу жүргізу туралы нұсқау берілді. Оның нәтижелері бойынша ұшу алды демалыс режимін бұзу фактісіне жол бермеу шаралары қолға алынатын болады», – делінген министрліктің Азаматтық авиация комитеті жасаған мәлімдемеде.

Жалған анықтама жарға жығады

Осыдан бір жыл бұрын осыған ұқсас оқиға орын алып, «Эйр Астана» ұлттық тасымалдаушысының Атырау-Амстердам әуе рейсі кейінге қалдырылған еді. Команданы өте жас екінші ұшқыш жерге қаратқан болатын. Ал өткен жылдың наурызында «Эйр Астана» әуе компаниясының тағы бір ұшқышының қанынан марихуана табылды. Ол есірткіні бірнеше жыл бойы тұрақты түрде пайдаланып келгенін мойындады. Ұшақ экипажы мүшелеріне ішімдік ішу, есірткі пайдалануға қатаң тыйым салынғанын біле тұра ұшу талаптарын бұзған Роман Быков екі жарым жылға сотталды. Осы келеңсіз жайттан кейін елімізде әуе тасымалдаушыларының ұшқыштарын жіті тексерістен өткізу жолға қойылды.  Нәтижесінде отандық ұшқыштар жалған медициналық анықтамалар сатып алып келгені белгілі болды. Сондықтан құзырлы органдар көпке дейін жолаушы тасымалдап жүрген ұшқыштардың есірткіге еліріп, тізгін ұстағанын аңғармай келген. Өйткені ұшар алдында экипаж командирін ешкім жіті тексермейді. Ұшқыш тек жылына бір рет қан тапсырып, тыйым салынған препараттарға қарсы сараптама жасатса жеткілікті. Азаматтық авиациядағы мұндай жүген­сіз­діктерден соң саланы халықаралық талап­тарға сай қатаң бақылауға алуға кіріс­кен Инвестициялар және даму минис­тр­лігі өткен жылдың жазында Мәжілістің қа­рауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Вице-министр Альберт Раудың айтуынша, заң жобасында авиация персоналының медициналық куәландыру ерекшеліктеріне мән берілген. «Бұдан бөлек, авиаперсоналдың жұмысқа жарамдылығы туралы күмәнді қорытынды бергені үшін медициналық сарапшыларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Атап айтқанда, ондай сенімсіз қорытындылар үшін 100 айлық есептік көрсеткіш, ал қайталанған жағдайда 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады», – деді А. Рау. Оның сөзіне қарағанда, авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жауапты тұлғаларға қатысты да әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қолданыстағы заң бойынша тек ұйымға қатысты жауапкершілік қарастырылса, енді бұған жауапты тұлғалар да еніп отыр. Заң жобасындағы басты жаңалық­тар­дың бірі – ұшулардағы медициналық қызметтердің қамтылуы. «Авиаапаттарға қатысты ұшқыштардың денсаулығына мән беру мейлінше қатаңдатылады. Мұндай түйткілдер көптеген жерлерде орын алған. Осыған байланысты ұшқыштардың, авиаперсоналдың медициналық куәлан­ды­руларын бақылау қатайтылады. Өкінішке қарай, бізде де бұндай келеңсіздіктер орын алып отыр. Мәселен, біздің тексерулеріміз бойынша, былтырғы жылы авиаперсоналдарға  күмәнді, жалған медициналық қорытындылар берілген 80-нен астам оқиға тіркелді. Сондықтан да, осы мәселеге бақылауды күшейту нормалары қарастырылады», – деген еді вице-министр. Алайда арада жарты жыл өткен соң әуе тасымалындағы жүгенсіздік тағы қайталанды. Бұл жерде көп мәселе жеке жауапкершілігіне келіп тірелетіні анық. Қаншама адамның өмірі өз қолында тұрғанын біле тұра, жұмысына салғырттықпен қарайтын мамандардың кесірінен отандық әуе тасымалдаушыларының беделі биіктер емес. Жолаушылардың сеніміне ие болу үшін жылдар бойы төгілген терді ұшқыштың шалыс қадамы бір-ақ сәтте жоққа шығаратыны өкінішті.

Араққа үйір ұшқыш АҚШ-та да көп

Мұндай келеңсіздіктермен отандық әуе компаниялары ғана емес, шетелдік тасымалдаушылар да жиі ұшырасады. Мәселен, жуырда Канада полициясы Калгари қаласының әуежайынан ұшуға бірер минут қалған кезде ұшқыш кабинасында есінен танып қалған мас ұшқышты тұтқынға алды. Sunwing авиакомпаниясының экипаж мүшелері 37 жастағы ұшқыштың тосын әрекетін байқап қалып, құқық қорғау органдарына жеткізген. Тексеру нәтижесінде пилоттың қанындағы алкоголь құрамы нормадан үш есеге асып кеткені анықталды. Бірнеше сағат кідірістен кейін ұшақ мексикалық Канкун қаласына басқа ұшқышпен аттанды. Лайнер бортында 99 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Жүзден астам адамның өміріне қауіп төндіре жаздаған ұшқыш әуеге көтеріліп үлгергенде не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Fox news арнасының хабарлауынша, АҚШ-та айына бір ұшқыш  алкогольға тестілеу кезінде ұсталады. Федералдық азаматтық авиацияғаға сілтеме жасаған телеарнаның дерегіне сүйенсек, өткен жылы Америкада 38 ұшқыштың тәртіп сақтау  лицензиясы қайтарып алынып, 48 адам уақытша жұмыстан шеттетілген. Мәселен, жуырда мас күйінде ұшақты басқарып, Калифорниядан Орегонға бағытталған рейсті басқарған ұшқыш ұшу құқынан айырылды. American Airlines пилоты да тескерістен өту кезінде екі рет денсаулық сақтау лицензиясынан айырылып қалды. Осыған ұқсас тағы бір оқиға өткен жылдың соңында Индонезияда болды.  Citilink әуе компаниясының ұшқышы Текада Пурна араққа сылқия тойып алған күйі әуе кемесін жүргіземін деп дауласқан. Ұшқыштың терминалдан өту кезінде қисалаңдап бара жатқанына қарамастан, әуежай қызметкерлері оның ішімдік ішкенін аңғармаған. Ұшақ кабинасына жеткеннен кейін ғана пилоттың әуе көлігін басқара алатын жағдайда емес екенін белгілі болған. 154 жолаушыны Сурабаядан Джакартаға жеткізгісі келген жауапсыз ұшқыш қызметінен шеттетілді.

