Тендердегі теңдікке қашан жетеміз?
Тендердегі теңдікке қашан жетеміз?
Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзету енгізілетінін мәлімдеді. Бұған дейін Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі туралы заң жобасы әзірленіп, жария талқылауға шығарылған болатын.
Жалпы, еліміздегі әрбір бесінші жемқорлық қылмыс мемлекеттік сатып алу саласы арқылы жасалады екен. Ал мұның салдарынан бюджетке миллиардтаған шығын келеді.
Мемлекеттік сатып алу жүйесінде қандай өзгерістер болмақ? Бұл шаралар жүйені реттей ала ма?
Әрбір бесінші жемқорлық «мемсатыпалу» арқылы жасалады
Мемлекеттік сатып алу жүйесі қазірге дейін ақша жымқырғысы келгендер үшін үлкен алаң болып отыр. Статистикаға сәйкес, жалпы бюджет шығыстарындағы мемлекеттік сатып алу үлесі шамамен 30 пайыз, бұл – 4 триллион теңге немесе еліміздің ЖІӨ құрылымының 5 пайызы. Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы осы салада жасалады.
Мемлекет басшысы да көптеген жылдар бойы сыбайлас жемқорлық пен ысырапшылдық бюджет процестерінің барлығында байқалғанын атап айтқан еді. Қаншама шара қабылданса да, жағдай айтарлықтай өзгермеді. Осыған байланысты квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу мен сатып алудың барлық жүйесін қайта қарау туралы тапсырма берілген еді.
Жалпы, бұл саладағы қылмыстардың 80 пайызға жуығы бюджет қаражатын ұрлау және орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде пара алуға байланысты тіркеледі екен.
Жөнсіз бағалар, жосықсыз қатысушылар
Негізінен, мемлекеттік сатып алудағы жемқорлық фактілері құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларында ең көп кездеседі. Мысалы, Қызылорда облысында мәдениет басқармасының басшысы 2021 жылы Жалаңтөс Бахадүр ескерткішіне байланысты бір миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталған еді. Сондай-ақ Атырау облысы әкімінің орынбасары Абай ескерткішін орнатуға 145 миллион теңгеге шарт жасасқаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деп айыпталып, бас бостандығынан айырылды.
Оған қоса, жақында Абай облысында, нақтырақ айтқанда Семей мәдениет сарайы 38 миллион теңгеге кеңсе креслосын сатып алмақ болған еді. Жалпы, мұндай оқиғалар өте жиі кездесіп жатады.
Одан бөлек, 8 ақпанда 48 миллион теңгеге «АТТИК-СТРОЙ» деген құрылыс компаниясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен тендер алғаны туралы ақпарат қызу талқыланды. Тендер алғаны шу көтермеді, әрине мұндағы мәселе – компанияның құрылыс компаниясы болып шыққанында.
Яғни, компания «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің, гуманитарлық және техникалық оқулықтардың, іскерлік әдебиеттің әлемдік үздік үлгілерін мемлекеттік тілге аудару және электрондық форматта тарату қызметтері» бойынша тендер жеңімпазы атанған.
Дегенмен артынша министрлік даулы мәселеге ресми жауап берді.
– Жасасқан шарт бойынша өнім беруші 2022 жылдың 15 желтоқсанына дейін шартта көрсетілген он бес кітапты ағылшын тілінен қазақ тіліне аударып, электрондық e-PUB форматында және аудио нұсқаларын дайындау, сондай-ақ кітаптардың құқық иеленушілерінен оларды қазақ тіліне аударуға және таратуға рұқсат беретін авторлық құқық алу міндетін мойнына алды, – деді министрлік.
Алайда өнім беруші өзіне жүктелген міндеттемелерді уақытытынан кеш, сапасыз әзірлеп, материалдарды толық өткізбеген. Министрлікке кітаптардан көптеген грамматикалық және техникалық қате анықтаған. Бұдан басқа, аударылған 15 кітаптың тек 8 кітабына ғана авторлық құқық алынған.
– Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес жасасқан шарттың талаптарына және техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін сапасыз материалдарды қабылдамау туралы шешім қабылданды. Министрлік Өнім берушіні шарттың талаптарын тиісті түрде орындау қажеттігі туралы алдын ала бірнеше рет хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шартты бұзу туралы шешім қабылдады, – деп түсіндірді министрлік.
Қазір «Аттик-Строй» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану бойынша сот процестері жүріп жатыр екен.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы заңсыздықтар, әсіресе мерекелердің тұсында қарқын ала түседі. Мәселен, коронавирус кезінде Шымкент қаласында «ұйымдастырылғын» наурыз, осы тұста Астанада өткен ақынның авторлық кеші, осылай кете береді. Биылғы жаңа жыл қарсаңында Павлодар облысы Ақтоғай елді мекеніндегі жаңажылдық шыршаны сатып алуға 7,8 млн теңге бөлінген.
