ДСҰ құрамындағы Қазақстан: суырылып шықтық па, сүріндік пе?

ДСҰ құрамындағы Қазақстан: суырылып шықтық па, сүріндік пе?

ДСҰ құрамындағы Қазақстан:  суырылып шықтық па, сүріндік пе?
ашық дереккөзі
Еліміз үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) құрамына кіру оңай болмағаны белгілі. Халықаралық сауда ережелерін реттеп отыратын экономикалық ұйымның өзі 1995 жылы құрылғанын ескерсек, Қазақстан беделі зор ұйымға мүше болуға деген әрекетке 1996 жылы-ақ кірісіп кеткен-ді. Алайда ДСҰ белгілеген шарттар мен талаптарға сай болмадық па, әлде келіссөздер нәтижесі оң шешім бермеді ме, беделді ұйым қатарына 19 жылдан кейін 62-ші мемлекет болып қабылдандық.
Бұрынғы кеңестік елдерден оның қатарында қазір Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Украина және Ресей бар. Бауырлас республикалардың арасынан алғашқылардың бірі болып 1998 жылы 20 желтоқсанда ДСҰ мүшелігіне Қырғызстан қабылданды. Одан соң 1999 жылы 10 ақпанда Латвия, 1999 жылы 13 қарашада – Эстония, 2000 жылы 14 маусымда – Грузия, 2001 жылы 31 мамырда – Литва, 2001 жылы 26 шілдеде – Молдова, 2003 жылы 5 ақпанда – Армения, 2008 жылы 16 мамырда – Украина Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Көршілес Ресей Федерациясы ДСҰ құрамына 2012 жылы 22 тамыздан бастап енді. Осылайша, 2015 жылы көптен күткен арманымызға қол жеткізсек те, ұйымдағы экономикалық әлеуеті жоғары 161 мемлекетпен иық тіресуге қал-қадіріміз жете ме? Дүниежүзілік сауда ұйымы – жер жаһандағы сауданың 98 пайызын уысында ұстап отыр. 2015 жылы әлемнің барлық елдерінің тауар айналымының көлемі 37,5 триллион АҚШ долларын құраған. Ал, ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы тауар айналымы 36,5 триллион АҚШ долларына жеткен. Ал біз дамыған елдердің нарығына қандай тауар ұсынамыз? ДСҰ-ға мүшелікке өтіп, талай жылғы келіссөздер нәтижесін берген уақытта Елбасы Н.Назарбаев: «ДСҰ-ға мүше болу – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз. Сол кезде біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге талайдан бері бәсекеге сай болу керек деп айтып келе жатқаным сондықтан» дегені есте. Өйткені ДСҰ-ның талабы бойынша көп тауарға баж салығы төмендейді, кейбіріне тіпті салық салынбайды да. Еуразия экономикалық одағы шеңберінде қолданылып отырған бірыңғай импорттық баждан да төмен болады. Яғни, импорттық тауарлардың құны бұрынғысынан арзандайды. Ең бастысы, ДСҰ-ға мүше болған сәтте әлемнің екінші экономикасы саналатын көрші Қытайдың жүздеген кәсіпорны бәсекеге төтеп бере алмағаны есте. Жапонияның жылына 2000-ға жуық корпорациясы банкрот болады екен. Демек, ДСҰ нарығында әр ел өзінің орнын таба алуы тиіс. Қалайша? Географиялық һәм климаттық жағдайына қарай тек сол елде ғана өндіруге қолайлы тауар немесе азық-түлік түрлері арқылы. Бұл жағынан еліміз тығырықтан шыға ала ма, жоқ па, тағы уақыт еншісінде.

