Жаңалықтар

«Жаназаға несие алады»: Құран бағыштау дастарқаны қандай болуы керек?

ашық дереккөзі

«Жаназаға несие алады»: Құран бағыштау дастарқаны қандай болуы керек?

Қайтыс болған туысын несие алып жерлейтіндер көбейген. Халық жаназада тойдыкіндей дастарқан жаймаса, «ел күліп кетеді» деген әңгімеден қашады. Ал Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Құран бағыштау дастарқанына қойылатын тағам түрлерін бекіткен деп жазды turkystan.kz AstanaTV арнасына сілтеме жасап. Жаназа дастарқанына қойылатын тағам түрлері: – бауырсақ; – шелпек нан; – сары май; – шекер; – құрт; – қоспа; – ірімшік; – кіш-міш; – өрік; – құрма; – күріш; – жайма; – ет. Діни басқарма өкілдерінің айтуынша, соңғы сапар рәсімі байлық бәсекесіне айналмауы керек. «Қырқын, жетісін беріп жатқандар шектен шықпауы керек. Ысырапкершілікке жол бермеген жөн. Шариғаттың шеңберінен шықпай, адал дастархан басында Құран оқып, адамдарға насихат айтып, соның сауабын Алла үшін деп істеуге болады. Риягершілікпен істейтіндер бар. Олай болмайды. Әкесі қайтыс болса, «әкесі қайтыс болғанда баласы түк істемеді» деген сөзден қашып, ақшасы жоқ болса да, несие алып дастархан жаю дұрыс емес», – дейді имам. Сонымен қатар арна тілшісі жүргізген блиц-сауалнама қатысушылары да аста-төк дастархан жаю дұрыс емес екенін мойындап отыр. Тұрғындардың бірі ысырапшылықтың керегі жоқ екенін айтып, Құран оқытылса жетеді дейді. Ең бастысы – нан ауыз тиіп, қайғыға ортақтасу. Тілшінің сөзінше, қазір қайтқан адамның қырқында, жүзінде, жыл садақасында сөз сөйлеу үрдіске айналған. Имамдар мен қоғам белсенділері мұның да дұрыс емес екенін айтады. «Қарызға батып, өлген адамды тойдың дастарқанын жасап шығарып салады. Бір ғана жаназа болса мейлі ғой, жетісі, қырқы деп тағы шақырады. Халық аста-төк дастарқанды, пәленше үйтті-бүйтті деген бәсекелестікті қоюы керек. Жыртыс та артық нәрсе», – дейді қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшақызы.