Жаңалықтар

Мемлекет басшысы бірнеше облыс әкімін қабылдады

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы бірнеше облыс әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдерін қабылдады деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Президентке облыстардың әкімдері өңірлердің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады. Президенттің қабылдауында болған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгені құрағанын, ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асқанын айтты. Салаға 75 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 184 579-ға жеткен. Мемлекет басшысына су құбыры бұрын-соңды болмаған жеті елді мекеннің ауызсумен қамтамасыз етілгені жөнінде мәлімет берілді. Биыл 25 елді мекенге ауызсу құбырын тартып, тозығы жеткен сумен қамтамасыз ету желісін жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 56 елді мекен табиғи газ құбырына қосылып, 47 елді мекеннің электр желілері жаңартылады. Облыс әкімі өткен жылы 54 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 21-і пайдалануға берілгенін жеткізді. Биыл тағы 20 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 63 білім мекемесінің құрылысы мақұлданды. Бұдан бөлек, биыл ауылдық жерлерде 49 медицина нысаны салынады. Президентке Сырдария өзені бойындағы елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды. Алдын ала қамданғанның нәтижесінде бес аудандағы 43 елді мекенді су басу қаупі жойылған. Толассыз жауған нөсер жауын салдарынан бірқатар ауданда жекелеген үй аулаларын су басып қалғандықтан, 200-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір жағдай тұрақтанып, тұрғындар үйлеріне оралды. Арнайы комиссия шығын көлемін анықтап жатыр. Президентке Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде баяндады. Облыс әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында құны 160 миллиард теңген болатын 62 инвестициялық жоба іске асырылады. Сондай-ақ өңірге 430 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, оның жартысы ауыл шаруашылығына бөлінеді. Президентке көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары туралы да ақпарат берілді. Қазіргі уақытта 489 мың тонна тұқым себіліп, 180 мың тонна минералды тыңайтқыш беріледі. Сонымен қатар биыл акционерлер жаңа түтін құбырын салуға және ЖЭО-2 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуден өткізуге 6 миллиард теңге бөледі. 1,1 миллиард теңгеге 7,2 шақырым жылу желілерін жөндеу және қайта жаңарту жоспарланып отыр. Облыс әкімі өңірде 650 шақырым жол жөнделіп, 300 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын жеткізді. 16 мыңнан астам адам тұратын 22 ауылды сумен қамтамасыз ету ісі жақсартылды. «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысы туралы ақпарат жеке ұсынылды.