Қаламы өткір Қалекең

Қаламы өткір Қалекең

Қаламы өткір Қалекең
ашық дереккөзі
Өмірде түрлі адамдармен кез­десесің: біреуімен танысқан соң-ақ оны тонның ішкі бауындай жа­қын тартып кетесің, тағы біреуімен бір кездесесің де қай­тып жолың қиыспайды, ал енді біреу­лерімен кез­десу басқа бір та­ныстыққа жетелейді. Менің бел­гілі жур­­налист Қалбай Әділмен танысуым осының үшін­шісіне жатады. 1992 жылы Қарақалпақстанда тұң­ғыш рет қазақтілді басылым – «Дос­тық үні» газетінің ашылуы сол өл­ке қазақтары үшін тарихи оқиға бол­ды. Белгілі журналистер – Құт­ма­ғамбет Қонысбай (газеттің бас ре­дак­торы), Базарбай Тауасар (бас редак­тор­дың орынбасары), Сәтбай Қалқаш (бөлім меңгерушісі) негізін салған бұл газет сол өлкедегі қандастарымыз ара­сын­дағы жазу-сызу айналасында жүр­ген бауырларымыздың басын қосып, ел арасында елеусіз жүрген талант­тар­дың танылуына үлкен әсер етті. Газет бет­терінде жарияланған мақалалар мен әдеби шығармаларды оқыған жұр­ты «е-ее, өзімізде де қазақ тілінде жа­затын қаламгерлер көп екен-ау» құл­­шынып, газет таралымының кө­беюі­­не, қарақалпақ еліндегі қазақ қа­лам­герлерінің шабыттана түсуіне түрт­кі болды. Сөйтіп, редакциясы Нө­кіс қаласының Тұрғын үй құрылыс ком­бинатының еңселі кеңсесінде жай­ғасқан «Достық үні» газеті өз-өзі­нен рухани орталыққа айналып жүре бер­ді. О кезде біз студентпіз, күндіз-түні кі­тап оқып, өлең жазып жүрген ша­ғы­мыз, газет редакциясына жиі барамыз. Бір күні, (ұмытпасам, 1993 жылдың қаң­тар айы болса керек) редакцияға бар­сам үстінде қалың қара курткасы, ба­сында биіктеу құлақшыны бар кісі хат­шы қыздың жанында отыр екен, үс­телдің үстіне машинкаға басылған қа­ғаздар тұр (осы кісінікі шығар деп ойладым). «Ассалаумағалейкум» деп деп сәлем беріп едім, әлгі қараторы өң­ді кісі менен көз алмаған күйі ор­ны­нан тұрды да, «сен Ахмет Өмірзақ де­ген ақын бала емессің бе?» деді. Мен сәл ыңғайсызданып, басымды изеп «иә» дедім. «Мен Балтабай Әділ деген ағаң­мын ғой» деді. Содан танысып, сөй­лесіп кеттік. Мені газеттерге шық­қан өлеңдерімнен біледі екен, суре­тім­ді көрген. Біраздан соң «Құтмағамбетке келіп едім, мені үйіне апарасың ба?» деді. Сөйтіп, екеуміз кешке қарай Құ­те­кеңнің үйіне бардық. Түннің бір уа­ғына дейін әңгіме соқтық. Жоғары оқу орнын Алматыда бітірген екен. Курстастары жайында, өзі араласқан белгілі қазақ ақын-жазушылары тура­лы біраз қызықты әңгіме айтты. Екі кітап шығарып, балаларға арналған әде­би бәйгенің екі рет лауреаты бо­лып­ты. Бір кезде сол кезде Ташкенттен шы­ғып жатқан «Достық туы» газетінде ба­сылған бір мақаланы сіз жазып па едіңіз деп сұрап едім, «жоқ, ол Қал­бай­дың жазғаны ғой» деді. Сөйтсем, Бал­текеңнің Қалбай деген журналист інісі бар екен, әлгі мен шатастырып отыр­ған мақаланың авторы сол кісі болып шық­ты. Сөйтіп, Қалбай Әділ деген аға­мыздың Балтабай ағаның туған ін­ісі екенін бірінші рет сол күні білдім. Қалбай ағаның мақалалары Таш­кенттегі «Достық туында» (1993 жыл­дан бастап «Нұрлы жол» болып өзгерді атауы, әлі шығып тұр), Нөкістегі «Дос­тық туында» (ол газет 1992-2002 жыл­дар аралығында шығып тұрды) жиі жа­рияланып тұрады. Ара-арасында әде­биет туралы жазғандарын да оқып тұрамыз. 