ДСҰ-ның берер мүмкіндігі көп

ДСҰ артықшылықтарына келсек, 2015 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін 1397 тауардың мөлшерлемесі төмендетілді. Бұл тізімге: ет, кондитерлік өнімдер, ауыл шаруашылығы тауарлары, көлік және өзгелер кіреді. ДСҰ-ға мүше болу Қазақстанға көптарапты сауда келіссөздеріне қатысу арқылы стратегиялық сауда-экономикалық мүдделерді пайдалануға қосымша мүмкіндіктер беріп, ДСҰ-ның өзге мүшелеріне осы елдердің ішкі көлік тарифтері бойынша тауарларды экспорттау шарасын ұсынды. Және де бірлескен кәсіпорындар құру, зияткерлік меншік нысандарын алмастыру, экономиканың түрлі салаларына жаңа технологиялар мен инвестициялар тарту үшін зор мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ, шетелден келген инвесторларға біліктілігі жоғары мамандарын шектеусіз алып келеді. Бірақ шетелдік компаниялар қазақстандық тұрғындарды жұмыспен қамтуға міндеттеледі. Мысалы, бұл компаниялардағы қызметкерлердің 50 пайызы еліміздің тұрғындары болуы керек. Әр компания қазақстандық мамандарды өсіруге, дайындауға міндеттелуі тиіс. Сонымен қатар, телекоммуникация, қаржы секторындағы шетелдік компанияларға қойылатын шектеулер мен екі жарым жылдан кейін 49 пайыздық шетелдік инвесторлардың капиталына қолданылатын шектеулер алып тасталады. Сондай-ақ, қаржы саласында шетелдік банктер мен сақтандыру қызметін көрсететін компаниялар үшін тікелей филиал ашуға рұқсат берілмейді. ДСҰ-ға өткен бес жылдан кейін ғана шетелдік банктер мен сақтандыру компаниялары филиалдарын аша алады. Және де Еуразиялық Одақ пен Еуропа Одағы елдері арасында визалық режим жеңілдетіледі. Халықаралық беделі зор ұйым біріншіден, сауда дауларын конструктивті шешуге септігін тигізеді. Екіншіден, ойын ережелерінің анықтығы. Үшіншіден, бағаларды қысқарту. Сауда саясатын ырықтандыру және протекционистік кедергілерді қысқарту нәтижесінде тауарлардың еркін саудасы тауарларды импорттауды елеулі көбейтеді. Бұл жердегі ең бастысы импортталған тауарлар бағасының төмен болуы ішкі рыноктағы тауарлар бағасының да төмендеуіне ықпал етеді. Міне, еркін сауданың халықаралық деңгейде осылайша күшеюі бүкіл әлем бойынша тұтынушылардың шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, жаңа технологиялардың келуі. Ішкі рыноктағы тауар өндіруші импорттық бағасы арзан, сапасы жоғары тауарлармен күресіп, оларды ығыстыру үшін өз өндірісін жаңартуға, оларды неғұрлым жаңа технологиялармен жабдықтауға, мамандардың біліктілігін көтеруге мәжбүр болады. Бесіншіден, экономиканы ынталандыру. Импорттың көлемін көбейту тек қана жаңа технологиялардың келуін қамтамасыз етеді және тауарлар мен қызметтерді таңдауға мүмкіндік береді. Алтыншыдан, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту: ДСҰ шеңберінде біріккен кәсіпорындарды құру, біріккен зерттеулерді өткізу, зияткерлік меншіктің объектілерін басқа мемлекеттермен алмастыру мүмкіндігі аса пайдалы болады. Жетіншіден, іскерлік белсенділікті жоғарылату. ДСҰ шеңберінде қосымша инвестицияларды тарту мүмкіндігі пайда болады. Бұдан басқа, батыстың қаржы корпорацияларының келуі арзан және ұзақ несиелерді алу көздерін ашады.

Отандық банктердің әуселесі қандай?

Қазір еліміздің тұрғындары банк жүйесіне сенуден қалды. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы жылдары кейбір банк басшыларының жұрттың ақшасын құрдымға жіберіп, ақыр соңында жабылып тынуы біраз жайттан хабар берсе керек. Соның ішінде 2003 жылы «Наурыз банк Қазақстан» мен 2007 жылы елді ұлардай шулатқан «Валют-Транзит Банктің» төңірегінде болған дауды ешкім ұмыта қойған жоқ. Бұдан кейін де бірнеше банктің қайта құрылымдалғаны тағы бар. Бір жылдары халыққа несиені оңды-солды таратып, соңында банкротқа ұшыраған «Алянс банк» те бүгінде басқа атаумен белгілі. Белгілі экономист-маман Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, «БТА банкті» құтқару үшін Ұлттық қордан 14 млрд доллар жұмсалған, ал мемлекет Qazкоm банкіне 4,5 млрд доллар қажет дейді. Алайда әрқайсысының өз акционерлері бар. Оларды неге халықтың есебінен құтқаруымыз керек? Қожайындары қайда? Неге біз қалтамыздан төлеуіміз керек? Міне, осы тұрғыда шетелдік банктердің пайдасы бар. Олар нарыққа келсе, бәсеке де күшейеді» дегенді айтады маман. Жалпы, еліміздің бағалы қағаздар нарығында бас-аяғы 40-қа жуық банк әрекет етсе, оның көпшілігі екінші деңгейлі банктер тізімінде. Ал олардың көретін бар пайдасы – халыққа берген несиені қосымша үстемелік пайызбен қайтарып алу. Несие алып, қарыз шырмауына түскен қарапайым халыққа өктем банктер ертеңгі күні шетелдік банктермен бәсекелесе ала ма? Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің пікірінше, қазірдің өзінде елімізде шетелдік банктердің өз өкілдіктері бар. «Енді филиалын да аша бастайды. Оларға қазақстандық банктер не тәйірі? Былайша айтқанда, ойыншық қой. Кейбір елдердің қаржы нарығына кірген 90 пайыз шетелдік банктер ұлттық банктерді ысырып тастаған. Мұның екінші жағы бар. Әрине, қауіптен қорқып, өз банктерімізді бәсекелестік алаңына жібермей отырмаймыз ғой. Біз әлемдік банктермен біртіндеп бәсекеге түсуіміз керек». Әлбетте, Қазақстан ДСҰ-ға мүше мемлекет ретінде бәріне есігін айқара аша бастайды. Шетелден тауар ағылып жатқанда, алпауыт елдердің банктері де нарыққа енетіні сөзсіз. Ал сол кезде тек несие берумен күн көріп жатқан екінші деңгейлі банктер не істемек? Жақында ғана Qazkom жапондық JCB төлем карталарына қызмет көрсетуді бастап кетті. Сол сияқты Qazkom Халық банкімен алдын ала келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеп, қалған ақпараттың сәйкес мерзімде хабарланатынын жеткізді. Ол ол ма, кореялық Kookmin Bank қазақстандық Центркредит банкіндегі өз үлесін сатуға ниетті екен. Kookmin Bank (Кукмин банк) – активтер көлемі мен нарықтық капиталдандыру бойынша Оңтүстік Кореяның ірі банктерінің бірі. Центркредит банкінің 41,9 пайыздық үлесін кореялық банк 2008 жылы 939,2 млрд вонға сатып алған. Бүкіләлемдік банк тобына кіретін IFC халықаралық қаржы корпорациясы бірлескен инвестор ретінде мәмілеге қатысты. Корпорация БЦК-ның 10 пайыздық үлесіне ие. Ал мешін жылының соңында Ұлттық банк депозит қабылдау және жеке тұлғаларға банк шотын ашу бойынша «Қазинвестбанктің» лицензиясын тоқтатты. ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтің айтуынша, тәуекелдерді басқару жүйесіндегі жұмыстарда анықталған өрескел қателіктер мен заңсыздықтар банкке қатысты қарсы осындай шаралар қолдануға тура келген. Заңды тұлғалар үшін кредит беру кезінде кепілзатқа және борышкердің төлем қабылетіне мән бермеген. Осының салдарынан «Қазинвестбанк» үлестірілген қаражаттың едәуір бөлігін қайтара алмаған. Осылайша, 8 мыңнан астам салымшы қаржысын сеніп тапсырған «Қазинвестбанк» салымшыларға 20 млрд теңге берешек. Банк 50-ден астам төлем түрін орындауды кейінге қалдырып, 230 млн теңгеге жуық төлемді өтей алмаған. Ал «Қазинвестбанкті» жою туралы соттан соң, 14 күн өткенде тұтынушылар арыз жазуға құқылы. Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қоры төрағасының орынбасары Куанышбек Әбжанов: «Қазіргі таңда біздің қорда банктер банкротқа ұшыраған жағдайда салымшылар үшін қарастырылған қаражат көлемі 500 млрд теңгеге жуықтайды. Сондықтан аталған банктің салымшылары қаражатсыз қалмайды. Кепілдендірілген төлем заң аясында барлық салымшыға беріледі. 1993 жылы «Қазинтербанк» деген атаумен тіркеліп, Орталық Азиядағы алғашқы инвестициялық банк ретінде жұмысын бастаған «Қазинвестбанк» болатын, екі жылдан соң Қазақстан Үкіметі бұл шетелдік банкті сатып алып, кейін жекешелендірілген. Ал 2008 жылы банктің жаңа қожайындары оның қаржылық қызмет көрсету түрлерін ұлғайтып, жаңа деңгейге көтерген. Былтыр жыл басында банк 326 млрд теңге актив қорымен екінші деңгейлі банктер арасында 20-шы орынға тұрақтаған. Ал желтоқсан айында оның активтері бірден 118 млрд теңгеге құлдырап, Ұлттық Банктен көмек сұрауға мәжбүр болыпты.

Кәсіпкерлердің тынысы ашыла ма, әлде?..

Жалпы, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктен Қазақстан нарығының ұтары не, ұтылар тұсы қайсы? Осы мәселеге келгенде экономикалық сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Сарапшылардың біразы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік бізге кері әсер етеді, біздің нарық бұл бәсекелестікке төтеп бере алмайды, онсыз да тұралап тұрған ауылшаруашылығы шетелден ағылатын арзан өнімнен бас көтере алмайды десе, екінші бөлігі – бұл ұйымға мүшелікке өту арқылы біздің сауда кеңістігіміз біршама артады, шетелден әкелінетін автокөліктердің баж салығы төмендейді, шетелдің сапалы бұйымдарына қол жеткіземіз дегенді айтады. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірсе де шешуін таппаған мәселелер әлі көп деп есептейді. «Әсіресе, ауыл шаруашылығы бұл салаға дайын емес. Біздің ауыл шаруашылық өнімдеріміз әлі бәсекеге қабілетті өнімдер емес. Сондықтан да бірінші кезекте біз ауыл шаруашылығымызға қолдау көрсетіп, шикізат өнімдерін өңдейтін, бәсекеге қабілетті тауар шығаратын кәсіпорындарды құрып, сол арқылы әлеуетімізді жақсартуымыз керек. Өзімізден шығарылатын тауарлардың сапасын және өнімдердің талапқа сай, бәсекеге қабілеттілігі деңгейін қарастырғанымыз алғанымыз дұрыс. Өйткені көптеген кәсіпорындарымыз, өнім өңдейтін фирмаларымыз банкрот болып қалуы мүмкін», – дейді Парламент мүшесі. «Жанай», Темірлан, «Айтұмар» шаруа қожалықтарының басшысы Сайын Құрмашевты әңгімеге тартып, бүгінгі кәсіп иелерінің пікірін білгенімізде: «ДСҰ-ға кіргенннен түк те қорықпау керек. Әркім өз жұмысын білсе болғаны. Мысалы, ет мәселесінде