Қытыққа тиген қызғылт телпек

Қытыққа тиген қызғылт телпек

Қытыққа тиген қызғылт телпек
ашық дереккөзі
Төрткүл әлемді естен тандырмаса да жік жүгірте жаздаған АҚШ президентінің сайлауынан соң аттай 73 күн өткенде Дональд Трамп ресми түрде президенттік қызметіне кірісті. Саясат сахнасына ойда жоқта келген миллиардердің қалайша әлемдік державаның басшылығына сайланғаны мүйізі қарағайдай саясаткерлердің өзін таң-тамаша еткені рас. Ақыры, екі жарым ай өткенде, Вашингтон қаласындағы Капитолий ғимаратының алдында Інжіл ұстап ант берген соң, барша әлем Трампты АҚШ президенті ретінде мойындауға мәжбүр. Бірақ АҚШ-тың өз ішінде оның аты аталғанда тыжырынатындар жетерлік. Наразылар Трамп президенттікке кіріскен алғашқы күні-ақ әлемдік деңгейдегі қарсылық шарасын өткізді.

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ОБАМА!

Осыдан тура бір жыл бұрын газетімізде «Обамамен қоштасу» атты сараптама жариялаған болатынбыз. Оның екі президенттік мерзімде сіңірген еңбегіне баға берілген. Сегіз жыл бойы Ақ үйден әлемдік саясаттың отын үрлеген Барак Хусейн Обама енді тарих еншісіне айналды. Америкалықтар президент Обамамен дәл Трамптың инаугурациясы өткен күні қоштасты. Қалыптасқан дәстүр бойынша, жаңадан сайланған президент ант беріп, ресми түрде өкілеттілікке ие болған соң, өз отбасымен Ақ үйдің табалдырығынан аттайды, ал бұрынғы президент жұбайымен бірге оларға төрді босатып береді. Содан соң Дональд пен Меланья Трамп Барак және Мишель Обаманы тікұшаққа дейін шығарып салды. Президенттік тік­ұшақ оларды «Эндрюс» әскери-әуе базасына жеткізді. Сол жерде экс-президент өзін күтіп алған әріптестерінің алдына шығып, қоштасу сөзін айтты. Бұдан соң Обама соңғы мәрте №1 борт саналатын ұшаққа мініп, Калифорнияға демалуға кетті. Ақ үйді, №1 бортты, президенттік лауазымды, әлемнің тағдырына ықпал ететін билікті тастап шығу оңай емес, сірә. Әлемдік саясаттағы ең ықпалды тұлғадан бір-ақ сәтте қарапайым америкалыққа айналып шыға келген Барак Обама үшін бұл тарихи әрі ауыр күн болды. Бірақ ол сыр берген жоқ, әдеттегі емен-жарқын қалпынан танбады. Тек Мишельдің салыңқы қабағына қарап, ерлі-зайыптының басындағы халді пайымдауға болар. Сегіз жыл болса да, алпауыт мемлекетті басқарып, тұтас әлемнің назарында өмір сүру оңай жүк емес. Ерлі-зайыпты Обамалар бұл сыннан сүрінбей өтіп, өздеріне дейінгі толқын – Картер, Буш, Клинтон әулеттерінің қатарына қосылды, тарихқа айналды.

