Жаңалықтар

Зілзала зақымдаған өркениет жауһарлары

ашық дереккөзі

Зілзала зақымдаған өркениет жауһарлары

Дәл қазір бізге мәлім ақпаратқа сүйенсек, Түркия мен Сирияда болған жойқын дүмпуден шамамен 6 мыңдай ғимаратқа зақым келген. Оның ішінде бірнеше мыңжылдық тарихы бар, адам өркениетімен құрдас ең көне сәулет ескерткіштері, дүниежүзілік мұра ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енген нысандар да бар.

Газиантеп бекінісі

Жер сілкінісінің эпицентрі бекініс орналасқан қаладан 26 шақырым жерде болды. Газиантеп бекінісінің құрылысы біздің заманымыздың II ғасырына шамаланады. Оның іргетасын римдіктер қалаған. Бастапқыда ескерткіш тұрған төбені Хетт империясы бақылау бекеті ретінде пайдаланыпты. Біздің заманымыздың II-III ғасырларында нысан кеңейтіліп, негізгі қамал бөлігі салынған. Бекініс ХХ ғасырдың басында түрік тәуелсіздігі жолындағысоғыс кезінде де маңызды рөл атқарыпты. Қамал бұзылғанға дейін Газиантептің ерлігі мен қорғанысының белгісі, панорамалық мұражай болып келген.

 Ширвани мешіті

Жер сілкінісі түріктің ежелгі Ширвани мешітін де қиратты. Ол Сеферпаша ауданында, Газиантеп сарайының оңтүстік-батысында орналасқан.

Малатиядағы үлкен мешіт

Қираған тағы бір тарихи ғимарат – Түркияның шығысындағы Малатия қаласының орталығындағы үлкен мешіт. Бұл – қаланың басты көрікті жерлерінің бірі болған.

 Алеппо Цитаделі

Жер сілкінісі Сирияның солтүстігіндегі әйгілі Алеппо бекінісіне зақым келтірді. Ұлы әл-Ғази мешітінің мұнарасы, бақылау мұнарасы, бекініс қабырғалары бүлінді. Цитадельдің ең көне бекіністері біздің заманымыздың X ғасырына жатады, олар 13 жыл бойы салынған.

7 ақпанда ЮНЕСКО зілзаладан кейін Алеппо цитаделінің жағдайына алаңдайтынын хабарлады. Ұйым ескерткіште «айтарлықтай зақым» бар екенін мәлімдеді.

 Маркаб кресшілер сарайы және Эль-Кадмус бекінісі

Сириядағы Жерорта теңізінің жағасында тұрған Маркаб қамалы да зақымданды. Бұл туралы 6 ақпанда Сирияның SANA агенттігі Араб Республикасының Көне заттар мен мұражайлар бөліміне сілтеме жасап хабарлады.

Кресшілер қамалды Маргат деп атаған. Сәулет ескерткіші Банияс портынан алты шақырым жерде сөнген жанартаудан түзілген биік жерде орналасқан. Іргетасы шамамен 1062 жылы қаланған.

Сәулет ескерткіші Шанлыурфа қаласынан солтүстік-шығысқа қарай сегіз шақырым және Түркияның шығысындағы Оренджик ауылынан 2,5 шақырым жерде орналасқан.

Кешен дөңгелек пішінді 20 құрылымнан тұрады. Кейбір ғалымдар оны діни рәсімдер өткізетін объекті деп есептейді. Басқа мәліметтерге сәйкес, Гөбекли Тепе аурудан емделетін орын ретінде салынған.

Немрут-Даг

Түркиядағы Немрут-Даг тауындағы археологиялық ескерткіштерге де зиян келуі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, біздің дәуірімізге дейінгі 62 жылы армян Ервандид әулетінің Комаген Антиох I Теос патшасы таудың басында биіктігі сегіз-тоғыз метр болатын үлкен мүсіндермен қоршалған осы қасиетті орынды салдырған. Ортасында ұсақ тастар бар.

Әлемнің жеті кереметінің алтауы табиғи апаттардан жойылғанын, соның ішінде бесеуінің жер бетінен тып-типыл жоғалуына жер сілкінісі әсер еткенін білеміз. Бізге олардың өмірде болғанынан тек ғалымдардың жазбалары,  ақындардың жырлары, суретшілердің кенебі ғана хабар береді. Бір кезде атағы аспандап, тұтас бір елдің айбынын аңғартатын нысандардан қалған қирандылар мен үйінділер – технология қаншалықты дамып, өркениет көші қаншалықты алысқа ұзаса да, адамзат табиғаттың алдында дәрменсіз екенін еске түсіретіндей.

сурет интернеттегі ашық дереккөзден алынды