Жаңалықтар

Баланы бөгде ой билесе...

ашық дереккөзі

Баланы бөгде ой билесе...

2016 жылдың соңына  таман ҚР Әділет министрлігінде «Баланың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы қаралды. Мәжіліс депутаты Артур Платонов заң жобасын таныстыра келе, халықаралық нормалардың ұстанымдарына сәйкестендіруді назарға алу қажеттігін ескертті. Ол үшін ақпараттық қауіптің алдын алу, яғни ғаламтордағы ақпаратты екшеп, түрлі ресурстарға шектеу қойып, балалардың әлеуметтік желіге тек ата-анасының рұқсатымен ғана тіркелуін жолға қою керек. Бала қауіпсіздігі десе бірден зорлық-зомбылықты еске аламыз. Алайда ғаламтор арқылы небір сұмдықтардың бала миына кіріп-шығатыны ескерусіз қалып жатады. Оның ішінде әлеуметтік желілер, сайттар, түрлі ағымдардың интернет ресурстары – аудио, видео, жазбалар мен үндеулер, мысалдарды достық ұсына отырып баурап алады. Депутаттың айтуынша, қазіргі бала­ларды ата-анасы емес, ғаламтор тәрбиелеп отырғаны ащы да болса шындық. Бүгінгінің  басты  кейіпкері кім? Осы тұрғыда балалар еліктейтін, балалар ғаламтордан жиі іздейтін кейіпкерлер мен дереккөздерді іздестіріп көрген едік. Балаларды баурап алатын, үлгі-өнеге көрсетіп, жақсылыққа жетелейтін  кейіпкерлер немесе тұлғалар қайда? Балалардан сұрасаңыз, супербатырлардың есімдерін тізіп берген болар еді. Ал жеткіншектер шоу-бизнес өкілдерін санап шығады. Мақұл, осы аталғандар балалар мен жеткіншектерге дұрыс жол көрсетіп, адам болып қалыптасуына бағыт сілтей ала ма? Іле-шала Азаматтық альянс президенті Нұрлан Ерімбетов тәуелсіздік құрдастарының болашағы мен бүгініне алаңдайтынын айтты. Себебі жас  жеткіншектердің  ес білгелі көргені – әлеуметтік желідегі виртуалды өмір. ал қарапайым өмір олар үшін қызық емес. Неге? Әлеуметтік желі бұқаралық ақ­парат құралдарының ең танымал түріне айналғалы қашан. Мұндағы ақпарат іріктеліп, сұрыпталмайтыны да белгілі. Әйтеуір, керек нәрсені тауып, тез хат алмасу мен өз жарна­маңды жасауға ыңғайлы орын. Ал ар жағында не жатқанын кім біліп жүр?! Ұрлық-қарлық, кісі өлімі, суицид, қылмыстың барлығы осы жерде жария болады. Жағымсыз жаңалықтар жетіп артылады, тіпті жағымды жаңалықтарды сарғая күтіп отыратын жағдайға да жеттік. «Қазіргі заманның кейіпкері кім? Әншілер мен бишілер. Теледидар мен ғаламторды ашып қалсаң да – солар. Сахнада ән айтқаны өз алдына, бірақ журналистер солардың үйіне барып, сұхбат алып, халыққа ақыл айтып отырғаны. Сонда мұнайшы, шахтер, құрылысшылар қайда? Неге солардың үйіне барып, тұрмысын көрсетіп, шаруаның мәселелерімен таныспасқа? Балаларға үлгі болатын солар емес пе?», – дейді Нұрлан Ерімбетов. Жастар мен жеткіншектер еліктейтін, өнеге көрсететін тұлғалар мен жағымды жаңалықтарды көбейту арқылы әлеуметтік желідегі балалардың бетін бері қаратып, виртуалды өміріне тыйым салу керек деп санайды. Бұл пікірмен ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов та келіседі. Оның пайымдауынша, жағымсыз жаңалық­тардың көп болатыны соншалық, ақпарат құралдары басқа ештеңе жазбай ма деп қаласың деп базына айтқаны есте. «Ақпарат құралдарын ашып қалсаң, тек криминал. Біреуді өлтіріпті, баланы зорлапты, біреу парамен ұсталыпты деген сарында жазады. Басқа жаңалық жоқтай. Содан соң жұрт жағдай жылдан-жылға нашарлап бара жатыр екен деп ойлайды», – деді ол. Қылмысты әлемнің қалып­тасуын, кейінгі  жылдары заң  бұзушылықтың анағұрлым азайғанын былай түсіндірді: «Егемендік алған кезде қандай ауыр жағдайға тап болғанымызды білесіздер. Қылмыс күрт өсіп кетті. Рэкеттер, тапсырыспен адам өлтіретіндер пайда болды. Оған қоса, елімізде сталиндік репрессиядан қалған көптеген колониялар бар-тұғын. Онда бүкіл Кеңес Одағы елдерінен 100 мың адам отырды. Олар түрмеден босағаннан кейін Қазақстанда қалды. Бұл да қылмыстық ахуалға теріс әсер етті. Сонда Мемлекет басшысы құқық қорғау қызметін өз қолына алды. Сол кезден жағдай жақсара бастады», – деді ол. Десе де, қоғамның бас кейіп­ке­рін жасау – бұқаралық ақпарат құрал­дарының қолында десек қателеспейміз. Әнші-бишілерді жұлдыз жасаған да осы топтың өкілдері. Балалар мен жеткіншектер ойсыздыққа үйір болса, қоғамның болашағына үлес қосатын мамандар жетіспеушілігі алдымыздан шықпай ма?