ОЛ УӘДЕГЕ ЖОМАРТ

Дональд Трамп Інжілді ұстап тұрып не деді? Құдайды аузына алып тұрып, Американы қайтадан ұлы мемлекет етуге уәде берді. Американың бұрынғы беделін қайтарып, өзгелерге сәулесін түсіретіндей жарқыратуға уәде берді. Иә, бұл күні Трамп уәдеге мәрттік танытты. Трамп инаугурациядан кейін сөйлеген сөзінде «Американы қайтадан ұлы етуге» қатысты уәделерін үйіп-төкті. «Дәл қазіргі сәттен бастап біздің әрбір шешімімізде ең әуелі Американың мүддесі тұрады», – деді ол. Шамасы, ол бұған дейін халықаралық қатынастар, сыртқы сауда, қорғаныс, т.б. мәселелерде АҚШ мүддесі аяққа тапталып келді деп санайтын сияқты. Шынында, Дональд Трамп осы салтанатты шараға қатысып тұрған Барак Обаманы да, оған дейінгі президенттер Джимми Картер, Билл Клинтон мен Джордж Буштарды да жерге қаратты. Оның сөзіне сенсек, Трамптың президенттікке сайлануымен қарапайым адамдар билікке енді ғана қол жеткізген. «Өте ұзақ уақыт бойы астанадағы аз ғана шоғыр топ үкімет билігінің қызығын көрді, ал қарапайым адамдар ол шығындарды көтерді», – деді ол. Америка қоғамындағы қылмыс, экстремизм, мектептен тыс қалған жеткіншектер мен кедейшілік қамытын киген отандастары туралы айтқанда ол: «Бұл америкалық қырғын дәл осы жерде және дәл қазір тоқтатылды»,– деді. «Біз өз шекарамызды біздің тауарларымызды жасап шығарып, біздің компанияларымызды ұрлап, біздің жұмыс орындарымызды жоятын басқа мемлекеттерден келетін зияннан қорғауымыз керек»,– деді Трамп. Оның бұл сөздері ең әуелі Қытайға қатысты екені айдай әлемге анық. Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап АҚШ пен Қытай арасында сауда-саттық соғысы басталады деген қауіп бар. «Біз қара, не қоңыр, не ақ болайық, бәріміздің бойымызда патриоттардың қызыл қаны бар, бәріміз бірдей бостандыққа ұмтыламыз, бәріміз Америка туын тік тұрып құрметтейміз», – деді ол. Осылайша, бұған дейін мигранттар мен мұсылмандарға қарсы айтқан сөздерін жуып-шайған болды. «Дәл қазір бос сөзді тоқтататын кез келді. Енді іс тындырар сәт туды», – деді ол тағы. Осылайша, Трамп өз уәделерінің бастан-аяқ жүзеге асатынына сенімді екенін көрсеткісі келгендей.

ТРАМП ҚАЛАЙ ПРЕЗИДЕНТ БОЛДЫ?

Бұл сұраққа түрлі елдердің сарапшылары бас қатырып, түрліше жауап берді. Мысалы, британдық «The Guardian» газеті «Трамп қалай жеңіске жетті?» деген мақалада Трамптың жалынды сөздері мен кесек уәделері америкалықтардың жүрегіне жол тапқанын жазады. Шамасы, Трамп америкалықтардың қалғи бастаған ұлтшылдығын түртіп оятты. Ал ұлықтау күні сөйлеген сөзінде Трамп бастан-аяқ америкалық ұлтшылдықты ашықтан-ашық дәріптеді. Оның үстіне, Дональд Трамп америкалықтарға соңғы оншақты жылда «Үміткер» атты тележобада өз компаниясына қызметкерлер іріктеуші бизнесмен ретінде танылды. Оның дауыс көтере: «Сіз боссыз!» деп жолы болмаған үміткерлерді студиядан қуып жіберетін әдеті баршаға мәлім. Осылайша, қарапайым америкалықтардың алдында Трамптың бәсі жүріп тұрған бақуатты бизнесмен әрі қолында билігі бар ықпалды тұлға ретінде имиджі қалыптасты. Трамп телевидениенің адамның ой-санасын жаулайтын ықпалын өте ұтымды пайдаланды. Бұған қоса, Дональд Трамп – әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы. Өз сөзіне қарағанда, оның Facebook, Instragram мен Twitter желілерінде 50 миллион оқырманы бар. Трамптың өзі осы миллиондаған аудиториясының қолдауына сенеді. Ол: «Сіз қай жерде бір мезгілде миллиондаған адамды жинап, сөзіңізді тыңдата аласыз?» деп әлеуметтік желілердің ықпал ету күшіне оң бағалайды. Ендеше, заманауи ақпараттық технологиялар да Трамптың жеңіске жетуіне үлес қосты деуге негіз бар.

