Мені спортшы емес, қазақша сұхбат беретін қыз деп танитын болды

17 ақпан, 2023 / Эльмира Жақсыбайқызы
ашық дереккөзі
Мені спортшы емес, қазақша сұхбат беретін қыз деп танитын болды Қазір спортта Әбиба Әбужақынованың есімі жиі аталып жүр. Қазақ қыздары ара­сы­нан алғаш рет дзюдодан әлем чемпио­на­ты­ның жүлдесін жеңіп алған спортшымыз осы жылды да жарқын жеңістермен бастады. Жуырда Португалияның Алмада қаласында өткен Гран-при турнирінде көрермен тарихи сәт­ке куә болған еді. Жылдың алғашқы бә­секесінде бірінші рет әйелдер арасында екі қа­зақ дзюдошы финалда кездесті: Әбиба Әбу­­жақынова мен Ғалия Тынбаева. Алтын үшін айқаста Әбиба Әбужақынова жеңіске жет­ті. Осылайша, екі қазақ қызының бірі ал­­тын, екіншісі күміс медаль еншілеп, ел ме­­рейін асырды. Бұдан кейін бұрымды балуан Франция астанасы Парижде өткен әлем­­дік түрнирдің бозкілемінде белдесіп, үз­­дік үштіктің қатарынан көрінді. – Осы жыл сен үшін жақсы жаңа­лық­тармен басталды. Екі ай­дың ішінде екі жүлдеге ие болдың. Парижде көрсеткен өнеріңе көңілің толды ма? – Шынымды айтсам, Португалияда бірін­ші орын алғаннан кейін Парижде де дәл сон­дай нәтиже көрсетемін деген ниетпен бар­ған едім. Бірақ үшінші орын алып қалдым. Не­гізі, қалаған жетістікке қол жеткізуге бола­тын еді, өзімнен болды. – Дегенмен үздік үштіктен көрінудің өзі – үлкен жетістік. Қандай қателік жі­бер­дім деп ойлайсың? – Асығыстық жасадым. Әдіс жасаймын деп, қарсыласыма есе жіберіп алдым. – Португалияда өткен турнирдің ақ­тық сы­нында отандасымыз Ғалия Тын­бае­вамен бел­дестің. Расында, екі қазақ қы­зының фи­нал­да күресуі – тарихта бол­маған жағдай. Мұ­ны қалай қабыл­да­дыңдар? «Күреспей-ақ қояйық» деген ой болды ма? – Ғалия екеуміз Қазақстанда талай күре­сіп жүрміз ғой. Бір-бірімізді жүз пайыз бі­леміз деп айта аламын. Өйткені жай жат­ты­ғулардың өзінде белдесеміз. Кейде ол, кейде мен жеңемін. Тең түсетін сәттер де болады. Бір­ақ шетелдік жарыстарда кездеспеген едік. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Ең бас­тысы, әлем алдында елі­міз­дің абыройын асырға­ны­мызға қуандық. Жалпы, қай жа­рысқа барсақ та, алдымен елдің, қазақтың на­мысын қорғау үшін аттанамыз. Әлі де осы жол­да еңбектене береміз. Әрине, екі қазақ қызы шығып тұрған­дық­тан, қарқынымыз қатты болмады, аяу­шы­лық сезімі басым болып, жай күрестік. Ға­лия да маған аса қатты күш салған жоқ. Бірақ кім жеңсе де, екеуміз де Қазақстан үшін күрестік. Өтірік күрессек немесе бозкілемге шықпасақ, медаль бермейтін еді. Осы жарыстың жартылай финалында тә­жірибелі израильдік спортшымен бел­дестім. Бұған дейін онымен үш рет күрес­кенмін. Бір рет жеңіп, екі рет жеңілген едім. Соны Португалияда жең­генімде көңілім орнына түскен­дей болды. – Бала күніңде көркем гим­нас­тикамен де айналысқан екенсің. Алайда қалауың дзю­доға ауып, елге кө­шіп келген­нен кейін үздік нәти­же­лерге қол жет­кізіп ке­­лесің. Жеңіс­­ке же­туіңе үле­сін қос­қан бап­­кер­лерің тура­лы да білгіміз келеді. – Өзбекстанның Таш­кент облысындағы Шыр­шық қаласында дүниеге кел­дім. Әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан әр қазақтың жүре­гінде «Атамекенге оралсақ» деген арман бо­лады ғой. 2014 жылы Шым­кент қаласына көшіп келдік. Алматыдағы рес­публикалық спорт кол­лед­жінде оқыдым. Не­гізі, бала кезімнен спортқа жақын болдым. Анам бейімімді бірден байқады. Дзюдомен он жасымнан бастап айналысып келемін. Елге келген соң Азия ойындарының, құрлық чем­пионатының жүлдегері атанған дзю­дошы, білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтің қара­ма­ғында жаттықтым. Кейінгі жылдары Атырау қаласына ауыс­тым. Ол жақтағы бапкерім – Мейіржан Есма­ғам­бетов. Осы орайда бізді жеңіске жетелеп, жа­рыстарға дайындап жүрген бапкерлеріме ал­ғыс айтқым келеді. – Спортшы үшін дайындықтың маңы­зы зор. Жаттығу жұмыстарына қан­ша уақытыңды жұмсайсың? – Дұ­рыс ай­­та­сыз. Біз­де жос­­пар бір жыл бұ­­рын бекі­тіледі. Қай жер­­­де қан­дай жа­рыс­­тар өте­ді? Оған қай спортшы қа­­ты­са­ды? Со­ның бәрі