Жаңалықтар

Еліміздегі ЖЭО-дағы апаттар кездейсоқ болған жоқ – Әшімбаев

ашық дереккөзі

Еліміздегі ЖЭО-дағы апаттар кездейсоқ болған жоқ – Әшімбаев

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев елдегі жылу-электр жүйесінің тозуына алаңдаушылық білдірді деп хабарлады turkystan.kz. «Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өңірлерде инфрақұрылым мәселелері өзекті болып тұр. Бірінші кезекте, әңгіме жылу және электрмен жабдықтау мәселесі туралы. Өздеріңіз білетіндей, биыл қыста Екібастұзда апат болды. Қала тұрғындары қыстың аязды күндерінде жылусыз қалды. Рудный және Риддер қалаларында да апат болды. Жуырда ғана Екібастұз – Ағадыр желісіндегі апаттың салдарынан бірден 6 облыста электр қуатын беру көлемі шектелді. Өкінішке қарай, бұл апаттар кездейсоқ болған жоқ. Бұл – осы саладағы қордаланған жүйелі проблемалардың көрінісі. Жалпы электр стансаларының негізгі қондырғыларының тозуы 57 пайызға жетіп отыр. Ал жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш 88 пайызға дейін барады», - деді ол. Оның сөзінше, жыл сайын жылу-электр орталықтарының тозу деңгейі артып келеді. «Қазір оның тозу көрсеткіші 66 пайызға жеткен. Жылу-электр орталықтарының тозуы жекелеген өңірлерде 90 пайыздан асады. Мемлекет басшысының генерациялаушы қуаттардың тозуын «Инвестициялардың орнына тариф» бағдарламасының есебінен төмендету туралы тапсырмасы бар. Тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бұл бағытта нақты қадамдар қажет», - деді Сенат спикері.