Кіші Арал бір жарым жылда 1 метрге тайыздады

Кіші Арал бір жарым жылда 1 метрге тайыздады

Кіші Арал бір жарым жылда 1 метрге тайыздады
ашық дереккөзі
Қыс етегі түрілмей жатып, оңтүстікке бір соғып өткен жауынды жылымық Сырдария алабының көмескіде бұққан біраз мәселесін ашып-ақ тастады. Біріншіден, біз әуелі Жаратқанға мінәжат-тасаттық арнап, сосын, жоғарыдағы көршілерге салмақ-бедел салып, мұның сыртында, түрлі игіліктерімізді саудамен ұсынып, сонша машақатпен алып жүретін дария суының, осылай бір, табиғи түрде молшылық хабаршысы келе қалып еді, әпі-шәпіміз шығып, даң-дабыра болдық та қалдық. Өйтетұғын себеп те болды: арналарымыз сол аз ғана мезеттік суға асып-төгіліп, аузы-мұрнынан шықты, ауыл-аулаларды топан су басты. Апат қаупі, әсіресе Арыс алабы бойына аумай-төкпей төнді... Дәл бүгін ғана туа қалған жағдай емес осы. Неше жыл­ бойы Сырдария өзені бойын­да қордаланған көптеген жайт­тардың тағы бір келеңсіз сыр бер­ген нәтжесі. Және осыны қан­­ша жыл бойы айтып та келе­міз. Бізде елге бет бұрған саясат бар. Ал елдің тілекті сөзін қаже­тін­­ше ескеріп, қаперге алу саясаты бар ма?.. Әрине, бұл жолғы әбігер се­бебі көп болды: жер тоңы қалың, жауын-шашын көп түс­кен, қар күрт еріген, төменгі Сыр­да мұз сіресе қатқан... Бәрі рас. Ал мұның сыртында?.. «Сырдария енді өзен емес, аяқ суға ғана жа­рар­лық бас арық» деген кешегі кеңес­тік нойыс қағидаттан біздің асып кеткеніміз қанша? Басты се­беп осы маңда-ау: Сырдария – ер­кін дария емес, ноқталы су ре­тінде арнасы тарылған, ентелеген түр­лі құрылым-нысандардан қос өкпесі қысылған, бұғаулы ағыс режимінен табаны көтеріліп, ұлтаны тайыздаған. Және жуыр маң­да мұның келеге келер жағ­дайы да байқалып тұрған жоқ. Ға­­­рышкер Т.Әубәкіров көктен көзі көріп, айтқанындай, қайран д­ария суын «жан-жаққа... жан-жақ­қа» таратып, жырымдай бер­ген жағдай сол қалпы. Яғни, келе қал­ған мол суды оңға-солға жі­беру ең оңай жол, төмендегі Арал­ды қоя тұр! Сөйтіп, көршінің Ай­­­даркөліне тағы жағдай айтып, су тастауға мәжбүр болдық. Қы­зыл­құм, Түгіскен, Шиелі, Жаңа­да­рия, Қараөзек сияқты арналарды мез­гілсіз уақытта суға аштық, Шар­дара, Көксарайды толтырдық. (Көксарай бұл жолы өзінің рет­теу­ші рөлін атқарған сыңайлы, бір­ақ ондағы қазір тола суды же­дел түрде Аралға ағызып, тағы бо­сатып қою керек-ау! Ұмытып қал­масақ, ол кері су реттегіш қой...) Бұл әрекеттердің бәрінде «көл­дер толады, шөлдерге шөп бі­теді, жер суланады» деген уәж­дер оңды-солды айтылумен жат­ты. Қарсыласуға келтірмейді. Уәж­дер қисынды. Нәтижесінде, Ша­радарадан шыққан су 10 есе(!) шамада «сұйылып», шөліркеулі Ара­лына жылап жетті. Бұл – қа­был­дауға қолайсыз шындық... Шардарадан шыққан 1000 т.м.с-тан астам ағын аң­қа­сы кеуіп жатқан Аралға 130-180 т.м.с. көлемінде ғана жеткені – қы­зық жайт! Мұны қандай қи­сын­мен түсіндіруге болады? Шет­керірек жатқан, бірақ мән-маңы­зы шеткері емес Арал теңізі, әл-әзір, осындай салқын мезгілдің суы­на үміт артпаса, басқа уақытта оған кім мол су бере қояды? Осы­ның икемді саясаты ойластырып, қарастырылған ба? Біз Арал теңізін (Солтүстік Арал айдынын) көтерсек деген үлкен талап жолындағы ел­міз. Бұл айдын – біреудің тар ар­маны, біреудің көңіл күй тілегі, біреу­дің пайдасы емес, күйзелген эко­логиямыз, көп аймақта тұз­да­нып азған жерлеріміз, әлеуметтік жағдайларымызды оңалтудың өзіндік бір шешімі. Әлемдегі эко­логиялық трендпен