Жаңалықтар

Африканың экзотикалық құстарын өсіретін Маңғыстау тұрғыны

ашық дереккөзі

Африканың экзотикалық құстарын өсіретін Маңғыстау тұрғыны

Маңғыстау облысы Батыр ауы­лы­ның тұрғыны Бекен Қаржау­баев экзотикалық құс өсірумен айна­лы­сады. Бүгінде оның фермасында ерек­ше құс­тардың қырыққа жуық түрі бар. Африкалық, ауст­ра­лия­лық түйеқұс, тауыс, қырғауыл, күр­кетауық сияқты құстарды ба­ғып, табыс көзіне айналдырған ол бір жағы­нан әке кәсібін жалғастырса, екін­шіден туған жерін­дегі туризмді да­мытуға үлесін қосып отыр. Бекен Қаржаубаев шаруашылық жұмысын алдымен әкесі бас­тағанын айтады. Ал шетелде білім алған өзі құс өсіремін деп мүлде ойламапты. «Негізгі табыс кө­­зі­міз – үй құс­тары­ның етін сату. Тауық, үй­рек, күр­ке­тауық, қаз, бөдене және қыр­ғауыл еті жақсы өтеді. Күтіміне, жыл мез­гілдеріне қарай әр­түрлі мөл­шерде ет береді. Сатып алу­шылар соған сай тап­сырыс беріп жатады. Құстардың ар­тылғанын мау­сымға қа­рай сатуды жо­л­ға қойғанбыз. Көп құсты бірден са­тып алатын адам­дар да бар. Негізгі жұ­­мысымыз құс еті мен жұ­мырт­­қа­сын өндіру бол­ған­дық­тан, осы істі ары қарай жалғас­тыра бе­реміз», – дей­ді Бекен Қар­жау­баев. Құс өсірушінің ай­туын­ша, жасы үл­кен түйе­құс­ты баптау оңай болса, ба­ла­панын өсіру үшін біраз күтім қа­­­жет. Бұл құс бір жылда 50 санти­метрден екі жарым метрге дейін өсе­­тіндіктен ақуызбен және каль­ций­­мен жақсылап қоректендіру ке­рек. Түйеқұстың еті ақуызға бай. Ал жұ­мыртқасының үлкендігі сон­ша, пі­сіргенде біреуінің өзі он адам­ға же­теді екен. Жалпы, фер­мер экзо­ти­калық құстардың еті мен жұмырт­қа­сы пайдалы екенін айтады. Мысалы, түйеқұстың еті мен жұ­мырт­қасын спорт­шылар мен сырқаты бар жан­дар диеталық ас ретінде тұтынады екен. «Етке өсіретін болсаңыз, қым­бат­қа шығады. Құстардың жемін өзіміз дайындаймыз. Себебі елімізде түйе­құсқа құрама жем жасайтын зауыт жоқ. Біреуі күніне 4-5 келі жем жейді. Ба­лапандары мен жұмыртқасын жыл­да сатамыз. Жеуге арналғаны мен балапан басатын жұмырт­қа­сының бағасында біраз айыр­ма­шы­лық бар. Негізі, түйеқұстың жұ­мырт­қасы өте қымбат», – дейді құс өсіруші.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