Қазақстанның мүмкіндігі өте көп. Кең байтақ жайылымының бәрі тегін жатыр. Жерді сатып алғандар мал ұстамайды. Мұндайлардан жерді қайтарып алу керек. Ең бастысы, сапалы еттің көбі импортқа кетуде. Мысалы, ирандықтар біз өндіріп жатқан етті шетелге әкетіп жатыр. Ал біздің азаматтар өндірген дүниесін сыртқа шығара алмауда. Біздің етті кім алады? Ол белгілі бір адамдардың қолына түсе ме? Жанымыздағы Қытайдан да ет алып жатқанға ұқсаймыз. Бізге Бразилиядан, Аргентинадан, Америкадан да ет келеді. Мұны көлеңкелі бизнеспен айналысып жүргендер әкеліп, қымбат бағамен сатуда. Отандық ет өз бағасын, өз орнын таба алмауда. Бұл мәселені үкіметтік деңгейде реттеу керек» дегенді айтады. Шаруа қожалық иесі ДСҰ-ға кірудің зиянынан пайдасы көп екенін жасырмайды: «Нарықты жаулап алғандар ештеңе өндірмей, ауылшаруашылық өкілдерінің тауарына өз бағасын қосып, сатып, пайда көруде. Қалай алып қарасақ та, еліміздің өндіргіш күштері әлсіз. Жеңіл өнеркәсіп енді ғана аяқтан тұра бастады. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы да ілгері жылжитын шығар. Шынында да, қазір ауыл шаруашылығына жасалып жатқан көмек бар. Біз жұмыс істесек, үкімет те көмегін береді». Кәсіпкерлердің де алаңдайтын жөні бар. Себебі бізде бәсекеге қабілетті кәсіпорындар өте аз. Қазірдің өзінде Қазақстанның нарығын толыққанды жаулаған өнім жоқтың қасы. Ал сауда ұйымына кірген Қазақстанның дүниежүзілік танымал фирмалармен бәсекеге түсуі қиындай түспекші. Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, бізде нақты іске келгенде күлбілтеге салынатынымыз қарын аштырады.  Сағындық Сатыбалдин, экономика ғылымдарының докторы, профессор: – Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру керек деген бастаманы алғаш көтергендірдің бірі болатынмын. ДСҰ-ға мүше болуға 19 жыл дайындалдық. Бірінші мәселе – бәсекеге қабілетті тауар өндіру. Қазір, Құдайға шүкір тауарымыз бар. Трактор, жеңіл көліктер құрастырып жатырмыз. Аз болса да, бар. Бұрын шикізат сатсақ, қазір өнеркәсіп өнімдерін сатудамыз. Азық-түлікпен Қытайды, Иранды, Ауғанстанды қамтамасыз етіп отырмыз. Келешекте мүмкіндік мол. «Қарашығанақтың» мұнай өнімі әлемдегі мұнай өндіретін кәсіпорындардан кем емес. Сыртқы нарықта Қазақстан мұнайының үлесі басым. Шетел бізден, біз олардан тауар аламыз. Ал біздің өнімдердің сапа жағына күмән келтіруге болмайды. ДСҰ-ға кіргеннен кейінгі Қазақстан не істеуі керек? Біріншіден, өнім өндіретін зауыт-фабрикаларды қолға алу. Екіншіден, ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы саласын өркендетпей, ел еңсесінің тіктеуі қиын. Үшінші, мұнай-газ саласы. Осылардың нәтижесінде қазақ елінің әлеуметтік жағдайын жоғарылатуға тиіспіз. Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымдарының докторы: – Қазақстан ДСҰ-ға ерте кірді деп айтуға болмайды. Еліміз1996 жылы мүшелікке өтуге арыз берді. 20 жыл дайындалдық. Бұл аз уақыт емес. Мына көрші Қырғызстанның өзі ұйымға 1998 жылы мүше болды. ДСҰ ұсынып отырған мүмкіндіктер арқылы неге басқа елдермен қарым-қатынас жасамасқа? Кеден одағына 2008 жылдан бері мүшеміз. ДСҰ мен Кеден одағының мақсаты ұқсас. Біз Кеңес одағы кезінде шикізатты экономика болдық. 