Жаңалықтар

Өркеннің әжесі өгей шешеге өлім жазасын кесуді сұрады

ашық дереккөзі

Өркеннің әжесі өгей шешеге өлім жазасын кесуді сұрады

11 жасар Өркен Азаматұлын жауыздықпен өлтірген әйелге енесі өлім жазасын сұрап отыр деп хабарлайды КТК телеарнасы. Өркеннің әжесінің айтуынша, өгей шешесі баланы жұртпен бірге іздеген болып үш күн бойы үндемей жүрген. Десе де, Өркенді өлтірді деген күдікпен қамалған әйел де, оның сыбайластары да кінәсін мойындап отырған жоқ. Өзі мәпелеп бағып-қағып отырған немересінен айырылған Бағдагүл Есімбекова енді келініне ату жазасын сұрамақ. "Халық не айтып жатыр мен білмеймін, қандай кешірім? Кешірім тұрмақ оны түрмеде шірісін деп Алладан тілеймін! Алла жазасын берсін! Ешқандай кешірім жоқ!", - деді Өркен Азаматұлының әжесі Бағдагүл Есімбекова. Өркен 1 жас 4 айында-ақ әке-шешесі ажырасып, баланы нағашылары қолына алған. Одан кейін анасы тұрмысқа шығатын боп, 8 жасында әкесіне әкеліп тастапты. Десе де, әкесінің басқа отбасы болуына байланысты бала әжесімен бірге тұрған. Ата-анасыз өскен Өркен өте алғыр болған екен. Математикадан түрлі жарыстарға қатысып, шахмат ойнаудан да алдына жан салмапты. Жантүршігерлік қылмыс өткен аптада болған еді. Күйеуі тастап кеткен алматылық келіншек өшін ұлдан алған. Өркенді өлтірді деген күдікпен оның қос бірдей өгей бауыры мен тағы екі адам да қамауда отыр. Ал, бейкүнә бала осы айдың 28-і күні шахматтан үлкен жарысқа қатысуы тиіс болған екен. Ал осыған дейін прокуратура өкілдері баланы өлтіруге не себеп болғанын айтқан еді. "Баланы өлтіруді ұйымдастыруға себеп - Шәрипа Ақбердиеваның енесі Есібекованы жақтырмауы", - деген еді прокуратура өкілдері. Еске сала кетейік, 24 қаңтарда Өркен Азаматұлының өгей шешесі және тағы да төрт күдікті екі айға қамауға алынған болатын. Ал осыған дейін полицейлер баланың өліміне қатысты жаңа деректерді жариялаған еді. Сол мәліметтер бойынша, Өркен Азаматұлының өгей шешесі мен оның төрт сыбайласының осы қылмысқа қатысы бар. Күдіктілердің арасында әйелдің қызы мен баласы бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, ол баланың әкесінен кек алу үшін осындай қылмысқа барған. Әйел қылмыс жасамай тұрып, Шымкенттен бірінші некедегі 1995 жылғы ұлын шақыртқан. Содан ол досымен бірге сонда келіп, әйел оларға баланы ұрлау үшін 100 мың теңге ұсынады. Кейінірек әйелдің 1997 жылғы қызы, ұлы және оның досы баланы аңдып, 19 қаңтарда ұрлап кетеді.