ҚЫЗҒЫЛТ ТЕЛПЕК КИГЕНДЕР

Американың Трампқа деген пікірі әлі екіұдай. Оны қолдаушылар ұлықтау күнін тойлап жатса, наразылар қарсылық шеруін ұйымдастырды. Бірақ ант беру рәсімі кезінде өткен наразылық шарасына бетіне маска киген белгісіз топ араласып, полицияға тас лақтырып, терезелерді сындырып, шерудің берекесін қашырған. Ал 21 қаңтарда, Трамптың президенттік қызметі ресми түрде басталған алғашқы күні АҚШ-тың 30 және әлемнің 600 қаласында қызғылт телпек киген «Әйелдер маршы» басталды. Шеруге шыққандар әйел құқығын ту етіп, мигранттар, діни наным-сенім бостандығын, әлеуметтік құқықтар мәселесін көтерді. «Әйелдер маршының» қатысушысы, актриса Скарлетт Йохансен айтқандай: «Трамп мырза, мен сізге дауыс берген жоқпын, сізді қолдар едім, бірақ әуелі сізден сұрайын, сіз мені қолдайсыз ба?» деген сұрақ наразылардың көкейінде. Америкалық миллиондаған әйел Дональд Трамптың мемлекет басшысы ретінде өз құқықтарын қорғайтынына сенбейді. Сондықтан олар «Дональдты тоқтат!», «1950-жылдарға қайтып бармаймыз!» деп ұрандатуда. Вашингтондағы шерудің бір белсендісі: «Егер сіздер мұсылмандарды тіркеуге алуды бастасаңыздар, біз бәріміз мұсылман болып жазыламыз!», – деп айғайлады. wx1080 Бастарына қызғылт телпек киіп, қолдарына ұран жазылған үнпарақ ұстаған әйелдер ұзақ күреске шыққан сыңай танытты. Бірін-бірі қайрап, жалынды сөз сөйлеген әйелдер Дональд Трампты Ақ үйден қуып шыға алмаса да, онымен төрт жыл бойы тіресуге дайын екендерін мәлімдеп жатты. Сахнаға алып шыққан «Бұл тек басы ғана» деп қайталап жазылған үнпарақтар соны меңзейді. Бірақ бұл күрес – шайқас не арандатушылық емес, бейбіт әрі тыңғылықты күрес болмақ. Ең әуелі, қызғылт телпекті әйелдер өз құқықтарының сақталуы үшін ашық пікір айтып, бірін-бірі саяси белсенділікті арттыруға шақырады. Сол күні көп менмұндалаған ұрансөздің бірі: «Білім алып, оқыңдар. Ұйымдасыңдар. Жиналыңдар» деген сөздер Хиллари Клинтонның президент болуына тілектес болған америкалық әйелдерді билік үшін саяси күресті жалғастыруға үндейтіндей. Сахнаға алып шыққан ұрандарының бірі – «Тек қана алға, ешқашан артқа!», яғни, әйелдерге сайлау және сайлану құқығы болмаған, қоғамдағы рөлі төмен болған заман келмеске кетті, ешқашан оралмайды деген сөз. Шамасы, америкалық әйелдердің бір тобы Дональд Трампты әйел құқығын шектейді деп сескенетін сияқты. Хиллари Клинтон «сіңлілерінің» белсендігіне риза болғаны соншалық, «Twitter» парақшасына: «Біздің ­­­@­womensmarch ұстанымын қорғап, көшеге шығып, қолдау білдіргендеріңіз үшін рахмет. Ешқашан дәл қазіргідей маңызды болған емес. Мен шынымен де біз бәріміз әрдайым бірге екенімізге сенемін»,– деп жазды. «The Guardian» газетінің жазуынша, шерудің ортасынан кеше ғана мемлекеттік хатшы болған Джон Керриді көргендер бар. Сол күні Лондонда, Парижде, Берлинде, Римде, Тблисиде, Токиода, Прагада, т.б. отыз шақты қалада миллиондаған адам көшеге шығып, Вашингтондағы «Әйелдер маршына» үн қосты. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, әлемнің түкпір-түкпірінде «Әйелдер маршына» қатысқандар саны өткен сенбі күні 5 миллионға жеткен. Осы күні Вашингтон қаласында маршқа қосылған әйелдер саны 500 000-нан асқан. Лос-Анжелестегі шеруге 750 000, Нью-Йоркта – 400 000, ал Чикаго, Бостон мен Денвер қалаларының әрқайсысында жиналған адамдар саны 200 000-ға жеткен.