1994 жылы Қалбай Әділ ағамыз­дың «Нұрлы жолда» сол газетке түскен өлеңдерге арналған шолу мақаласы ба­сылған екен. Оқып қарасам, біраз ав­торды сынапты. Әрине, дәлелсіз емес. Соның арасында мынадай бір сөй­лем бар екен: «...Ал енді Мұрат Бе­кей­­дің өлеңдеріне келсек, одан Төле­ген Айбергеновтің әсері байқалады. Еліктеу емес, үйрену қажет шығар». Бұл, әрине, маған ұнай қойған жоқ, өйт­кені бүгінде бірнеше кітаптың ав­торы болған, Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, менің аға-досым ақын Мұрат Бекейдің ол кезде өлең­дері енді-енді газет-журналда көріне бастаған шағы. Екеуміз Қарақал­пақ­стан­ның екі ауданында тұрсақ та хат жа­зысып, бір-бірімізге әдебиет туралы ойларымызды айтып тұрамыз. Содан мен досымды қорғамаққа бекініп, Мұ­рат Бекейдің газетте шыққан өлең­дері­не өзімше талдау жасап, жақсысын асы­ра көрсетіп, мақтап, Қалбай аға­мыз­­дың әлгі мақаласына қарсы мақа­ла жаздым. Қыза келе, мақаланың түйі­нінде «...Сондықтан Қалбай сынды «сын­шыларға» абайлап бағалайық өлең-жырды дегім келеді» деп жібер­дім. Ол 1994 жылдың тамыз айының ая­ғына таман «Нұрлы жол» газетіне ба­сылды. Мақаламды газетке бастыр­ған марқұм, ақын Нұр-Бибі Омар апамыз (сол кезде ол кісі «Нұрлы жол» га­зетінің әдебиет бөлімін басқаратын) маған хат жазып, «Біздің газетке тұң­ғыш рет өлеңді әділ бағалаған мақала келді» деп мақтауымды асырды. Газет­тен әлгі мақаланы оқыған біраз кісілер «маладес, өзің ақын ғана емес, әжеп­тәуір сыншы екенсің ғой» деп біраз қом­пылдатты мені. Өлеңдеріне тұтас бір мақала арнап «ақтап алған» маған Мұрат Бекей досым да риза. Не керек, сөйтіп ол елдегі газет оқитын ағайын ара­­сына бір мақаламен әжептәуір та­ны­мал болып қалдым. Бірақ Қалбай ағам жақтан жауап болмады. Ренжісе де, тиі­­­­серге қара таппай алып-ұшып тұр­ған жас баламен айтысып қайтем деп жылы жауып қоя салған болар, ша­масы. Кейін Қалбай Әділді 1995 жылы Ал­маты маңындағы Шамалған стан­­сасына көшіп кетті деп естідік. Ата­ме­кенге оралған соң екі-үш айдай «Ұлан» га­зетінде істепті, одан соң ела­ра­лық ап­талық басылым – «Қазақ елі» газе­тіне барыпты. О кезде Бесқалаға Қа­зақ­с­танның басылымдарының бәрі ба­рып тұрады. Содан Қалекеңнің ма­қа­­лаларын оқып тұрамыз. Өткір жа­зады, қоғамдағы түрлі әлеуметтік мә­се­лелерді жиі көтереді. Туған жерін де назарынан тыс қалдырмай, о жақтан шыққан қазақтың белгілі тұлғалары тура­лы да портреттік мақалаларын жа­риялайды. Қайбір жылы Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы екі қазақ га­­зетінің жай-жағдайы туралы да ашы­на жазыпты. «Өтпелі кезеңнің қиын­дығына төтеп бере алмай, жабы­лып қалуы да мүмкін-ау» деп уайым ай­тыпты. Оған біз ана жақта отырып ри­за боламыз. Солайша, Қалбай ағаның біраз жыл бойы тек сыртынан біліп қана жүр­дік. Ал Балтабай ағамен со­дан кейін дидарласудың жолы түспеді. Жаз­­ғандарын тек газет журналдардан кө­ретінбіз. Мен Алматыға 2004 жылы бір­жо­ла кө­шіп келдім. Дегенмен атажұртқа келуін келгенмен біраз уа­қыт газет-жур­налға жақындауға уақыт бол­мады. Жан­бағыстың қамымен түрлі жұ­мыс­тар істеуге тура келді, со­ның себебінен елден келген ағалары­мызға хабарласа алмай біраз жүріп қалдым. 