Жетістіктер көлеңкеде қалмасын десек...

Qazaq Air-дегі келеңсіздіктен кейін бір ұшқыштың ағаттығы бір компанияның атына ғана емес,  мемлекеттің азаматтық авиациясының абыройына күйе боп жағылатынына көзіміз анық жетті. Еліміздің әуе тасымалында саласында жылдар бойы қол жеткізген жетістігін жуып-шайып жіберетін оқыс оқиғалардың көбейгені өкінішті. Әйтпесе мақтанатын, марқаятын көрсеткіштеріміз көп. Жыл соңында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақтың азаматтық авиациядағы жетістіктерін жіпке тізіп берген болатын. Министрдің айтуынша, соңғы 5 жылда қазақстандық авиакомпаниялар жыл сайын тасымалдаған жолаушылар саны 44%-ға, яғни 4,1-ден 5,9 млн адамға дейін өскен. Бүгінде Қазақстан ТМД-ға мүше мемлекеттер ішінде жолаушылар тасымалы жағынан екінші орынға шықты. 2015 жылы Астана (10-орын) мен Алматы әуежайлары (6-орын) жолаушыға қызмет көрсету саны жағынан ТМД-ға мүше елдер арасында үздік он халықаралық әуежай тізіміне енді. Қазіргі таңда елімізде әлемнің 24 мемлекетіне аптасына 410 рейс орындалатын 83 халықаралық бағыт ашылған. Қазақстан ТМД елдерімен – 47 бағыт, Еуроодақ елдерімен – 8, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен – 13, Таяу Шығыс елдерімен – 15 бағыт бойынша әуе қатынасын жасайды. Министрліктің мәлімдемесіне сүйенсек, елімізде жұмыс істеп тұрған 20 әуежайдың 14-і және 10 жолаушы терминалы күрделі жөндеуден өткен. «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 68-қадамын жүзеге асыру бағытында Қазақстан арқылы әуе транзитінің тартымдылығын арттыру үшін азаматтық авиация қызметін британ және ЕО үлгісіне негіздеп құру жоспарлануда. «Қазіргі уақытта отандық әуе компаниялары Қазақстан территориясы арқылы жылына 250 мың жолаушы тасымалдаған. Бұл дегеніңіз күн сайын 900 транзиттік жолаушы тасымалданады деген сөз. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп, 2010 жылдан бері 10 есеге артты. Жаңа рейстерді ашу арқылы 250 халықаралық бағытқа жол ашылды», – деді Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек. Оның айтуынша, енді Астана әуежайының инфрақұрылымын жетілдіріп, Алматы маңынан хаб құру тапсырмасын жүзеге асыру, сонымен қатар халықаралық маршруттар мен қазақстандық әуе компанияларын дамыту арқылы 2020 жылға қарай транзиттік жолаушы ағынын үш есеге арттыруға мүмкіндік туады. Осы тұрғыда Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай мен Үндістаннан шығатын жолаушылар ағыны Қазақстан үшін ең тиімді транзиттік бағыттар болып табылады. Мысалға, Қытайдан сыртқа шығатын туристер саны орта есеппен жылына 110 млн адамды құрайды. Осы туристердің 1 пайызын Қазақстан арқылы тасымалдағанның өзінде, транзиттік жолаушылар ағыны елімізде 1,1 млн адамға артады. Жыл соңында қуанышты еселеген тағы бір ақжолтай жаңалық – Қазақстанның әуе компаниялары Еурокомиссияның «қара тізімінен» ресми түрде шығарылды. 2009 жылдан бастап  «Эйр Астанадан» басқа барлық отандық әуе компаниялар Еуропаға ұшу мүмкіндігінен айырылған болатын. Енді олар кәрі құрлыққа жолаушы тасымалдауды қайта жандандырады. Ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін олар жылына екі мәрте Еурокомиссия сынағынан өтіп тұруы тиіс. Қазір Қазақстанның тасымалдаушыларының Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) талаптарына сәйкестік көрсеткіші 74 пайыз болса,  ендігі мақсат – 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті  87 пайызға жеткізіп, әлемдегі 30 қауіпсіз әуе тасымалдаушылары қатарына кіру. Әуеге көтерілген сайын жүздеген адамның өмірін аманат етіп арқалайтын мамандардың жауапкершілігі артса ғана мақсатты межеге жақындамақпыз.