Сонымен қатар шарт мемлекеттік сатып алу порталында 28 желтоқсанда сағат 10.31-де жасалған және екі сағаттан кейін жергілікті әкімдік орындалған жұмыстар актісіне қол қойған. Шарт жасасуға, шыршаны орнатуға және безендіруге 2 сағат қана уақыт кеткен. Оған қоса, шыршаның бағасы оның «жағдайына» сәйкес келе қоймайды.
Жалпы, мұндай жағдайларда қоғамдық бақылау өте маңызды болып келді. Ақылға сыймайтын бағалар мен заңбұзушылықтарды байқап, хабар берген азаматтар мен мамандардың өтініштері мен арыздарынан кейін қаншама бюджет қаражаты үнемделіп жатады.
«Бір көзден сату» азаймай тұр
Жалпы, мемлекеттік сатып алу тәсілінің ішінде бір көзден сатып алу тәсілі ең көп тараған және сыбайлас жемқорлық қылмыстары жасалу мүмкіндігі ең жоғарысы саналады. Осыған қарамастан, мұндай сатып алулардың үлесі әлі де жоғары болып отыр. Кейбір аймақтарда сатып алудың төрттен үш бөлігі осындай бәсекеге қабілетсіз түрде жүзеге асырылады.
Zertteu Research Institute зерттеуінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік саты палу порталында 11,3 триллион теңгеге келісім-шарт жасалған. Оның 78 пайыздан астамы ашық және бір көзден сатып алу арқылы жасалыпты.
2015 жылғы 4 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыла бастады. Заң қабылданған соң жоспарлаудан бастап төлемге дейінгі барлық рәсімдер электрондық форматқа ауыстырылды. Камералдық бақылау және электрондық шағым беру енгізілді. Мемлекеттік сатып алу жүйесін толық цифрландыруға байланысты сатып алудың толық ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етілетіні айтылды.
Еліміздің электрондық сатып алу жүйесі Global Data Barometer сәйкес, мемлекеттік сатып алулар деректерінің қолжетімділігі бойынша әлемдік рейтингте 3-орын иеленді.
Мұның барлығы саланың ашықтығына, тазалығына жол ашуы керек еді. Соған қарамастан, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты мәселелер шешілмеген күйінде қалып отыр. Бір айта кетерлігі, 2015 жылдан бері мемлекеттік сатып алуға байланысты заңға 30-дан астам өзгеріс енгізілген екен.
Жымқырудың әдіс-тәсілі күрделеніп барады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыс, бюджет қаражатын ұрлау тәсілдері мен әдістері жыл сайын күрделене түскенін мәлімдеді. Сондықтан мұндай фактілерді анықтау қиынға соғады екен. Жалғыз жол – олардың себептері мен жағдайларын жою.
Үздік әлемдік тәжірибе мен халықаралық ұйымдардың ұсыныстары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте оның алдын алу маңызды екенін айтады. Аудан, ауыл деңгейінде халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін кедергілерді, оның ішінде бюрократияны, сыбайлас жемқорлыққа әкелетін себептерді анықтау және жою міндеті тұр.
Елімізде бұған байланысты атқарылып жатқан шаралар аз емес, дегенмен нәтиже жағы ақсап тұр.
Жалпы, «тендер» десе, бірден жемқорлық елестейтіндей жағдай қалыптасқаны жасырын емес. Ал мемлекеттік сатып алу жүйесі де, заң да жыл сайын жетілдіріліп жатыр, бірақ жағдай аса қатты өзгере қойған жоқ. Дегенмен алда атқарылатын шаралар нәтиже беретініне жауаптылар сенімді.
Жаңа заң жобасы Парламентке күзде түседі
Жалпы айтқанда, мемлекеттік сатып алу жүйесінде бірізділік жоқ. Бір өнім, қызмет немесе жұмыстың бағасы бір қаланың өзінде әртүрлі болуы мүмкін. Ал бұл бюджет қаржысын қарпып қалуға жол ашады. Осы мәселе былтыр жыл соңына қарай Сенат қабырғасында да көтерілді.
Парламент Сенатының экс-депутаты Мұрат Бақтиярұлы коронавирус пандемиясы кезінде өкпені жасанды желдету аппараттарын өз бағасынан бірнеше есе қымбатқа саудалағандар көп болғанын, сол уақытта мемлекеттік сатып алулар жеңілдетілген тәртіппен жүргенін алға тартты.
