Асқар Алтай әңгімелеріндегі «жаңа қазақ» бейнесі

Асқар Алтай әңгімелеріндегі «жаңа қазақ» бейнесі

Асқар Алтай әңгімелеріндегі «жаңа қазақ» бейнесі
ашық дереккөзі
Жазушы Асқар Алтайдың соңғы жазған әңгімелерін мейірім қа­нып, тұшынып отырып оқыдым. Себебі ол әңгімелерден шындықтың мәңгі өш­пейтін сәулесін көргендеймін. Адам өмі­рін және қоғамның шынайы бет-бейнесін көр­сету – жазушының басты мұраты, қа­сиетті парызы. Көлемді шығармалардай емес, шағын әңгіме жанрында адам тағ­ды­рын көрсету – өте күрделі жұмыс. Өйт­кені қолына қалам ұстаған адамның ең негізгі ұстанымы – адалдықтан атта­мау. Асқар әңгімелерінде гибридтік мән ала­тын тосын оқиғалар жиі ұшырасады. Кез кел­ген әңгімесі өз алдына бір дербес әлем тә­різді, ондағы өмір, тамыры тереңде жат­қан және кісі түсініп болмайтын лас тәсіл­дер­мен іске асатын қоғамдық тартыс бізге әрі таныс, әрі жат. Жазушы шағын әңгімелері арқылы мына өмірге параллель бір әлемнің есігін ашып, сені соған кіргізіп жібергендей, сол екі өмірдің ортасында қалғандайсың. Шы­найы өмір қайсы, жалғаны қайсы, ажы­рата алмай дал боласың. Шынайы өмір жазу­­­­шының қаламынан туған әңгімелерде қал­ғандай, біздің шындық деп жүргеніміз шын­дықтың көлеңкесі секілді. Міне, бұл Ас­қар әңгімелерін оқығанда алатын әсері­ңіз. Екінші әлем шынымен бар болғанына сенесіз, біз шынайы өмірде жасап жатырмыз ба, әлде сол параллель әлемнің көлеңкесінде, яғни өз қиялымыздағы әлемде жүрміз бе? Санаңда сансыз сұрақтар туындайды, бірақ бұл сұрақтардың жауабын жазушы айтпа­ған, өзің іздеп табуың керек. Жазушының оқыр­манына берген еркіндігі – осы. «Селебе» деген шағын әңгімеде оқи­ға­ның басталуы қызық, алғашында ХІХ ға­сырға тап болғандай күй кешесіз. Баяғы ба­рым­та-сырымта заманының бір оқиғасын баяндап отыр ма деп те қаласыз; өзіміз көр­меген, үлкендерден көп естіген, ескі өмірдің көріністері көз алдымызға келеді... Бірақ мүл­де олай емес, кәдімгі бүгінгі күн. Қызық­тап оқи бересің, сөйтіп отырып, қай уақытта осы заманға, тіпті өзің туралы әңгімеге ауы­сып кеткенін байқамай қаласың. Бодандықтан енді құтылған елге ар­қалы аза­маттар арқа сүйеу болғаны белгілі. Олар ел ішіндегі көп істерді реттеді, сыртқа да айбат еді... Алайда кейін кейбі­реу­лер сол азаматтардан қорықса керек, ебін тауып көздерін құртып отырған. Әңгімедегі Бал­табек – сондай тұлғалардың образы. Жазу­шы Балтабекті көп суреттемейді. Онда да үлкен мән жатыр, өйткені қандай абзал аза­мат, атақты адам болса да көзі жоғалған соң ұмытып кетеміз. Сондықтан Балтабек об­разын жазушы көмескі күйінде қал­дырған. Оның жалғыз ұлы Алашты полиция бас­тығы, өгей әкесі тәрбиелеп өсіреді. Мұ­ның астарында не жатқанын айтып жату­дың басы артық. Адал адамдардың теріс жолға түсуіне би­ліктің өзі себеп болғанын бұдан артық қалай көрсетуге болады. Әңгімедегі ұрының аты – Алаш болуы тәуелсіздік жылдарында, өз елінде отырып өгейдің күйін кешкен Алаш жұртының тағдырын көз алдыңа әкел­мей ме?! Әлбетте, әкеледі. Соңғы отыз жылда қазақ қоғамы өте тез