Панаң қауіпке айналса...

Панаң қауіпке айналса...

Панаң қауіпке айналса...
ашық дереккөзі
Өзгермейтін, тұрақты ештеңе де жоқ. Ғарыш, әр планета, қоршаған ор­та, адам және әлеуметтік қатынастар – бәрі өзгереді, жоғалады, пайда болады, жаңарады. Табиғат пен қоғам үнемі қоз­ға­лыста. Таулар үгіледі, тастар мүжіледі, сулар тартылады, тіпті табан астындағы қайыспас, мызғымас қара жер де жыл­жиды, көшеді... Диалектикалық материализмнің таптаурын тұ­жырымындай ес­тіл­генімен, ғаламның осынау бұлжымас заңдылығы Түркия мен Сириядағы зіл­­за­ладан соң біраз адамды ойландырғаны анық. Біз де ойландық. Алаңдадық деге­ні­міз дұры­сырақ болар. Себебі Түр­киядағы апаттың сал­да­рын алдымен қа­персіздік, сонан соң сапасыз са­лын­ған үй­лер одан сайын ауырлатқанын бар әлем жа­рыса жазып жатыр. Ал сапасыз құ­рылыс ны­сан­дары бізде әуелден ай­ты­лып жүрген мәселе. Алматы қаласының әкімі Ерболат До­саев биыл қалада қайтадан сейсмоау­дит жүргізіп, ғимараттардың беріктігін тек­серетіне уәде берді. Табиғи құбылыс деген жерден сө­зімізді қайта жалғайық. Негізі, жер сілкінісі сирек кездесетін құбылыс емес: күн сайын әлем бойынша бірнеше дүм­пу тіркеледі. Сілкіністер негізінен мұ­хиттарда болады, егер ол ешқандай цу­нами, толқын тудырмаса, оны анықтау мүм­кін емес. Ал құрлықтағы дүмпудің кө­бінің күші әлсіз, арнайы құрылғының кө­мегімен ғана анықталатындықтан се­зіл­мейді, яғни көп ешкім біле бермейді. Ал негізінен, жерасты толқын секун­ды­на 8 шақырым жылдамдықпен қоз­ға­ла алады екен. Жер қыртысы бөлік­те­рі­нің қозғалысынан үйкеліс күші туындап, мак­сималды кернеуге жеткенде, үйкеліс күші қозғалыс энергиясына ауысады, да дүмпу сезіледі. Кейінгі 5 жылда еліміздің аума­ғын­да 66 сейсмикалық оқиға тіркел-іпті. Соның ішінде ең қаттырақ се­зіл­гені 2022 жылдың 28 желтоқсанында бол­ған. Эпицентрі – Алматыдан 190 ша­қырым жердегі Қырғыз Республикасы мен Қытай шекараласқан тұс. Жалпы айт­қанда, әуелде айтып өткен, тек құрал ар­қылы ғана анықталатын тербелістер. Жалпы, Алматыда сейсмикалық қауіп бар екені бұрыннан бел­гі­лі. Елімізде жер сілкінісін зерттеу 1920 жыл­дары басталған, 1976 жылы ғылы­ми-зерттеу институты құрылды. Қа­ла­ның арнайы сейсмологиялық картасы да сызылған. Сол зерттеулерге сүйенсек, Ал­­­­матыда 27 жерден тектоникалық жа­рық анықталған. Әрине, табиғаттың тосын мінезін болжап-білу аса қиын, дегенмен, қа­персіз отырғанның салдары ауыр еке­ні тарихтан мәлім. Бірқатар ел осындай ауыр сынақты бастан өткергеннен кейін құры­лыс нысандардың беріктігін, қауіп­сіздігін қайта қараған. Түркиядағы оқиғадан соң Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев биыл жазда қаладағы құрылыс ны­сан­дары мен тұрғын үйлерге тексеріс жүр­гізу­ге уәде берді. Сонымен қатар әкім бар­лық қауіп ескерілгенін, 2021 жылы қа­ланың сейсмикалық аймақтарының жаңа картасы әзірленгенін де қосты. – Алматыда 2020-2021 жылдары жаңа тектоникалық жарық¬тар пайда бол­ды. Жаңа бас жоспарда барлық қа­жет­ті талап, соның ішінде қауіпті жерлер ес­керілген. Абай даңғылының жоғарғы жа­ғы 10 балдан жоғары, Абай даңғы­лы­ның төменгі жағы 9 балл шамасында, – деді қала әкімі. Бұл, әрине ғалымдардың тұжырым­дары негізінде айтылған дерек. Нұрсәрсен ӨЗБЕКОВ, ТЖМ Сейсмология институты директорының орынбасары: Бізде сейсмикалық