Петропавлда балаларға алғашқы көмек көрсеткен фельдшер жазалануы мүмкін

Петропавлда балаларға алғашқы көмек көрсеткен фельдшер жазалануы мүмкін

Петропавлда балаларға алғашқы көмек көрсеткен фельдшер жазалануы мүмкін
ашық дереккөзі
Петропавлда 9-сынып оқушысы балтамен және пышақпен жарақаттаған балаларға алғашқы медициналық көмек көрсеткен жедел жәрдемнің фельдшері жауапқа тартылуы мүмкін деп хабарлады turkystan.kz Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап. Мәлімет бойынша, 13 ақпан күні сағат 7:55-те «103» пультіне Н.Назарбаев көшесіндегі №4 мектептен шақырту түскен. Телефон шалған адам балалардың басынан жарақат алғанын хабарлаған. Жедел жәрдем бригадасы 4 минутта жетіп, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетті. Көмек сапалы көрсетілген. Бірақ жедел медициналық көмек бригадасының аға фельдшері оқиға орнына жетісімен ережеге сай шара қолданбаған.
«Ережеге сай зардап шеккендер саны 3 не одан да көп болса, бірінші болып жеткен жедел-медициналық көмек бригадасы алдымен сұрыптаудан өткізіп, одан кейін ауысымның кезекші дәрігеріне жарақат алғандардың саны туралы ақпарат беруі керек. Аға фельдшер мұның бірін істемеген, қосымша жедел жәрдем қызметін шақырмаған. Зардап шеккен балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Осы аралықта диспетчерлік қызметпен байланыс болмаған. Жарақат алған балалардың саны жөнінде шақырту аяқталғаннан кейін ғана белгілі болды. Зардап шеккендер өте ауыр жарақат алған жағдайда фельдшердің белгілі стандарттарды қолданбауы олардың халін қиындата түсер еді», - делінген хабарламада.
Әзірге зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен фельдшерге тәртіптік шара қолданылған жоқ. Бұл оқиға емдеу-бақылау комиссиясының отырысында талқыға түсіп, қорытынды жасалып, шешім қабылданбақ. Айта кетейік, Петропавлдағы №4 мектептің 9-сынып оқушысы сабаққа балта-пышақпен қаруланып келіп, үш баланы жарақаттаған еді.