өзгерістерді бастан кешіруде; бұл өз­герістерің шапшаңдығы сонша жай ха­лық емес, қоғамның көшбасшысы са­на­латын зиялы қауымның өзі заманның қа­да­мына ілесе алмай қалды. Қоғамдағы өз­герістер және әлемдік мәдениет пен сая­сат­тың тегеуірінді толқыны адамдардың жан дүниесіне ерекше әсер етіп, дүниетанымын өзгертіп жіберді. Біз құндылықтар өзгерген заманда өмір сүрудеміз. Кейде жазушылар «Осы заманның кейіп­керлері әлі анықталған жоқ, сон­дықтан қазіргі заман туралы көркем шы­ғарма жазу қиын» деген сөзді айтып қа­лып жатады. Меніңше, бұл – жаңсақ ұғым. Кейіпкер басқалардан бөлектеніп көзге кө­рініп тұрса, жазушы сол кейіпкердің өмі­рін баяндап беретін болса, жазушылықтың да, жазушы болудың да қажеті қалмас еді. Жазушы өмірдегі басқалар көре алмайтын шындықты көріп, басқалар сезіне алмайтын тағдырларды сезіне білуі шарт. Қай заманда да кейіпкер өздігінен дайын бола қалмаған, заманның геройын жазушылар сомдаған. Дайын кейіпкерді жазу жазушылық емес, жазушылық – қоғамдағы мыңдаған, мил­лиондаған адамдардың арасынан өз кейіп­керін танып, оны образды түрде көрсете білу, адамдар бастан кешкен оқиғаны емес, адам тағдырын жазбай тану және оны көр­кем суреттеу. Асқар Алтай – өз дәуірінің кейіпкерлерін тани білген, өз заманының болмысын, өз за­мандастарының тағдырын көрсетуде ру­хын жырлай білген, дара жолы бар жазушы. Әри­не, бұл – менің мақтауым емес, жазу­шы­ның өз болмысы. Жазушы Дулат Иса­беков: «Асқар нені айтуды емес, қалай айту тә­сілін түбегейлі меңгерген, қазақ қара сө­зінің бояуын қанына сіңіре білген жазушы» де­гені – Асқар Алтайдың шеберлігіне бері­ле­ген әділ баға. «Көзжендет», «Казино», «Аль­пинист» сияқты әңгімелерін оқыған кез кел­ген кісі бұл пікірмен келіседі деп ойлай­мын. Ол әңгімелерге заманымыздың ашы шын­дықтары арқау болып, халқымыз бас­тан кешкен аянышты әрі күрделі тағдыр жа­­­зылған. Қазір жаһандану дәуірі. Жаһандану үр­дісі – әлемдегі барлық халықтардың ал­дын­да тұрған үлкен мәселе. Оның артықшылығы мен кемшілігін айтып жату бұл жерде бас артық әңгіме. Жаһанданудың мәні не, та­лап­тары мен қағидалары қандай? Біз оны қа­­лай қабылдадық? Біздің қоғамға, біздің адам­дарға қалай әсер етуде? Асқар әңгі­ме­лерін оқып отырып, біз жаһандануды басқа­лар­дың қолтығына кіру деп қабылдап, оны са­насыз еліктеу арқылы іске асырмақ болып дал­басалап жүрген жоқпыз ба деп қаласың, ішің удай ашиды. Болашақ заман, келер ұр­пақ үшін не істеп бердік, не құн­дылық қал­дырамыз деген сұрақ басыңнан шықпай қоя­ды. Сезіндіру дегеніміз – міне, осы. Қо­ғам мүшелерінің ойы мен сезімін тәрбие­леу­дегі әдебиеттің құдіреті де осында жатса керек. Ең мықты ғалымның ең жақсы зерт­теуі адамның сезіміне бұлай әсер ете алмас еді. Ұлттық құндылықтар түбегейлі жойыл­ғанда халықтың тілі де, діні де, шалажансар күйде қалмақ. Ондай қо­ғамда жанашырлық жойылып, адамдар пай­да үшін бірін-бірі, тіпті өзін-өзі сатып жі­беруге дейін бара алатын санасыздыққа ду­шар болмақ. Мұны «Көзімнің қарасы» әң­гімесінен жақсы