режим қалыпты – Түркияда мұндай жер сілкінісі бұ­рын­дары да болған. Осы жолғы жер сіл­­­кінісінің магнитудасы 7,8 болса (бұл ша­мамен 9 балл), онда 1999 жылы 17 нау­рызда Измитте болған жер сіл­кі­ні­сінің магнитудасы шамамен 7,6 болды. Ол кезде де біршама адам шығыны бол­ды. Бұл – бір ғана мысал. Жалпы, бізде сейсмикалық режим қа­лыпты. Соңғы бес жыл ішінде Қазақ­стан аумағында сейсмикалық құрыл­ғы­лар арқылы 40 мыңға жуық жер сілкінісі тір­келді. Нақтырақ айтар болсақ, 2018 жы­лы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жы­лы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жы­лы – 6900. Бұл –сейсмикалық фон, гео­логиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни, бұл жалпы әлсіз дүмпулер. Сондай-ақ айтарлықтай сезілген сілкіністер де бар. Соңғы бес жыл ішін­де Қазақстан аумағында 66 сейс­ми­ка­лық оқиға тіркелді. 2018 жылы – 20, 2019 жылы – 11, 2020 жылы – 15, 2021 жылы – 11, 2022 жылы – 9. Соңғы жер сіл­­кінісі өткен жылдың 28 жел­тоқ­са­нын­да Алматыдан Қырғыз Республикасы және Қытаймен шекарада 190 шақырым жерде болды. Жақында ғана бізде Алматы по­ли­гонының аумағында жер сіл­кінісінің орта мерзімді болжамы ту­ралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті ор­гандарға берілді. Осы қорытындыға сәйкес, 2023 жыл ішінде Алматы аума­ғын­да қатты жер сілкінісі күтілмейді. Сапасыз құрылыстың салдары ауыр Төтенше жағдайлар министрлігі былтыр Алматыдағы дүмпудің күші 9-10 балға дейін бара алатынын, мұн­дай жағдайда қаладағы құрылыс нысандарының 30 пайызы қирайтынын айтқан екен. – Алдын ала есептеулер бойынша, қар­­­қындылығы 7-8 балл болатын жой­қын жер сілкінісі кезінде ғимараттардың 30 пайызы толық және ішінара қирайды, 380 мың адамның (халықтың 23 пайы­зы) өміріне қауіп төндіреді, – деп айтыл­ған мәлімдемеде. Ал Түркияда 6 200-ден астам құры­лыс нысаны қирады. Қалалардың тұтас бір ауданы үйіндіге айналған. Жер сіл­кі­нісінен бері бір апта өтсе де, үйінділерді ар­шу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Адам шығынының осыншама көп болуы­ның негізгі себебі сапасыз үйлер­дің қирауымен байланысты болып отыр. Зілзала кезінде толықтай қираған тұр­ғын үй кешендерінің құрлысына жауап­ты азаматтардың тұтқындалуы осыны айғақтағандай болды. Түрік билігінің хабарлауынша, жер сілкінісі кезінде қираған ғи­мараттардың 98 пайызы 1999 жылға де­йін салынған. Осы жылғы тамызда Түр­кияның Измит қаласында Мәрмәр теңі­зі аймағында қатты жер сілкінісі бол­ды, осыдан соң Түркия сейсмикалық қауіп­ті аймақтардағы құрылыс ере­же­лерін күшейткен екен. Дегенмен үйдің қан­шалықты берік болуы, әрине, ең ал­ды­мен құрылысқа жауаптылардың ар-ұятына келіп тірелетін мәселе. Сапасыз салынған үйлер мен ны­сан­дар – біздің жер қара, күн жы­лыда бас ауыртатын мәселеміз. Дауыл мен жауынға шыдас бермейтін қағаз құ­рылыстардың қабырғасы қақырап, ір­гесі сөгіліп жатады. Одан бөлек, құ­ры­лыс са­ласы жемқорлық жайлаған са­ла­лар­дың қатарында екенін де білеміз. Бұл – жалпы жа­ғ­дай, жеке зерттеуді қажет ететін үл­кен бір тақырып. Ал Аматыдағы үйлердің жағдайына ерек­ше назар аудару керек. Тек­то­ни­ка­лық жарық нүктелері сілкініс кезінде жер­дің айырылып кету қаупі жоғары апат­ты нүктеге айналады. Алматыда мұн­дай қауіпті нүктелер Түрксіб ауданы ау­­­мағынан