– Алайда қазір де құны қымбат тендерлер аз емес. Себебі заң бойынша бюджет әкімшісі өнім берушілер ұсынған бағаға келісуге мәжбүр. Ал байқауға қатысатын мердігерлер өзара келісіп, жоғары баға белгілеуді әдетке айналдырған, – деген еді сенатор.
15 ақпанда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутатының сауалына жолдаған жауабында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзету енгізілетінін мәлімдеді.
– «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес әлеуетті өнім берушілерге жұмыс тәжірибесінің болуы жөнінде біліктілік талабы қойылады. Жұмыс тәжірибесінің болуы жөніндегі талап мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидасына сәйкес белгіленеді. Сонымен қатар әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесі болуы үшін конкурстық баға ұсыныстарына шартты жеңілдіктер қолданылады, – деп айтылған жауапта.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесін есепке алу мәселелері реттелмеген еді.
– Осыған байланысты қазіргі уақытта қайта ұйымдастыру (бірігу, қосылу, бөлу, бөлу, қайта құру) нәтижесінде жұмыс тәжірибесін алған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарауды регламенттеу мақсатында Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жоғарыда аталған қағидаға өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін есептеуді реттеу жөнінде түзету әзірленіп жатыр. Өз кезегінде осы мәселе бойынша тиісті ақпараттық түсініктеме қағидаға өзгеріс енгізілгеннен кейін мемлекеттік сатып алу порталында жарияланады, – деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы электронды Үкімет порталына жария талқылауға шығарылған болатын. Жаңа заңның жобасы Парламентке күзде түседі.
– Мемлекеттік аудиттің электрондық сегментін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бұл ретте тәуекелдерді басқару жүйесі жетілдіріліп жатыр. Оған жаңа 68 тәуекел индикаторы енгізілді және квазимемлекеттік сектордың 8 мың субъектісі бойынша мәліметтер алынды, – деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Министр бюджетті онлайн режимде мониторингілеу жобасы іске асырылып жатқанын, сол арқылы мемлекеттің шығыстарын жоспарлаудағы тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылатынын айтты. «Бұл бізге бюджетті жоспарлау деңгейінде камералдық бақылауды енгізуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.
Заң жобасында ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдыққа ие болатыны, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай платформасын құру бастамасы көтерілген. Бұған дейін нақты осы мәселеге шағым айтушылар көп болды. Сатып алу жүйесі бойынша кім ең аз баға ұсынса, сол бірден жеңімпаз деп танылатын. Әуелде айтып өткен аударма мәселесінде де осындай жағдай болғанын министрлік өкілдері мәлімдеді.
Одан бөлек, қатысушының біліктілігін, сенімділігі мен беделін сипаттайтын индикаторлар тізбесі бойынша өнім берушілердің балдық рейтингін енгізу де айтылыпты.
Экологиялық, әлеуметтік және экономикалық факторларды ескере отырып, жеткізушілерді іріктеудің басым элементтерін енгізу ұсынылады – компанияда қоршаған ортаны қорғау, инновациялар, ШОБ, мүгедектігі бар адамдарды қолдау және басқа да мәселелер ескерілмек екен.
Жалпы, құжаттың жаңалығы осылар болды.
Ал Үкімет басшысы әлі де атқаратын жұмыстар барын айтты. Осыған қарағанда, жүйеге әлі де біршама өзгеріс енгізіліп, жетілдірілетін сияқты.
Бұдан бұрын Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік сатып алу шараларын реттеуді тапсырған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәсілдері мен кейбір даму институттарының қызметін түбегейлі қайта қарауды тапсырғанын еске салып, Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің ашық әрі түсінікті механизмін барынша қысқа мерзімде дайындауды жүктеген еді.
– Мұнда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесін қысқарту мәселесін пысықтау керек. Қаржы министрлігі аталған тәсілмен мемлекеттік сатып алудың негізділігі бойынша тиісінше бақылауды қамтамасыз етсін, – деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорын Қаржы министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, қор мен оның еншілес компанияларының сатып алуды жүзеге асыру процесін бір құжат деңгейінде қайта қарауға міндеттеді. Себебі бұған дейін аталған қордың мемлекеттік сатып алу бойынша басымдыққа ие болуы наразылық тудырып келген болатын.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік сатып алу жүйесі әлі де көптеген өзгерісті қажет етеді. Ең алдымен, қоғамдық бақылау басты орында болып тұр. Жаңалықтардың нәтижесі қолданысқа енгеннен кейін байқалады. Ал сатып алу жүйесін бақылайтын үш негізгі жауапты органның барлығын бірдей қадағалауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қоғамдық бақылаудың маңызы зор болып тұр.