Жаңалықтар

Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді - Президент

ашық дереккөзі

Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді - Президент

Кеше Астанада ашылған жабық алаңдағы жеңіл атлетикадан Х Азия чемпионатының қатысушыларына Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. «Спорт шекара талғамайды, мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. 6 мыңнан астам адам сиятын Жеңіл атлетика кешені – осының айқын дәлелі. Қазақстан спортшылары көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Азия біріншілігінің Астана төрінде өтуі елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайта түсеміз. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде. Өз кезегінде Әлихан Смайылов барлық спортшыға сәтті өнер көрсетуді, ал Қазақстан ұлттық құрамасына жеңіс тұғырына көтерілуді тіледі. Премьер-Министр Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамадқа жарысты ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін ерекше алғысын білдірді.