басқа қаланың барлық ау­данында кездеседі екен. Сақтық ша­ра­лары бойынша, үйлер, құрылыс нысан­дары ол нүктелерден ең кемі жарты ша­­­қырым алыс салынуы керек. Дегенмен қа­лада тура жарықтың үстінде тұрған ны­сандар мен тұрғын үйлер бар. «ҚазҚСҒЗИ» бас директоры Бегман Құл­баев қаладағы құрылыстарға жүйелі мо­ниторинг жүргізілмейтінін айтады. – Біздің ұйым кейінгі екі жылда 11 мың­ға тарта нысанның сейсмикалық жағ­­­дайын тексерді. Дербес нормативтік құ­­жаттардың талап-тары қатаң сақ­та­луға тиіс. Өкініштісі, 11 мыңнан астам үй­дің 35 пайызы сейсмика талабына сай емес, яғни қайта жөндеу жұмыстары қа­жет. Дегенмен бұл жерде қаладағы бар­лық нысан қамтылмаған. Осы істі ке­шеуілдетпей жалғастыру керек. Ал «хрущевка» саналатын үйлер толық бұ­зылуға тиіс, – дейді маман. Шайқаса да, шатқаяқтамайды Алматыда мүлде биік үй салуға бол­май­ды деген пікірді де жиі естиміз. Жа­понияда күн сайын қарқыны әртүрлі он­даған жер сілкінісі тіркеледі. Бірақ, бір қы­зығы, мұндағы зәулім ғимараттардың са­ны мен биіктігі әлемнің басқа да ме­га­полистерінен бір мысқал да кем емес. Биік­тігі 100-200 метрден асатын көпте­ген ғимарат бар, ал Токио теледидар мұ­нарасы (Tokyo Sky Tree, 634 метр) – әлем­дегі ең биік құрылымдардың бірі. Жапондар зәулім ғимараттарды қазіргі заманғы сәулет тенден­ция­ларынан қалыспау үшін ғана сал­май­ды, сонымен қатар халқы бірнеше жүз­деген миллионнан асатын ел үшін бұл – мәжбүрлі қажеттілік. Сол себепті жапон инженерлері көп қабатты құрылыс техно­ло­гия­­ларын үнемі жетілдіруге мәжбүр. Ең қуатты жер сілкінісінің бірі Жапонияда 2011 жылдың наурызында болды. Бірақ жер сілкінісіне төзімді технологияны қол­дана отырып салынған заманауи көп­қабатты ғимараттар қираған жоқ, тек шайқалды. Адам шығынының 93 пайы­зы дүмпу тудырған цунамидің сал­дарынан болған деген дерек бар. Бірнеше онжылдықтар бұрын Жа­пониядағы берік ғимараттар тірек құрылымдарын нығайту арқылы салынған болса, қазіргі құрылыста маят­ник­ті аспалар, серіппелі амортизаторлар және басқа да технологиялық жаңалық­тармен қолданылады екен. Негізгі құры­лымдарға ғана емес, терезелерге де көп көңіл бөлінеді. Жапонияда әйнектердің сынғыштығына байланысты ғима­рат­тағы әйнек жабынының ауданын шек­тейтін норматив бар, ал қазіргі әйнек шығару технологиясында арнайы болат жіп қолданылады екен, мұндай әйнек шытынаса да, сынып кетпейді. Жапонияда барлық ғылыми инс­титуттар ғимараттардың сейс­микалық тұрақтылығы мәселесімен айналысады. Жаңа құрылыс техно­ло­гия­лары қатаң сынақтардан, нағыз апаттық сынақтардан өтеді. Ал Біріккен ұлттар ұйымының зерт­теуінше, зілзалада, табиғи апаттардан көбіне кедей елдер қатты зардап шегеді екен. Осылайша, жапондар жер сілкі­нісінің нақты қашан басталуы мүмкін екенін нақты білетін дәрежеге жетпесе де, тұрақты биік ғимараттар салуды үйренді. Табиғаттың мәңгі қозғалысы адамнан да алға жылжуды, бір орында қалмауды талап ететіндей... Жалпы, жер сілкінісінің себебі негізгі үш топқа жіктеледі екен. Жер қойнауын талапқа сай пайдаланбау да дүмпудің қозғаушы күші бола алады. Бұл тұрғыдан алғанда да, бізде Алматыдан басқа да біраз қаланың жағдайы алаңдатуы керек. Мамандардың сөзінше, әзірге ахуал тұрақты, дегенмен қандай жағдай болмасын, бізге құрылыс саласына үлкен реформа, қатаң бақылау керек.