Жаңалықтар

Мансабымды алтынмен аяқтағым келеді – Әнуар Сариев

ашық дереккөзі

Мансабымды алтынмен аяқтағым келеді – Әнуар Сариев

Жуырда Португалияның Алмада қаласында парадзюдодан Гран-при турнирі өткен болатын. 22 мемлекеттің 91 спортшысы сынға түскен додада отандастарымыз 2 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Әнуар Сариев пен Олжас Оразалыұлы алтыннан алқа тақса, Ерлан Конкиев қола жүлдеге қол жеткізді. Парадзюдо тарихында елімізге алғашқы Олимпиада медалін әкелген Әнуар Сариев бұл жолы J2 санатында 60 кг салмақта күресіп, жеңімпаз атанды. Ұзақ уақыт үзілістен кейін боз кілемде белдесіп, ел мерейін үстем қылған балуанмен сұхбаттасқан едік. – Португалиядағы Гран-при турнирінде алған алтын жүлдеңіз құтты болсын! Грузин балуанымен финалдық белдесуіңіз тартысты өтті. Оны тізе бүктіру оңай болмаған сияқты. Алайда жеңіс үшін барыңызды салдыңыз. – Рақмет. Иә, негізі, барлық қарсыласым мықты болды. Бәрі рейтингте ондықта, төрттікте тұрған фавориттер ғой. Расында, грузин балуанын жеңу оңай болмады. Өйткені өткен жарыста жарақат алған соң көп күш салмадым. Грузияда екі аптадай жиын болған еді. Сол кезде финалда грузин балуанымен кездесіп, ол аяғымды шығарып жіберген болатын. Сөйтіп, екі күннен кейін әлем чемпионаты басталды. Өкінішке қарай, оған шыға алмадым. Осы жолы сол грузин балуаны аяғымның әлсіз екенін біліп тұр. Сондықтан жақын келіп, әдейі аяғымнан қайта-қайта теуіп жатты. Психологиялық, моральдық тұрғыдан мысын басайын деген болуы керек. Әрине, бәрі жеңіске жету үшін барын салады ғой. Бірақ ол үш минут бойы физикалық тұрғыдан шабуыл жасап шаршағаннан кейін мен одан сайын қарсыласып, ашыла түстім. – Бала күніңізден дзюдомен айналысқан екенсіз. Соның нәтижесі болар, Токиода топ жарып, елімізге паралимпиада тарихындағы алғашқы медальды әкелдіңіз. Енді келесі жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысу ойыңызда бар ма? – Бала кезімізде он бала болып дзюдоға бардық. Содан үш-төртеуіміз ғана қалдық қой. 3-4 сынып оқып жүргенде қасымдағы достарыма «Осыдан көресіңдер, мен Олимпиада чемпионы боламын» деп айтатынмын. Періштелер «аумин» деген шығар. Ұлттық құрамада тоғыз жыл болдым, парада жүргеніме де тоғыз жыл болып қалыпты. Жалпы, спортта жүргеніме он сегіз жыл болды. Рио олимпиадасында рейтингтің төрттігінде, Токиода үшінші орында тұрдым. Енді Құдай қаласа, Париж Олимпиадасына қатыссам деген ниет бар. Бұл үшінші олимпиадам ғой. Қазір әлемдік рейтингте 8-орында тұрмын. Төрттікте ең мықтылар, фавориттер болады. Ендігі Олимпиадада ойдағыдай нәтиже көрсетіп, төрттікке кірсем деген мақсатым бар. Қазір аяғымды емдеп жатырмын. Тез жазылып кететіндей жас бала емеспіз. Үлкен спорт болған соң мұндай жағдай болады. Бірақ бозкілемге шыққанда бәрін ұмытып кетесің ғой. Спортқа деген сүйіспеншілік осы шығар. Токиода формада болдым. Дайындық ойдағыдай болды, өзімді өте жақсы сезіндім. Психологиялық, моральдық тұрғыдан сенімді болдым. Риодағы олимпиададан ұтылғанда сұхбат беріп, «Ендігі Олимпиададан медальмен қайтамын» деп айтқан едім. Қуанышқа орай, сол мақсатқа жеттік. Осы орайда, жаттықтырушылардың еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.