Жаңалықтар

«AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінде су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды

ашық дереккөзі

«AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінде су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды

Су тасқынының алдын алуға әзірлік жұмыстары және барлық гидротехникалық құрылыстардың көктемгі қызыл суға дайындығы. Осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында талқыланды. Комитет төрағасы Артур Платонов бүгінде еліміздегі 255 елді мекен су басу қаупі бар аймақтарда қалып отырғанын және онда 127 мыңнан астам үй мен 700 мыңнан астам адам бар екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда апаттық жағдайдағы 5 және жөндеуді қажет ететін 73 су қоймасы, қорғаныс бөгендері, платина мен тоғандар бар. Олар істен шығатын болса, халыққа зор қауіп төнеді. Алайда, былтыр 2021-2023 жылдарға жоспарланған Жол картасындағы су тасқынына қарсы 68 іс-шараның 41-і орындалмағаны белгілі болды. «Тұрғындар арық жүйесін біреу келіп тазалап береді деп күтіп отырады. Яғни, біздің қызметкерлер көбіне-көп коммуналдық қызметтерді атқарып жүреді. Алайда, бұл Төтенше жағдайлар министрлігіне тән міндет емес. Біз өртке қарсы қызмет бөлімшелерін, әскери бөлімдерді және жедел-құтқару отрядтарын ауланы судан тазарту жұмысына жұмылдыруға мәжбүрміз», – деп атап өтті министр. Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет мүшелері су тасқыны қаупі бар өңірлердегі түйткілді мәселесі көп гидротехникалық құрылыстарда партиялық бақылау бекеттерін ашу жөнінде қаулы қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, былтыр партиялық бақылау бекеттерінің арқасында еліміздегі 207 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны уақтылы пайдалануға берілді. Сонымен қатар партиялықтар әкімдіктерге: арықтар мен каналдарды, дренаждық жүйелерді, өзен арналарын мұздан және қоқыстан тазарту жұмысын уақтылы аяқтауды; гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу жөніндегі жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу рәсімін жеделдетуді, осы құрылыстарды теңгерімге қоюды; су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларының сақталуын тексеретін арнайы су тасқынына қарсы жұмыс тобын құруды ұсынды.