Әлем – әбігер
Әлем – әбігер
Пандемиядан кейінгі дағдарыс аяқталмай жатып, іле-шала басталған Ресей – Украина арасындағы шиеленіс геосаяси ахуалды ушықтырды. Әлемде логистикалық мәселелер өршіді. БҰҰ әлемде азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Нәтижесінде, әлем бойынша қымбатшылық рекорд деңгейге жетті. Мұның барлығы әлемнің бірқатар елдерін ішкі саясаты мен жүйесін, экономикалық жағдайын, монетарлық саясатын қайта қарауға мәжбүр етті. Қазір инфляция мөлшері сәл баяулады, дегенмен жағдайды болжау қиын.
Францияда ел президенті Макронның зейнетақы реформасына қарсылық күшейді. Әлемнің IT державалары жасанды интеллектпен адамзаттың назары үшін күресті бастап кетті. Пәкістанда дағдарыс ушығып тұр. Түркиядағы жағдайдан кейін елдің шығыны бағаланып жатыр. АҚШ-тағы инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Әлемдегі басқа да оқиғаларға шолу жасап өтейік.
Францияны ереуілдеткен екі жыл
Францияда президенті Макронның зейнетақы реформасына наразылық күшейді. Ел тура мағынада тұралап тұр.
11 ақпанда зейнетақы жасын ұзартуға байланысты мыңдаған қарсылық шаралары өтті. Бұл бір айдағы төртінші наразылық күні болды. Қарсылық 16 ақпанда да болды. Жалпы, еңбек конфедерациясының (CGT) бағалауы бойынша, тек Парижде 11 ақпандағы қарсылыққа жарты миллион адам қатысқан.
Сонымен қатар француз кәсіподақтары үкімет қарсылыққа құлақ аспаса, 7 наурызда «Францияны барлық секторда тоқтатуға» шақыруға дайын екендерін жеткізді.
Зейнетақы реформасы бойынша, елдегі зейнетке шығу жасы 62-ден 64 жасқа ұзарту көзделіп отыр. Бұл шараны қабылдауға елдегі зейнетақы қорындағы қаражат тапшылығы себеп болған.
Зілзаланың залалы – ЖІӨ-нің 10 пайызы
Түркиядағы жер сілкінісінен бері бір апта өтті. Зілзала келтірген залал 84 миллиард доллардан асуы мүмкін. Бұл – Bloomberg-тің Түркия кәсіпкерлері мен іскер топтарының конфедерациясын бағалау арқылы жасаған тұжырымы.
Олардың есептеуіне сүйенсек, жер сілкінісінің салдары елдің ЖІӨ-нің шамамен 10 пайызындай болады. Алғашында сарапшылар шығын ЖІӨ-нің 5,5 пайызындай болады деп айтылған еді. Оның ішінде 70,8 миллиард доллары – тұрғын үй нысандарының шығыны. Жер сілкінісі 10 провинцияны қатты зақымдаған.
Сонымен қатар Түркия билігі қалпына келтіру жұмыстары бюджет дефицитін 5,4 пайызға жеткізуі мүмкін деп болжап отыр.
АҚШ-тағы инфляция жоғары деңгейде
Жылдың басында АҚШ-тағы тұтыну бағалары күрт өсті, бұл АҚШ ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемелерді бұрын күткеннен де жоғарылатуға итермелеуі мүмкін екенін көрсетеді.
Бір айлық тұтыну инфляциясы қаңтарда 0,5 пайыз болды, бұл – соңғы үш айдағы ең жоғары көрсеткіш, және осы мәселе энергия мен тұрғын үй шығындарына ықпал етті.
Жалпы, АҚШ-та бір жыл ішінде инфляция 6,4 пайызға өсті. Баға көрсеткіштері күткеннен де жоғары болды. Азық-түлік пен энергия көздерін есепке алмағанда, базалық инфляция қаңтар айында 0,4 пайызға, ал бір жылда 5,6 пайызға өсті.
Бұл АҚШ-тағы ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдатуға жол ашуы мүмкін.
Еуропа қаңтарда газ тұтынуды азайтты
Gas Exporting Countries Forum (GECF) осы жылдан бастап әлемдік газ саласындағы жағдайға шолу жариялай бастады. Осы айда шыққан алғашқы басылым газды тұтынудың маңызды тенденциясына тоқталған.
Шолуға сәйкес, 2023 жылдың қаңтарында ЕО елдері газ тұтынуды жылдық мәнде 19 пайызға, 40 миллиард текше метрге дейін төмендетті. Газды тұтынуды төмендетуді сарапшылар ауа райының салыстырмалы түрде жылынуымен байланыстырады.
Ал өнеркәсіптік сектордағы газ тұтынуды азайтуға еуропалық газ хабтарының бағасы қымбаттығы себеп болған.
Қаңтар айында ЕО-дағы елдер газға электр энергиясын өндіруді 13 пайызға (г/г) азайтты. Электр энергиясын өндірудің өзі тек 3 пайызға (г/г) төмендеді. Электр энергетикасында газ тұтынуды азайтудың бұл динамикасы газдан көмірге ауысумен түсіндірілді.
Бұл ретте, шолу деректері бойынша, ЕО қаңтар айында құбыр газының импортын 35 пайызға (г/г) 12,7 млрд текше метрге дейін қысқартты. Аймақ Ресейден тек 2 миллиард текше метр көлемінде газ импорттады. Құбыр арқылы газ жеткізудің негізгі көлемін Норвегия қамтамасыз етті – шамамен 8 миллиард текше метр газ жеткізілген. Қалғаны Ливиядан, Алжирден, Әзербайжаннан алынған.