26 пайыз өнімді өзіміз өндірсек, қалған 74 пайыз тауарды сырттан тасыдық. Біз тауарларды алдымен Кедендік одақ елдеріне береміз. Шетелден тауар тасымалдауда немесе экспорттауда баж салығы бар. Бұл салық ДСҰ-ға мүше мемлекеттер арасында да бекітіледі. Бірақ оның қайсысы біздің экономикамызға тиімді? Қазақстан мемлекеті ДСҰ-ға кірерде ауылшаруашылығын қолдау үшін 8,5 пайызға дейін қаржы жұмсауға мүмкіндік алды. Лажы болса, ауылды қолдау керек. Ертең әр түрлі жағдай орын алса, бұдан да көп қаржы керек болады. Ілияс Исаев, экономист: – ДСҰ Қазақстан үшін оң әсерін тигізуі мүмкін. Біріншіден, біз шетелден инвестиция көзін күтіп отырмыз. Себебі шетелден келген инвесторлар өнім шығарса, елімізде зауыт-фабрикалар салса, өзінің өнімдерін қиналмай сататын нарықтың аясы кеңейе түсер еді. Екінші, біз Қытайдан арзан тауар алып отырмыз. Бірақ оның сапасы төмен. Ал Еуропадан арзан тауар келуі мүмкін, бірақ сапасы жоғары. Үшінші мәселе – Қазақстанға дамыған Еуропа мемлекеттерінің ғылыми жетістігі, технологиясы, техникасы керек. Себебі ғылым, технологиясыз экономиканы көтеріп және қайта өңдеу саласын дамыта алмаймыз. Ал нарық саласына келсек, Еуропаның банктері мен Қазақстанның банктерін салыстыруға болмайды. Қазақстан банктерінің капиталы өте аз. Ең үлкен меншікті капиталы – 100-300 миллиард теңге. Оны еуроға айналдырсаңыз түк болмай қалады. Ең капиталы жоғары Qazkom, Халық банкі, Центр­кредит банк, сондай-ақ Ресейдің еншілес банктерінің капиталы өте аз. Бұл Еуропаның банктері оларды жұтып қоюы мүмкін. Қазір банктердің капиталын біріктіру мәселесі көтеріліп жатыр. Яғни, Еуропаның алпауыт банктеріне қарсы тұру үшін банктердің капиталын біріктіру керек. Біраз уақыт бұрын Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің капиталының бір бөлігін немістің бір ипотекалық банкі сатып алады деген әңгіменің шеті шықты. Екінші, пайыздық мөлшерін жоғары қойып, халықты тонап отырған ұсақ банктер күйрейді. Себебі Еуропада ең жоғары пайыздық мөлшер 5,5 пайыз айналасында ғана. Ал біздің коммерциялық банктер 15 пайыздық жоғары мөлшермен береді де, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытпайды. Сондықтан Еуропа банктерінің капиталы біздің банк саласына келсе, пайыздық мөлшер төмендеуі мүмкін. Бұл кәсіпкерліктің дамуына, жалпы халыққа қолайлы болар еді. Бүгінде пайыздық мөлшерді субсидиялау үшін «Даму» қоры құрылғаны белгілі. 14-15 пайыздың жартысын «Даму» қоры өтейді де, банктер клиенттерге 10 пайызбен береді. Мұның өзі экономикаға үлкен салмақ. Сондықтан банк секторында үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Өйткені біздің коммерциялық банктер өндіріске, шағын және орта бизнеске үлкен пайыздық мөлшер ұсынып, қол-аяғын байлап отыр. Банк секторында менеджменттің сапасына үлкен талап қойылады. Қазір бұл жағы бізде төмен. Қылмыстар көп. Біреуге несие беріп, жартысын өзіне алу деген деректер көп. Банк секторындағы менеджменттің сапасына талап күшейеді. Осы тұрғыдан ДСҰ-ға кіру Қазақстан экономикасына оң өзгерістер әкеледі деп ойлаймын. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің іске қосылуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, экономикасын күшейтеді.