үндескен ел жоспары. Бұл – мойындалған шын­­­­дық. Су проблемасындағы сырт­қы жайттарды қайтала­ма­йық, осы Арал шешімі Шардара­дан басталады. Бастама дария бойын­дағы экологиялық мәде­ниет­ке, агротехникалық шаралар­ға, адамдардың иманды тірлікте­рі­не өте-мөте тәуелді. Жалпақ Сыр алабында жаралы теңіздің қа­қы бар. Елдік сыбағалы суымыз үшін ізденістің бер жа­ғын­да, Шардарадан – Аралға дейінгі өз тірліктерімізде әділетті су бөлу, су нысандарының техникалық жағ­дайы, агротехникалық мә­де­ниет, экологиялық сауаттылық – әр диқан, шаруа, жеке адамнан бас­тап, шаруашылықтар, аудан­дар, облыстар жоспар-істерінде нақ­ты мақсат, міндет түрінде алға қойылмаса, Сыр суы бір аудан қа­­жетіне де жарамсыз, ластықпен был­ғанған жап арық халінде қала бер­мек. Қанағат, рақым, ұлт мүд­делі ой – елдік игі мұрат... Алысқа барып қайтеміз, Сыр суы­на алалық дәл Аралдың өз «та­­­­балдырығына» жетті. Алдыңғы жы­лы, суы қайтқан Қамбаш көлін құтқарамыз деп, баяғы КСРО-ның кері кеткен бір ісі – Аманөткел ауы­­лы маңында «бұрмақұлақ» де­ген амал істелді. Оның кесірі сон­­да: «Арал өшті, Арал теңізі енді жоқ, сондықтан қалған-құтқан сар­қынды сумен көлдеріңді дем­деп алыңдар да, жан бағып отыра бе­ріңдер» деген кешегі импе­рия­лық саясат ісі еді. Сол кері ора­лу­ды бір белсенділер, саяси ұпай жо­­лында, «жау түсіргендей» да­бы­ра­латты. Білгенге, бұл – Пушкин­нің «жырық легеніне» қайта оралу іспетті, өткеннің таз-кепешін ки­ген жағдай еді. Сонымен, да­рия­­ның аз ағыны Аралға жетпей, сол маңдағы бірер көлді «күпті» ет­ті. Біз әлемге жария еткен Кіші Арал бір жарым жылда 1 метрге тайыздап, шамамен 7 миллиард тек­ше метр суын жоғалтты. Өткен қыс­тың ортасында «Көкарал» ба­сын­да теңіз сасып шіри бастады. О заман да, бұ заман, әрі, қысты­кү­ні теңіз шіріді дегенді қайдан есіттіңіз?!. Су жетімсіздігінен, сол қыста, Қарашалаң көлінде балық ша­бағы қырылды. Тұщы көлі де сон­дай кеп құшты. Қаратерең бет те сол жағдайда... Бәрі әлгі «түйін­нен» төмен жатқан жерлер жыры. Сөйтіп, су мәселесіндегі алалау сая­саты Аралдың өз басына жетті. Қа­надан асқан Қамбаш, Ақшатау көл­дері көп жерлерді басып, ел-жұрт­тың шаруашылықтары зиян шекті. Көктемгі күр басқынынан Қамбаштың демалыс аймақтары бүлінді. Басқа есепке алынбаған жайт­тар қаншама? Жауырды жа­ба тоқып, біразын «әй, құрсын­шы­мен», ел қаржысына жөндетіп, жы­лы жабылды. Аманөткел ауы­лын су басу қаупі сейілмей қалды. Аманөткелден Райымға қаты­най­тын дарияжағалық, Кәрібөгет кө­пірі маңындағы жолдар топан суда «қылкөпірдей» қатерлі өт­келдерге айналды. Кешегі жаз ор­тасына шейін қайтпаған осы су мал­дың жайылымын, әсіресе ха­лық­тың қыстық шөп дайындай­тын шабындығын босатпай, сол маңдағы жұртшылық дағдарды. Мырзас биігі астындағы Суықкөл аумағынан ғана жылда әрқайсысы 700-1000 баудан пішен орып ала­тын жұртшылық, биыл 100 баудан ғана алып, қысқа қиын халде ки­лікті. Бұл жағдай су басқан жер­­лерге де, сусыз қалған өңір­лер­ге де бір­дей болды. Сыр бойын­дағы құр­ғақшылық пен «бұр­мақұлақ» сон­дай қосылды... Мұндай қисық «пайда» кім­­ге керек еді? Ия, Қам­баш­­ты демеу керек, ол – Сыр ала­­­бын­да­­ғы ең үлкен бірден-бір та­биғи көл. Ол Аралдың апатты жылда­рын­да халыққа балықшы кәсібін жоқ­татпаған. Қамбаш жо­лында біз де біраз сөз айт­қан­быз. «Эко­логия» деген нәубеттің 50-60 жы­лын­­да бұл жерлердің халқы да, суы да – өмір ырғағы жағдайға