байқауға болады. Реті кел­генде айта кеткен жөн, осы әңгімедегі Са­малдың шешесінің қызын қытайға беруге қарсы болмауы да, «Селебедегі» Алаштың өгей әкесінің асы­ран­ды ұлын қылмысқа тәр­биелеуі де қоғамға, мемлекетке, бола­шақ­қа деген жанашырлықтың жоқ­тығы. Біз­дің қоғамда мем­ле­кетке, ұлтқа жана­шыр­лық жойылып бара жатқандай. Тәуелсіздік алғаннан кейін біз ашық қо­ғаммен бетпе-бет келдік, бір­ақ ха­лық мұндай өзгеріске дайын бол­май шық­ты. Бұл өзгерістің үлкен жаңалық еке­ні рас, өйткені бұрынғыдай үкіметтің шек­теуі жоқ, еркін өмірге қолымыз жетті, дей­тұр­ған­мен кейбір адамдар өте ауыр қа­былдады; се­бебі біреудің қамқорлығы жоқ, әр­кім өз кү­шіне сүйеніп күн көретін қоғам­ның қа­таң тәртібіне көну оңай емес. Осы­дан ба­рып құндылықтарды шатастырып ал­дық, әлеу­метітк қарым-қатынас, отба­сы­лық қа­ғи­далар бұзылды. Әрине, мұнда ұзақ жыл­дар бойы жалғасқан коммунистік тәрбиенің де әсері бары анық. Демократия мен бей­бас­тақтықты ажырата алмайтын күйге түс­тік. Оның себебі, біріншіден, совет одағы ке­зінде шынайы өмірді көрмей, про­бир­каның ішінде өмір сүрген халық ашық қо­ғамға шыққанда айналасын көре алмай қал­ды. Екінші, сүйектен өтіп кеткен құлдық, жал­ған интернационалдық сезім бізді жақ­сы мен жаманды, қас пен досты, жат пен жа­­­қынды айыра алмайтын күйге түсірген. Рамазан 10 миллон қазақтан дос тап­пай, қапказдықпен дос болады. Са­мал қазақтан жігіт таппағандай Қытайға тие­ді, анасы оған тілекші болады. Қыз­дар­дың шетелдіктерге кетуі – біздің заманның ащы шындығы, дәстүршіл адамдар үшін өте ауыр қасірет. Қоғамды тығырыққа бас­тай­тын трагедия. Бұл әңгімеден еңбектенбей жеңіл олжа табуға құныққан аш көздіктің жет­кізер жерін көргендей боласың. Рама­зан­ның өзі де дұрыс жолда жүрген кісі емес, адал еңбекпен мал табуды ойламайды, одан гөрі жат елде жалдамалы бапкер болып, кісі өлтірушілер тәрбеиелеуді абзал көреді. Отбасына әке билігі жүрмейді, бұл да қо­ғамның індеті. Айтқан ақылы, жа­саған шектеуі ешбір пайда бермеген соң Ра­мазан ақыры қызын өлтіруге барған. Оның кісі өлтіруге әбден машықтанып, қыл­мысқа еті өліп кеткені сонша жаңылып, жа­за басқан қызын дұрыс жолға салудан гө­рі атып тастауды жөн санайды. Именбей-ақ тойға жиналған шаршы топтың алдында атып тастаған. Себебі қызына ақыл айтар жөні де жоқ, өзі де қылмыскер ғой. Дей­тұр­ған­мен Рамазан жаман адам емес, оны аз­дырған қоғамның өзі, адал еңбектің қадірі бол­мағандықтан, еңбегіне лайық ақы алып, құр­мет көрмегендіктен, сондай жолға түс­кенін ойлап жаның ашиды. Ол сонда да на­мысын бергісі жоқ, оған күш-қуаты жетті, қы­зын атып тастады. Осы жерде жазушы Ра­мазанды да, Самалды да, оның анасын да жаз­ғырмай-ақ, бәрінің шынайы болмысын көр­сете білген. Жазғырсаң, өзің жазғыр, жақ­тас болсаң да өз еркің. «Тағанка» әңгімесінде жазушы біздің қо­ғамдағы ең бір өзекті мәселені қозғап отыр. Адамдарды қолдан қылмыскер жасау, оған ең жақын, ең сенімді амалдарын куәгер қылу – адамдардың әдетіне айналып кеткен сұм­дық. Әңгімеде