2010 жылы Бал­табай ағаның жыл асына Құтма­ғам­бет аға ертіп бар­ды. Сол кезде ол кісі мені Қалбай ағаға та­ныстырып, «мы­нау баяғы Ахмет де­ген ақын інің» деп еді, Қалекең «Оу, Ахмет осы ма, бая­ғыда бұл мені қатыр­ған» деп, «Нұр­лы жолдағы» мақаланы есіне алып, біраз күліп алды. Мен сәл ың­ғай­сыз­да­нып, «Мұрат Бекей екеуіңіз ағайын адам (рулас) екен­сіз­дер ғой, біреуіңізді мақтап, екіншіңізді сынап бекер қыл­ған екенмін» деп қал­жыңдадым. «Еш­теңе етпейді, он­дай-ондай болып тұ­рады» деп арқам­нан қағып қойды аға­мыз. Сол кезде Қалбай ағаның кек сақ­тамайтын жай­дары адам екенін та­нығандай болдым. Содан бері көр­ген жерде сәле­міміз түзу, кездесе қал­сақ екеуміз­дің арамызда едәуір жас айырмашылығы болса да қалжың­да­сып, еркін сөйлесе береміз. О кісі де қу тілді, мен бірдеңе десем, ол да бірдеңе деп іле кетеді. Қалбай Әділ ағамыз – Нөкіс мем­ле­кеттік педагогикалық институтын бі­тірген, мамандығы бойынша фи­ло­лог. Дегенмен жасынан кітапты көп оқы­ған адам бойында жазуға деген қа­бі­летін ерте сезгендіктен, туған ауы­лында мұғалім бола жүріп жазуды тас­тамаған. Сөйтіп, атамекенге кел­ген­нен кейін бірыңғай жазумен айна­лысты. «Ұлан» газетінде, «Қазақ елі» га­зетінде еңбек етті. «Қазақстан әйел­дері» журналында бөлім меңгерушісі бол­ды. «Заң газетінде» біраз жыл Бас ре­дактордың бірінші орынбасары қыз­метін атқарды. Зейнетке шыққан кейін де «Заң-медиа» корпорациясына қа­расты «Заң» журналында біраз жыл ре­дактор болып жұмыс істеді. Тіпті, анау-мынау журналистер жақындай бер­мейтін «Солдат» газетінде де жұ­мыс істеген кезі бар. Баспасөзге шыққан таңдаулы ма­­қалаларын жинақтап, «Өт­кен күнде бел­гі бар», «Шұрқырасып та­бысар шақ» атты кітаптарын шы­ғарды. 1997 жылы Төлеген Айбергенов туралы «Бір­гемін мен сендермен» атты естелік кітабының құрастырушылары­ның бірі болды. Туған ағасы, белгілі балалар жазушысы Балтабай Әділ ту­ра­лы «Ба­лалар әдебиетінің дарабозы» атты ес­телік кітап құрастырып шы­ғар­ды. Сон­дай-ақ аударма саласында тер тө­гіп жүр. Жақында ол әлемге та­нымал бельгиялық жазушы Жорж Си­­менон­ның «Мажестик» қонақүйін­дегі жұм­бақ өлім» атты романын тәр­жімелеп бітіріп, енді ол шығарма қа­зақ тілінде басылып шыққалы жатыр. Жалпы, журналистің қала­мы­нан азу­сыз материалдар шық­пауға тиіс, өйт­пеген жағдайда атыңа да, затыңа нұқ­сан келеді. Ал біз­дің Қалекең – қа­зақ баспасөзінде өзіндік із қалдырған майталман жур­налистердің бірі. Ол қандай та­қырыпты көтерсе де жеріне жеткізіп, ащы сын айтудан тайсала бер­мейді. Мәселен, оның қаламынан туған «Тари­хи тұлғаларымызды тани­мыз ба?», «Ономастикада ұнамайтын атау­лар көп» немесе «Павлодардың ескі аты Қимақ емес пе?», «Қаһарман ата­ғына кім лайық?», «Батыр атағы не үшін беріледі?» немесе «Қолынан кел­ді, қонышынан басты», «Жұлдыз жау­ған жылдар», «Мемлекет деген кім?», «Келімсектердің келешегімізге кесірі көп», «Жетіміңді жат жұртқа жаутаң­дат­па», «Мүгедектер сатылып жатыр», «Шо­қайға «шоқыну» саяси соқырлық емес еді», «Ұлттар жарасымдылығына жа­рамсақтық жат», «Күл болғысы келетін кім бар немесе Қазақстанға кре­маторий керек пе?», т.