Жаңалықтар

Түркиядағы құтқарушылардың екінші легі Астанаға оралды

ашық дереккөзі

Түркиядағы құтқарушылардың екінші легі Астанаға оралды

Түркияның Нурдагы қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге аман-есен оралды деп хабарлады turkystan.kz. ҚР ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Астана әуежайына қонды. Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды. ТЖ министрі Юрий Ильин мен Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи (Ufuk Ekici) да құтқарушылардың алдынан шығып, олардың әрқайсысына атқарған қиын жұмысы үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ олардың іс-әрекеттерін кәсіби, ержүрек және нәтижелі деп бағалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ техникасы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кіріскен болатын. Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды. Құтқарушылар жұмысында үйінділерді бөлшектеу үшін инженерлік техника да, зардап шеккендерді іздеу техникалық құралдарын да қолданды. Осылайша, қираған ғимараттардың астында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қазақстандық құтқарушылар үйінділер астында зардап шеккендерді іздеу үшін арнайы жабдық - акустикалық аспапты пайдаланды. Құрылғы кішкене қозғалыстарды, тыныс алуды, жүрек соғуын және кез келген басқа әлсіз шуды сезеді. ТЖМ қызметкерлерінің жұмысында барлық қажетті құтқару жабдықтары: гидравликалық және пневматикалық құралдар, гидравликалық домкраттар, пневмодомкраттар, соққылар, перфораторлар, жарықтандыру аспаптары, шатырлар, спутниктік терминал, рамалық модуль, автотехника, сондай-ақ ТЖМ білікті дәрігерлерінің уақтылы медициналық көмек көрсетуіне арналған дәрі-дәрмектер болды. Топ қажетті жабдықтармен де, құтқару жұмыстарын жүргізуде көп жылдық тәжірибесі бар құтқарушылармен де толыққан. Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері де тәулік бойы зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсетті. Барлық жұмыс кезеңінде 200-ге жуық жергілікті тұрғындар мен құтқарушыларға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілді. Жергілікті тұрғындарда стресстің жедел реакциясымен, гипотермиямен, тыныс алу органдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым болды. Пневмокаркас модуліне негізделген медициналық пост іздеу нәтижелерін күткен зардап шеккендердің туыстары үшін баспана болды. Бұл модуль қираған ғимараттардың арасында қалған адамдар үшін жылыту пункті ретінде де пайдаланылды. Түркия Республикасының АFAD жер сілкінісі зардаптарын жою дағдарыс орталығымен келісіліп, Қазақстан Республикасы ТЖМ күштерімен іздестіру-құтқару жұмыстары барлық объектілерде аяқталды, күштер топтамасы тұрақты орналасқан пункттерге қайтарылады. Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан құтқарушылар қатысты. Түркия тұрғындарының тарапынан Қазақстандық құтқарушыларға кәсіби, уақтылы және нәтижелі іздестіру-құтқару жұмыстары үшін шын жүректен алғыс сөздері айтылды.