күнделікті өмірде кез­десе­тін детальдарды өте жақсы пайдаланған. Мы­салы, егеуқұйрықтар туралы эпизодтарға назара аударайықшы. Біріншіден, егеу­құй­рықтар қой қора маңында пайда болмай, шош­қа қораның маңында ғана өсіп өнеді екен. Дядя Вася оларды темір бөшкеге са­лып, бірін-біріне жегізіп, ең соңында бәрін жеңіп шықан қаныпезерін еркіндікке қоя бере салады. Сол қанішер өзінің тұқым­дас­тарын – ергежейлі егеуқұйрықтарды аяусыз қырады, сол арқылы мұқым аумақтағы егеу­құйрықтарды қырып отырады. Кейін ұсақ егеуқұйрықтар оны да жеп қояды. Ашы да болса қоғамда бар шындық. Бұл шайқас – егеуқұйрықтар емес, адам­дар арасындағы шайқас. Саясат­та­ғы жемқор қылмыскерлерді дайындаудың тех­нологиясын бұдан жақсы айту мүмкін емес шығар. Мұндай қатыгездік бізге қайдан келді? Әңгіменің бас кейіпкері егеуқұй­рық­тарды соғыстыруды, қатыгездікті бала кезінде дядя Васядан көрген. Адал адамның қо­ғамда өмір сүруі қиын, біздің кейіпкеріміз абақтыда жынданып кетеді... Дегенмен қоғамды түзейтін, ескі, жарамсыз қағиданы бұзатын да сол сұмдықтан жиреніп, жын­данып кете алатындар ғой. Жазушы өз заманы туралы, өз за­ман­дастары туралы жазады, бірақ оқырманға өз ойын тықпаламайды. Заман­ның шындығын айтып ұқтыру үшін сөз­уар­лыққа салынып тыраштанбай, өз зама­ны­ның картинасын жасауға тырысқан. Сол су­реттен заманыңды танисың, өзіңді көре­сің, уақыттың рухын сезесің. Асқар Алтай әңгімелерінің құндылығы – осында. Көркем әдебиет математика тәрізді, нақ­ты ойлаудан гөрі абстракт ой­лауды көбірек қажет етеді. Басқалар көре ал­майтын құбылыстарды көріп, басқалар айта алмайтын шындықты айту үшін жазу­шының ішкі интуициясы мен абстракт ойлау қабілеті барынша жетілген болуы шарт. Жазушы өзі суреттеп отырған оқи­ғаның бағалаушысы емес, сол оқиғаға қа­тысу­шы болып кейіпкерлерімен бірге өмір сүре білгенде ғана шынайы көркем шығарма жаза алады. Өкінішке қарай, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс. Өмір­дің көзге көрінбейтін қалтарыс тұс­тары, құпия сырлары көп. Асқар Алтай әң­гімелерінде қазіргі заманның ауырлығын ға­на суреттемей, сол қиындықтардың тари­хи-әлеуметтік себептерін, заманның күр­делі шындығын тани білген және образды түрде көрсете білген. Әңгімедегі әрбір де­таль, әрбір эпизод қоғамның клеткасы тә­різді. Адамдардың көзқарасы үнемі өзгеріп отырады, адам ойы да үнемі өзгерісте бола­тын күрделі құбылыс. Жаныңда жүрген адам­­­ның мінезіндегі өзгерісті аңғаруға бо­лар, алайда ол өзгерістердің себебін білу қиын. Бұл шешімі жоқ жұмбақ. Кейде кісі өзін-өзі түсіне алмай қалатын кездер де бар, бірақ соны мойындайтындар аз. Тұтас қо­ғам мүшелерінің дүниетанымындағы өзге­ріс­терді – жаңарулар мен жаңғыруларды зерт­теу, көркем образ жасау үлкен шебер­ліктің жемісі. Асқар Алтайдың соңғы әңгімелеріндегі кейіп­керлер – түгелімен тәуелсіздік жыл­дары­ның адамдары. Жаны, рухы өзгерген, дәс­түрлі қазақ қалпынан айныған, бірақ жаңа болмысын таппаған қазақтар.

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ, жазушы