б. мақа­ла­ла­рын алып қарайық, атының өзі талай­дың төбе шашын тік тұрғызбай ма? Атауының өзінен-ақ қандай күйіп тұр­ған мәселелерді көтеріп отырға­нын білесің. Демек, Қалбай Әділ бар-жоғы білінбейтін қатардағы көп жа­зарманның бірі емес, заманына үн қос­­қан, жұртың көкейіндегіні тап ба­­сып айтып, түрлі өткір пробле­ма­лар­ға қоғам назарын дер кезінде ау­дарып отыратын ақмылтық журна­лис­тердің сойынан. Содан да болар, ол – қазақ журналистикасындағы аты белгілі талай кісілермен жақын ара­лас­­қан елгезек жан. Ал ол туралы әріп­тес аға-інілері әрдайым жылы пікір­лерін айтып отырады. Мәселен, қазақтың көрнекті ақындарының бірі Байбота Қошым-Ноғай Қалбай туралы: «Қалбай «Қазақ елі» газетінде менің қарамағымда жұмыс істеді. Жазушы ретінде танылмағанмен, қаламы жүй­рік, қарымды журналист ретінде әлде­қашан мойындалған. Тамаша, тың проб­лемаларды дер кезінде көтеріп, өткір мақалалар жазды. Материалдары «Қазақ елі» мен «Ана тілі» газеттерінде жарияланып отырды. Балалар жазу­шы­сы Әділ Балтаның туған інісі. Бал­табаймен жақсы сыйластым, аралас-құралас болдым. Сол жағынан оны өзімнің бауырымдай көрдім. Жасы­ра­тыны жоқ, бізде ауыр жұмысты біреу атқарады, оның рахатын басқа біреу­лер көреді. Барлық саладағы жағдай осылай. Мысалы, Қалбай өзі қызмет еткен барлық жерде мойнына ауыр жүк артып алатын жігіт. Онда халтура деген мүлде жоқ. Таза, шыншыл адам» десе, белгілі жазушы, ақпарат айды­нында аты белгілі журналист Дәурен Қуат қаламдас ағасы туралы «Қалағаң қаламы жүйрік журналист, ең бастысы жылдам. Қандай тақырыпты жазса да, әдемі, шебер тілмен ашып, жандан­дырып жіберетін. Тақырыбын жақсы біле­тін. Ол кісіге әрдайым журналисти­када үйренуге тиісті ағам деп қарай­тынмын, әлі күнге дейін солай қарай­мын. Қалағаңның тағы бір ғажаптығы өзі білетін, түсінетін тақырыпқа ба­ра­ды. Сол тақырыпты әдемі бір әңгіме сияқты ашып береді. Сұхбаттары да дәл сондай, өзі сұхбаттасқан адамның жан дүниесін, ойын барынша ашып көр­сетеді. Қалекең секілді мықты жур­налистерді зейнет жасына жетті екен деп үйіне жіберу дұрыс емес. Мұндай кісілер журналистика майданында қолынан қаламы түскенше жүруі керек. Неге десек, зейнетке шыққан адам­дардың білім-білігін, тәжірибесін пайдалану жағы бізде кемшін. Мы­салы, Сүлеймен Демирел атындағы уни­верситет, Қазақ ұлттық универси­теті, сол сияқты көптеген жоғары оқу орнының журналистика факультет­тері бар. Сондай орындарға апарып лек­ция оқытса, жас кадрларды дяр­лауға әлеуеті толық жетер еді. Мақала, ақпарат, хабарлама, т.б. қалай жазыла­ды, оларды қалай беру керек, форма­лары, тәсілдері, осылардың бәрі жай­лы айтары бар адам Қалекең» деп тол­ғанады. Бұның бәрі қаламдас-қа­тар­ластарыңа қадірің барын көрсетеді. Ал адам ондай құрметке адал тер төгіп қана жетеді. Көңілі жас адамның ойы сергек. Бүгін­де журналистиканың бейнетінен құтылып, зейнеттің рақа­тын көріп жат­қан Қалбай Әділ әлі де қарап отыр­ған жоқ. Әлеуметтік желіде жас ұрпақ­қа үлкендердің өмі­рінен та­ғылымға то­лы жазбаларын жиі жа­риялап тұ­рады. Сондай-ақ кезінде қара­қал­пақ­тың бір сұлуын қолына қондырған Қалекең туған жеріндегі балдыз­дары­мен жарасымды әзілдесіп отырады. Демек, Қалекеңнің өткір қала­мы­ның ұшы әлі сол күйінде. Біз оған шығармашылық табыс тілеп, ел-жұр­тына пайдасы тиер жазбалары көбейе беруін тілейміз.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