ал­дын ала анық­талады. Өйт­ке­ні спорт­­шы оған дайын­далуы керек. Жа­рыс басталардан бұ­рын оқу-жат­тығу жиындарына қатысамыз. Кү­ніне үш уақыт жаттығамын. Таңертеңгі сағат 7-де, 10-да, содан кейін кешкі 5-те. Жалпы, жат­ты­ғуға күніне 5-6 сағатымды арнаймын. Спорт­шы үнемі формада болуы керек. Сол үшін ты­рысамыз. – Ең жеңіл салмақта, яғни 48 келіде күресесің. Бір салмақты ұстап тұру қиын емес пе? Қандай тағамдардан бас тартуға тура ке­леді? – Ешқандай шектеу қоймаймын, барлық тамақты жей беремін. Салмағым ары кетсе 52 келіге дейін барады. Жарыс жақындағанда, кө­біне 3-4 күн қалғанда арықтаймын. Бірақ осы Португалиядағы жарыста аздап қинал­дым. 200 грамның өзін азайту оңай болмады. Не істесем де түспей қойды. Өйткені оның ал­дында темір көтерген едім. Күшке жұмыс істеп, содан бұлшық ет өсіп кеткен болуы ке­рек. Негізі, бұлшық етім тез өседі, бұл бір ап­та темір көтергеннің өзінде байқалып жа­тады. Ал Парижге барғанда барынша тыры­сып, салмағымды ұстап тұр­дым. – Спорт­шы фор­мада бо­луы үшін та­ғы нені ес­кер­уі керек? – Спортшы уа­қы­тында ұйықтауы ке­рек. Егер түн­де кеш жат­­саңыз, та­ң­ер­теңгі жат­­ты­ғуға де­неңіз дайын бол­май­ды. Сол үшін жа­ра­­­қат алып қа­ла­тын кездер бо­лады. Себебі миың дема­лып тұрғанмен, ағзаң де­малмайды. Күніне үш мезгіл жат­тық­қан­нан кейін ертеңге де энергия жи­нау қажет. Адам біраз уақыт жаттығу жа­са­май жүріп, бірден кіріскенде де жа­ра­қат алып қалуы мүмкін. Себебі оның организмі ояу емес, оған дайын емес. Қарсыласыңды көз ілеспес жыл­дам­дықпен лақтырып, денеңе күш түс­кен кезде аяқ-қолың шығып, жа­ра­­қат алғаныңды білмей қаласың. – Отбасың туралы да айта отыр­саң. Бауырларың да спортқа жа­қын ба? – Төрт ағайындымыз: үш қыз, бір ұл. Мен ортаншысымын. Екі әпкем, өзімнен кейін інім бар. Үйде мен ғана спортқа жақынмын. – Мектепте қай пәнді сүйіп оқыдың? – Сүйікті пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Абай атамыздың, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттап өстік. – Айтпақшы, өзге тілде қойылған сұ­раққа қазақша жауап берген бейне­жаз­баң әлеуметтік желіге тарап, біраз тал­қыланған еді. – Иә, сол бейнежазба көп жерге тарап ке­тіпті. Қазір кезіккен адамдар қасыма келіп, «Қазақша сұхбат беретін қыз сен бе едің?» деп жа­тады. Осылайша, мені спортшы ретінде емес, қазақша сөйлеп, сұхбат беретін қыз ре­тінде танитын болды. Бұл, әрине патриот­тық сезім сыйлайды. Өзіме тек туған тілімде сөйлеп, көк Туымды көтеріп жүремін деп уәде бер­генмін. Бәрі қазақша сөйлесе деймін. Өз ті­лімізді өзіміз көтермесек, басқа кім кө­тереді? Елімнің патриотымын. Қазақ екенімді мақтан тұтамын. Қазақтың қыздары әлемді бағындыратындай спортшы болса деймін. Елімді әлемге танытқым келеді. – Дзюдо спорты қыз бала үшін оңай емес. Жарақат алып қалатын сәттер жиі бола ма? – Дзюдо – ерекше спорт. Мінез-құлқыңды жақсартуға, өмірде жақсы адам болуға тәр­биелейді. Иә, жарақат алатын сәттер жиі болады. Бірақ бұл спортты жақсы көрген соң бәріне шыдайсың. Жарақат алған кезде жаттықтырушыларым көмектеседі. Бізге қарайтын спорт дәрігерлері бар. Жарақат алған жерге арнайы жаттығу жасаймыз, жа­зылғанша демалыс береді. Емдеуге бір-екі ай уақытымыз кетеді. Негізі, өзің жақсы көріп істеген жұмыстың қиындығы жоқ. – Татамидегі басты қарсыласың жа­пон қыздары ма? – Иә. Дзюдо спорты сол елден шық­қан­дық­тан болар, жапон елінің спортшылары мық­ты. Сосын Францияның қыздары да осал емес. – Көрермен сені келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасының бозкілемінен көре ала ма? – Басты мақсатым – төртжылдықтың басты додасында топ жару. Кейінгі жеңіс­терден соң өзіме үлкен жауапкершілік жүктелетінін сезінемін. Сол күнге аман-есен жетіп, биік белесті бағындырсақ деп ойлаймын. Сондықтан шетелде өтетін ірі халықаралық турнирлерге қатыса жүріп, Париж Олимпиадасына да дайындаламыз. Қазір мамыр айында Қатарда өтетін әлем чемпионатына дайындық үстіндеміз. – Әңгімеңе рақмет!

Сұқбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