«ЕҢ ҰНАМСЫЗ ПРЕЗИДЕНТ»

Трамптың ұлықтау рәсіміне қатысқан журналистер салтанатты шараны көруге жиналған адамдар саны 2009 жылы Барак Обама бірінші рет ант берген жиынмен салыстырғанда әлдеқайда аз деп хабарлады. Сондай-ақ, «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, Трамптың ант қабылдау сәтін теледидардан 31 миллион адам тамашалаған, ал 2009 жылы Барак Обаманың ұлықтауын тікелей эфирде 38 миллион адам көрген еді. Салыстыру үшін айталық, АҚШ президенттерінің ішінде бұл күнгі көрермен саны бойынша «рекордсмен» – Рональд Рейган, 1981 жылы оның ант қабылдау сәтіне 42 миллион адам куә болған. Батыс басылымдары Дональд Трампты ашықтан-ашық «демагог», «популист» деп жазып жатыр. Оған «АҚШ тарихындағы Ақ үйдің табалдырығын аттаған ең ұнамсыз президент» деп айдар тақты. Солайы солай шығар. Сайлауда жеткен жеңісіне және америкалықтарға үйіп-төгіп берген уәделеріне қарамастан, өз елінде Дональд Трампты жақтырмайтындар жетерлік. Бірақ Дональд Трамп өз сөзін жақтастарына арнап, оларға рахметін жаудырса да, қарсыластарын, әсіресе, өзіне қарсы наразылық шарасын ұйымдастырғандарды мүлде елемейтіндей кейіп танытады. Мысалы, қызғылт телпекті әйелдер шеруі Вашингтонда басталып, АҚШ-тың ірі қалаларын шарпыған кезде, одан соң әлемдік астаналарда миллиондаған адамдардан қолдау тапқан кезде, ол тырс етіп үн шығармады. Ал оның кез келген мәселе бойынша пікір айтып, жұрттың алдына шығып сөйлегенді жақсы көретіні белгілі. Марш өткен соң бір күннен кейін, жексенбі күні «Твиттерде» сыпайы ғана екі ауыз сөз жазған. Мұның өзі қызғылт телпекті әйелдер Дональд Трамптың қытығына тигенін аңғартады.  

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА, ТРАМП:

АҚШ президенттігіне сайланған тұңғыш ТВ «жұлдызы»; АҚШ президенттігіне сайланған алғашқы саясаттан тыс адам; АҚШ президенттерінің ішінде ең қартаңы, жасы 70-те; Трамптың басты ұраны – «Американы қайтадан ұлы етеміз!» деген уәде президент Рональд Рейганға тиесілі; Алкогольді ішімдіктер ішпейді, өз сөзіне сенсек, темекі мен есірткіге жоламаған. Туған ағасы 43 жасында арақтың салдарынан көз жұмған соң, ішімдікті татып алмасқа серт еткен, тіпті ұлықтау рәсімінен кейінгі банкетте аққайнар да ішпеген; 1996-2015 жылдар аралығында «Әлем аруы», «Америка аруы», «Американың жас сұлуы» байқауларының қожайыны болды; «Форбс» журналы Д.Трамптың дәулетін 3,7 миллиард долларға бағалады, ал өз сөзіне қарағанда, оның байлығы 10 миллиард доллардан асады; АҚШ-тың ірі қалаларындағы гольф алаңдары, курорт орындары, қонақүйлер мен казинолары бар; Мумбайда, Стамбулда және Филиппин аралдарында «Трамп Тауэр» тұрғызған; Төрт рет банкрот болып, тақырға отырған. «Трамп Университет», «Трамп Ипотека», «Трамп Әуе жолы» және «Трамп-Арақ» атты бизнес-жобалары, Атлантик Сити мен Нью-Джерсидегі төрт казиносы сәтсіздікке ұшырады; Үш рет үйленген. Қазіргі әйелі Меланьядан Барон атты ұлы, алдыңғы екі әйелінен Дональд, Иванка, Эрик және Тиффани атты балалары бар; Меланьяға үйлену тойына Трамп өз қалтасынан бір тиын жұмсаған жоқ. Барлық той шығынын достары мен әріптестері көтеріп алған. Ал қонақтар арасында ерлі-зайыпты Клинтондар да болды.