Әлеуметтік желідегі топтардың көздегені не?

18 жасқа толдым деп растаса, кез келген бала порнографиялық және суицидалды сипаттағы топқа жазыла алады. Осылайша бұл топтар баланың парақшасына түрлі ақпарат пен суреттер, ақыл-кеңестер, аудио-видео форматындағы ақпаратты күн сайын салып отырады. Прокуратура мұндай бағыттағы топтарға тосқауыл қоюда. Қызылорда облыстық прокуратурасы осындай 13 топтың қызметін тоқтатты. Ал Атырау облысында 2 мыңнан астам жеткіншек «Вконтакте» желісіндегі суицидті насихаттайтын топтардың мүшесі болған. Екібастұз прокуратурасы Facebook, My mail және «Вконтакте» әлеуметтік желілерін тексеру барысында суицидке итермелейтін  топ­тар анықталып, тосқауыл қойыл­ды. Мұнда олар суицидті қалай орын­дауға болатынын үйретіп, тіпті оны  бір­лесе орындауға шақырады екен. Сондықтан қалалық прокуратура балалардың әлеуметтік желіге тіркелуі ата-анасының рұқсатымен ғана жүзеге асуы тиіс дейді. Similarweb зерттеуіне сенсек, ғалам­торды пайдаланатындардың көп­шілігі әлеуметтік желіде отырады. Әлеуметтік желідегі ақпарат пен топтарды бақылауға алу аса маңызды. 2015 жылы өз-өзіне қол жұмсаған 4 мың адамның 221-і жеткіншектер. Бұл көрсеткіш өте көп. Оған ғаламтордың ықпалы аз емес. Елімізде интернет қолданушылардың 70 пайызы 17 мен 54 жас аралығындағы тұрғындар. Олай болса, ғаламтордағы кез келген теріс ағымды алдын ала ескеріп, тосқауыл қойып отырған жөн. 2016 жыл «Вконтакте» әлеуметтік желісінен 63 порнографилық топ анықталды. Оларға жазылушылардың жалпы саны – 8 миллион 200 мың адам. Олардың ішінде 31 мың 247 адам қазақстандық жеткіншектер, ал 2 мыңнан астамы Оңтүстік Қазақстан облысының жасөспірімдері. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, суицид жөнінде Қазақстан әлемде үшінші орында тұр. Мамандар балалардың өз-өзін өлтіруінің бірнеше себебін түсіндірді. Қазақстанда тіпті 10 жастағы балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіркелген. Суицидке ұшыраған балалардың орташа жас шамасы 12-17 жас аралығында. Толық емес отбасыларында суицид жағдайы жиірек болады. Сонымен қатар талдау көрсеткендей, суицидке ұшырағандардың не әрекеттенген кәмелетке толмағандардың басым көпшілігі ауылдық жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен әлеуметтік желіні қолданушы оқушылар екен. Балалардың  ақпараттық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету  бүгінгі күннің  басты  талабына  айналды. Жұмысбасты  ата-ана мен тәрбиеші, ұстаздар да балалардың  ғаламторда  не  оқып, не  көріп жүргенінен бейхабар. Жан тыныштығын қалайтын кейбір ата-аналар балаға  ұялы  телефон, планшет ұстата  қояды,  бүлдіршіннің ғаламторды  аша  алатынын мақтан ететіндері  де  бар. Әсілі, желідегі  мәліметтің  астарында  жатқан бөгде  ойдан баланы  алыстатуды  бүгіннен бастаған жөн.