Аргентинада – 100 пайыз инфляция
Аргентинада экономикалық проблемалар шиеленісіп тұр, соның ішінде инфляция деңгейі өте алаңдатарлық.
2023 жылғы қаңтарда елдегі инфляция 2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 98,8 пайызға жетті. Бір айда елдегі бағалар 6 пайызға өсті.
Қаңтар айындағы ең үлкен өсім киім мен аяқ- киім бағасында (120,6 пайыз), мейрамханалар мен қонақүйлер қызметі (109,9 пайыз), әртүрлі тауарлар мен қызметтер (102,6 пайыз), тұрмыстық техника мен оны жөндеуде (102,6 пайыз және 101,2 пайыз) байқалған.
Елдегі инфляция деңгейі әлі де түсуі мүмкін деген болжам бар.
Пәкістан дефолттан құтылу үшін қарқынды түрде салық жинауда
Bloomberg мәліметтері бойынша, Пәкістан министрлер кабинеті 170 миллиард рупий немесе 636 миллион АҚШ доллары болатын салық жинау туралы заң жобасын мақұлдады, бұл – Халықаралық валюта қорынан қаражат алудың негізгі шарты. Үкімет сонымен қатар газ бен электр энергиясының бағасын көтеру туралы шешім қабылда-ған.
Бұған дейін Пәкістан мен ХВҚ 6,5 миллиард доллар несие бағдарламасын жаңарту үшін ұзақ келіссөз жүргізген болатын.
Пәкістандағы экономикалық жағдай соңғы айларда нашарлай түсті. Халықаралық резервтер 3 миллиард долларға дейін қысқарды, бұл импорттың бірнеше аптасын ғана жабуға жеткілікті, ал миллиардтаған долларлық импорттық контейнерлер портта қалып қойды, себебі доллар тапшы. Елдің долларлық резервтері баяу қалпына келеді, ал қарыздар мен импорт бойынша төлемдер келесі жылы жоғары болып қалады деген болжам бар.
Жапония жастары шетелге ұмтылуда
The Economist жазғандай, Жапония жастары жоғары жалақы үшін шетелдерге көшіп жатыр. Басылымның мәліметінше, Жапонияның орташа жылдық жалақысы 39 700 доллар, бұл ЭЫДҰ-дағы орташа 51 600 доллардан едәуір төмен.
Жапония жастары өздерінің алдағы перспективасын пессимистік тұрғыдан бағалайды екен. Төмен жалақыдан басқа, көбісі уақыт үнемдеуді қажет ететін қатаң корпоративтік мәдениетіне көңілі толмайды. Nippon Foundation коммерциялық емес ұйымы жүргізген сауалнама жас жапондықтардың тек 14 пайызы өз елінің болашағы «жақсарады» деп сенеді екен.
Расул РЫСМАМБЕТОВ,
қаржыгер:
– Бізде зейнетақы жасына қатысты мәселе реттелгендей. Әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жасқа тоқтады. Мүмкін, тағы да түсуі ықтимал деп ойлаймын. Бұл енді Үкіметтің немесе жауаптылардың ниеті мен қалауына байланысты емес, меніңше, зейнет жасына еңбек өтілімен қатар, бала күтіміне кеткен уақытты да қосу керек деп есептеймін.
Сонымен қатар Израильдегі сот реформасына қатысты да сұрақ көп. Себебі бізге де сот реформасы ауадай қажет. Сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігіне шағым айтушылар бізде де кездеседі. Бұл реформасыз бізге жайлы инвестициялық климат қалыптастыру мүмкін емес.
Ал митингтерге келер болсақ, бізге бұл мәселе төңірегінде көп жұмыс істеу қажет. Себебі азаматтардың жиналып, өз пікірін ашық, мәдениетті түрде жеткізуіне мүмкіндігі болуы керек. Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады. Сондықтан бейбіт митинг туралы заң болуы керек, оны жетілдіру керек. Жергілікті жерлерде де әкімдіктер рұқсат беруі керек, ал қазіргі жағдайда олар тек «жоғарыдағылардың» шешімін ғана күтіп отырады.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист:
– Әлемде қазір экономикалық жағдай күрделі. Әсіресе, Еуропада туу көрсеткіші төмен, қарт кісілер көп. Қарттардың зейнетақысының көп бөлігі жастардың еңбек күші арқылы толықтырылады. Сондықтан амал жоқ зейнетақы реформасын жасауға тура келеді. Оған, әрине, халық наразылыққа шығады. Осындай факторлар Еуропада өте үлкен рөл ойнайды. Тіпті, Ресейдің өзінде туу көрсеткіші төмен.
Бізде туу көрсеткіші жақсы, табиғи өсім бар. Мұндай елдердің болашағы бар деп есептеледі. Бірақ бізде жұмыссыз жүрген жастар көп. Сондықтан тиісінше еңбек өнімділігі де төмен болады. Сондықтан әйел адамдардың зейнетке шығу жасын төмендету үшін жастарды жұмыспен қамту мәселесі шешімін табуы керек. Жастарға жағдай жасалуы керек, адам капиталын дамыту керек.
Жалпы, әлемдегі азаматтардың көңіл күйі көтеріңкі деп айтуға келмейді, геосаяси ахуалдың салдарынан Еуропа газды Ресейден емес, АҚШ-тан тасып жатыр, бағалар өсіп жатыр, оларға қаржылық компенсация төленуде.