бір­­­­­шама бейімделіп, сол ахуалда өз өмір үрдістерін қалып­тас­тыр­ған еді. Кешегі 2020-21 жылдар қуаң болды. Мұндай жағдай сонау 80-жылдары да, 2000 жылы да бол­ған. Бірақ сонда «көппен көр­ген ұлы тойдағы» Қамбаш сонша да­­быра етілмеп еді. Бұл жолы біз ар­тықтау кеттік... Сол «түйіннің» сондай зия­нын көре тұра, әсіресе күз­­­­ден бері Сырда көбейген ағын­ды білсе де, Аралда дабыралатқан арал­шыл қозғалыстардың бірі де бұғаттаулы дарияны ашып, еркін суды теңізіне босатуды айта ал­ма­ды. Кешегі қарғын ұрғанға дейінгі қыс­тың екі айы бойы мол су тө­мен­ге жетпей, Аралдың «иегі ас­тын­да» солай оңға-солға кетті. Ақыры, тілі жоқ дария өзіне жол ашу­ды өзі талап етті. Ақлақ бөге­тіне жеткен су – Аралға жеткен су. Төменгі Сыр кезінде теңізге 700-1000 т.м.с. суды еркін жет­кіз­ген арна... Енді төменгі жақта ме­ке­нін су алған тауықтай шу көп. «Ар­насай, Қызылқұмға кеткен су­ды іздеу не, иек астындағы «бұр­мақұлақ» түйінін шеше алмай оты­рып?» деген сұрақ ашық қал­ды. Осы күні экология да­бы­ра­сы сәнді брендке айнал­ды. Тілекшінің көп болғаны жақ­сы ғой. Бірақ «популизм» іспетті ке­бек сөз, нақты іс-әрекет ауы­лы­нан алыс. Ең жаманы, сол көп сөз то­­панында нақты іс-әрекеттер бас­­тырылып, «арамы қайсы, ада­лы қайсы» деген қалыпсыз қойырт­паққа айналып барады. Жер­­ден жеті қоян тапқандай, жұ­мыс-қолданыста бұрыннан бар ой­ларды өздеріне меншіктеп, өз­дерінше жалаулатқан бір «ер­лер» бет қаратар емес. Жә дейік! Тек дабыралы сөзден ары не бар?.. Ал жергілікті басшылық (аудан, облыс басшылығы), ел-жердің жө­нін білетін жұрт тілегін ескере, тиіс­ті жұмыстар атқарып жатыр. Жағдайларға орай жоспар-жұ­мыс­тар реті бар. Бұл ретте, ел пі­кі­рін сан-саққа жүгірткен әлгі «қойырт­пақтардың» пайдасынан – зияны. Басшылық ай қарап отыр­ған жоқ, қажет тірліктерді жолға қойып жа­тыр. Ал байқалған кемшілік, кү­мән-кілтипан болса, екіжақты ашық диалогтың өркениетті жол­дары бар. Соған келу керек. Солай, қоғамдық құры­лым­дар тарапынан әзір нақты, ел-жерге пайдасы тиер істер кө­рінбей тұр, сөз көп. Ахуал «бүгін со­лай тұра тұрсын, ертең қатыра­мыз» дейтін жағдайда емес. Тер­бетілуге уақыт жоқ... Арал-Сыр бойын­да жоғарыда айтылған нақ­ты іс күткен көп қордалы мә­се­ле жайына қалған сыңайлы. Сөз ретінде айтайық, оң­түс­тік­тен келер өзендеріміз үлкен сая­сат нысанының заты бо­лып отыр. Сондай жағдайда біз­дің Ертіс, Есіл сияқты төл сула­ры­мыз солтүстік көршіге кетіп жа­тыр. Со­лай кете бере ме? Мыса­лы, ол жақ Сібір суын бізге беруге құ­лық­сыз ғой... Мәселе көп қор­далы. Ал­дағы сәуірде Солтүстік Арал­дың тағдыры түбегейлі ше­шілетін бір кезең келе жатыр. Со­ның ал­дын­да ел үміт артқан тұл­ға, күш­тер қатары нешік?.. Нау­қандар өтер. Уәде мен сөзге іс­пен жауап бе­рер шындық та­лап­ты кәдімгі өмір басталар. Қа­та­ры­мыз селкеу, ой-ниеттер ала-құла емес пе? Арал теңізі суын заңмен бе­кі­те­тін уақыт келді емес пе? Сөйтіп, Сырдағы бір қарғын, біраз мәселе бетін аша, кө­­те­ріліп басылды. Бұйыра қал­ған бір несібе еді, қайда кеткені бел­­гісіз... Дария сыр беріп жүрген соң­ғы ахуалда, мұндай суды Құ­дай бізге қайта-қайта бере бере ме? Үнемі мұндай ырғын су бола бе­рер ме? Ұтқанымыз не? Бағыт­тар болашағы қандай? Арал шөлі үлкен. Сыр тағы да бәсең тартты. Адамдарға өкпелі ме? Әлде, үн­сіз­дің үлкен ашуы әлі артында ма?..

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ жазушы, эколог