Ninety One тобының әндері арқылы қазақ тілін үйренген Эван Аллен
Ninety One тобының әндері арқылы қазақ тілін үйренген Эван Аллен
– Қазақ тілін үйренуді Нью-Йоркте студент болып жүргеніңізде-ақ қолға алғаныңызды естіп таңғалдым. Әдетте қазақшаға аймақтану факультетін бітірген немесе түркологияны зерттеп жүрген шетелдіктер қызығады. Соны ескеріп сізді де осы екі саланың өкілі болар деп ойлап отырмын. – Жоқ (күліп). Жалпы, мен Нью-Йорктің батыс аймағында орналасқан Рочестер қаласында туып-өстім. Мектеп бітірген соң Нью-Йорк қаласындағы Фордем университетінде халықаралық қарым-қатынас және француз тілі мамандығы бойынша білім алдым. Негізі, мен көп тіл үйренгенді жақсы көремін. Қазақ тілі – мен үйренген төртінші тіл. Ағылшынды есептемегенде, испан және француз тілдерін жетік білемін. Отбасымда мен ғана бірнеше тілде сөйлеймін. Бала күнімнен әңгімелескенді, біреумен шүйіркелескенді жақсы көремін. Мектепте оқып жүргенде көп сөйлейтінім үшін келеңсіз жағдайларға тап болған кезім көп болды. Бір орында тұрмайтын, өте белсенді бала болып өстім. – Сіз секілді полиглот болғысы келетін адам әлемде ең көп таралған он тілді білуге тиіс. Бірақ сол ондыққа кірмейтін қазақ тілін таңдауыңызға не түрткі болды? – Бала кезде географияға қатты қызықтым. Он жасымда ма екен, нақты есімде жоқ, Қазақстан туралы кітап– Сіз секілді Фулбрайтпен осында жұмыс істеуге келген немесе Эрасмус бағдарламасымен зерттеу жүргізуге келген шетеліктердің көбі алдымен орыс тілін үйреніп, сосын барып қазақшаны меңгереді. Ал сіз керісінше... – Қазақстанға келген шетелдіктердің көбі алдымен орыс тіліне қызығатыны рас. Өйткені олар Ресейге бара алмайтындықтан осында келіп үйренеді. Ал менің орыс тілін үйренуге тіпті де қызығушылығым жоқ. Мені қызықтыратыны – Қазақстан мәдениеті мен қазақ тілі. Бүгінде айналам үнемі орысша сөйлейтіндіктен мен орысша түсінемін. Бірақ ол тілді қазақ тілі секілді жақсы білмеймін. Бір қызығы, бес жыл бойы қазақ тілін үйренсем де, Қазақстанға келген кезде біраз сөзді ұмытып қалыппын. Бірақ алты ай ішінде есіме түсіріп, қазақшамды жақсартып алдым. Бірақ сонда да осында қазақ тілін үйрететін курсқа қатысып жүрмін. Негізі, мен орыс тілін жетік білсем де, бәрібір қазақ тілін үйреніп алатын едім. Себебі Қазақстанға жұмыс істеуге келгендіктен мұндағы мемлекеттік тіл – қазақ тіліне қызығушылық танытпау тіпті ұят. Таразда орыстар аз тұратынын байқадым. Такси шақырғанда болмаса орыс тілін көп қолданбаймын. Бірақ кейде тілім жетпей, орыстарға қазақша сөйлесем, түсінеді. Ал Алматы мен Астанада жағдай басқаша. Онда барғанда орыс тілін білетін досымды қасыма ертіп аламын. Ол түсінбеген жерімді аударып береді. – Қазақшаңыздың деңгейін қалай өлшер едіңіз? – Қазір елу пайыз білемін деп айта аламын. – Біз сұхбаттасқан шетелдік мамандар қазақ тілін үйрену қиын екенін алға тартады. – Ал мен олай ойлаймын. Қазақ тіліне қарағанда орысшаны үйрену әлдеқайда қиын секілді. Дегенмен маған қазақ тілін оңай үйренуге септігін тигізген екі фактор бар. Біріншіден, мен орыс тілін білмеймін. Орыс тілін білетіндер қазақшаны үйренуге көшкен кезде жаңылысып, шатасып жатады. Әсіресе, дыбысталудан қиналады. Мысалы, жақсы дегенді жакси деп айтады. Ал мен алдымен қазақша дыбысталуды естігендіктен маған онша қиын болмады. Екіншіден, жоғарыда айтқандай, мамандығым француз тіліне қатысты болғандықтан, шетелдіктер айта алмай қиналатын ә, қ,ғ, ө, қ төл дыбыстары француз тілінде де бар. Сондықтан ол дыбыстарды акцентсіз дыбыстау маған түк емес. Жалпы, қазақ тілі – әуезді тіл. Бәрінен бұрын маған оның дыбысталуы ұнайды. Сондай-ақ мен түрік халқының тілдеріне қатты қызығамын. Қазақ тілін үйреніп алсам, өзбек, қырғыз, түрік тілдерін үйрену еш қиын емес деп ойлаймын. – Қазақстандағы АҚШ елшілігі таратқан ақпаратта қазақ тілін Ninety One тобының әндері арқылы үйренгеніңіз туралы жазылады. Расымен, тіл үйренуге олардың репертуары септігін тигізді ме? – Иә. Қазақ тілін қайтсем үйренсем болады деп жүргенде YouTube-тан қазақтілді музыка іздей бастадым. Сол кезде Ninety One секілді жаңашыл әрі тек қазақша ән айтатын топтың бар екенін білдім. Олардың бейнебаяндарынан бөлек, сахна сыртында, ел ішін аралағанда түсірген, Ninety One Space деген атпен шығатын бейнетоптамалардың бәрін қарап шықтым. Мұның маған көмегі көп тиді. Олардың әнінен ғана емес, сол видеоларда өзара өрбіткен әңгімесінен қазақша әріптерді қалай дұрыс дыбыстау керек екенін, акцентсіз қалай сөйлеуге болатынын үйрендім. Сонымен қатар Қазақстанның біраз көрікті жерлерін көрдім. Байқағаным, мен тыңдау арқылы тез үйренеді екенмін. Топ мүшелерінің әңгімесін тыңдап, акцентсіз сөйлеуге тырысып-бақтым. Олардың бұрынғы видеоларында ара-тұра орысша сөйлеген тұстары бар, бірақ соңғы жылдары түсірген видеоларында тек қазақша сөйлейді. Айтпақшы, олардың өткен жылы желтоқсанда Астанада өткен концертін тамашалап, тамсанып қайттым. Өткенде елшілік таратқан ақпараттың астына Ace пікір қалдырыпты. Ал Zaq өз парақшасына жүктеді. – Тағы бір байқағаным, біздің елге ұзақ уақыт тұрақтайтын шетелдіктер ел мәдениетімен жақынырақ танысу үшін қала ішін емес, ауыл-аймақты аралағанды жөн санайды екен. Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан сіздің де ауылды жерлерге барғаныңызды байқадым. Не көрдіңіз? Не түйдіңіз? – Ауыл мектептеріне презентация жасауға барған сапарымнан үлкен әсер алып қайттым. Мектептердің заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталғанын, тіпті түрлі эксперимент жасауға болатын зертхананы көріп, таңғалдым. Сосын досыммен бірге оның ауылы Сарыкемерге қонақ болып бардым. Сол кезде қазақтардың расымен ел айтқандай, өте қонақжай халық екеніне көзім жетті. Былай қарап тұрсаң, олар мені мүлде танымайды. Бірақ туғанындай күтіп, асты-үстіме түсіп, көңілімді аулаумен болды. Тағы бір қызығы, мен жалдап тұрып жатқан пәтердің иесі әпкесінің туған күніне шақырды. Оның үлкен отбасымен бірге таңға дейін караокеде ән салып, көңіл көтеріп қайттым. Керемет кеш болды. Ешбірі ағылшынша білмейді. Сондықтан бір күн бойы тоқтамай қазақша сөйлеуіме тура келді (күліп). Дегенмен бұл мен үшін бір сынақ болды, себебі оған дейін бұлай ұзақ уақыт қазақша сөйлеп көргенім жоқ. Бірақ мені бөлмей, «Бері кел!» деп бауырына тартқаны көңіліме жылу сыйлады. Үлкен отбасы демекші, Қазақстанда апасы, атасы, ата-анасы, ағалары мен әпкелерінің бір үйде тұратынын көріп таңғалғаным бар. Бізде Америкада ата-анамен бірге тұру құптала бермейді. – Бұл әркімнің жеке кеңістігі болу керек дегенге келіп сая ма? – Дәл солай. Біздің отбасы мәдениетінде ата-анаң ересек атанғанға дейін қамқор болады. Ал есейіп, бой түзеген соң сен бөлек шығып, өз жолыңмен кетуге тиіссің. Одан кейінгі өмір жолыңда ата-анаң саған көмектеспейді. Бәріне бір өзің қол жеткізуің керек. – Биыл жазда Тараздағы жұмыс мерзіміңіз аяқталған соң не істейсіз? Қандай жоспарыңыз бар? – Бұйырса, жазда Америкаға қайтамын. Онда дайындалып, Швециядағы университеттердің біріне магистратураға оқуға тапсыратын ойым бар. Табиғатты ерекше жақсы көретіндіктен, алдағы уақытта экология саясатына қатысты жұмыс істегім келеді. Магистратурада осы сала бойынша білімімді жетілдірсем деймін. Сосын магистратураны аяқтаған соң Қазақстанға қайтып келуім мүмкін. Алдағы уақытта Алматыда тұрсам деп ойлап жүрмін. Айтпақшы, Америкаға қайтарда қазақ тілін қаншалық меңгергенімді анықтап, тесті тапсырмақпын. Маған қанша ұпай алатыным қызық болып тұр. Егер жақсы ұпай алсам, сертификатты түйіндемеме «қосып» қоямын. Бәлкім, болашақта мұның көмегі тиіп қалар. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