Универсиада – 2017: Үкілеген үмітіміз кімдер?

Универсиада – 2017: Үкілеген үмітіміз кімдер?

Универсиада – 2017: Үкілеген үмітіміз кімдер?
ашық дереккөзі
Уақыттың зымырап жатқанын спорттық жарыстар жиі байқатады. Осыдан алты жыл бұрын Алматыда Универсиада ойындары өтеді деп халықтан сүйінші сұраған едік. Одан бері Лондон мен Сочи және Рио олимпиадалары тарих парағына еніп, әлем талай саңлақтармен қауышты. Түрлі әлем чемпионаттары артта қалып, жаңа спортшылардың жұлдызы жанғаны да рас. Футболдан екі Еуропа және бір әлем біріншілігі аяқталып, жанкүйерлер кезекті чемпиондардың жеңісіне куә болды. Ал сол кездері бізге тым алыс көрінген 2017 жылдың басты оқиғасы алдағы жексенбіде алауын жағады. Студенттердің әлемдік ойынын Алматы қалай өткізеді? Дүбірлі додада ел намысын қорғау міндеті кімдерге артылды? «Түркістан»  қысқы Универсиаданың басты үміттерін тізбелеп көрмекші...
Алматыдағы Универсиада ойындары отандық спортшылар үшін үлкен сын болғалы тұр. Өз жерінде, өз жанкүйерінің алдында намысты қолдан бермеудің оңай болмайтыны анық. Жаз бойы түрлі жаттығу жиындарынан өтіп, туыстары мен отбасы мүшелерін айлап көрмеген олар өздеріне жанкүйер қолдауының ауадай қажет екенін айтады. Универсиадаға дайындық барысында бізді ұлттық құрама сапындағы қаракөздердің көптігі қуантты. Кеше ғана керемет трюгімен көзге түскен фристайлшы Жанбота Алдабергенова, мәнерлеп сырғанаудағы басты үмітіміз Айза Имамбек, шорт-тректен әлем кубогінде топ жарған Нұрберген Жұмағазиев қысқы спорттан алар үлесіміз әлі көп екенін аңғартқандай.
Айза Имамбек, мәнерлеп сырғанаушы:

Қазақ қызы екенім есте тұрады

Алматылық Айза Имамбектің мәнерлеп сырғанау спортына деген құрметі ерекше. Ол қалада мұз айдыны мен білікті бапкердің жоқтығынан ата-анасының тапқан-таянғанын алып, жылда Мәскеу асып кетеді. Универсиада қарсаңында Санкт-Петербургте жаттыққан Айза жерлестеріне дайындаған тосын сыйы барын да жасырған жоқ. айза «Мен қайда жүрсем де қазақ қызы екенімді естен шығарған емеспін. Сол себепті, айдынға шыққан сайын қазақтың исі аңқып тұратын дүниелер жасауға талпынамын. Алматыдағы Универсиада ойындарында еркін бағдарламаны «Көроғлы» күйіне орындаймын. Ал қысқа бағдарламада әйгілі «Карменге» сырғанайтын боламын. Әзірге, универсиадаға дайындаған костюмдерімді құпия ұстасам деймін. Бізді қолдауға келген барша жанкүйерді қанаттандырып жібергім келеді», – дейді Айза. Айза Имамбек ресейлік мамандардың қоластында жаттығып жүр. Атап айтар болсақ, Айзаны Универсиада ойындарына әйгілі бапкер Алексей Мишиннің шәкірті Олег Татуров дайындады. Жырақта жүрсе де туған елінің туын биік көтеруді ойлайтын Айза жанкүйер қолдауымен үздік үштікке енемін деген ойда. «Ең жанашыр жанкүйерім – ата-анам. Мені осы деңгейге жеткізіп, мәнерлеп сырғанауға баулыған әкем мен анам болатын. Қаншама қиындық кездессе де, барлық қаражатын жаттығуыма төлеп, қыздарының спорт көгінде жұлдыз болғанын қалады. Сол үшін ата-анама алғысым шексіз. Одан бөлек, ең маңызды сәтте достарым мен жақындарым, қазақ жанкүйерлері қолдаусыз қалдырмайды деп ойлаймын», – дейді Айза.
Нұрберген Жұмағазиев, шорт-трекші:

Қазақ спортының тарихын жасаудамыз

Осыдан бірнеше жыл бұрын қысқы Азия ойындарында шорт-тректен қазақ балалары жүлде салған болатын. Солардың бірі – Нұрберген Жұмағазиев. Ұл-қызын бокс пен күреске баулып, қысқы спортқа қырындау қарайтын қазақ  үшін шорт-тректің таңсық екені рас. Әйтсе де, санаулы қазақ жігіттерінің арқасында спорттың бұл түрі елімізде қарқын ала бастады. Жақында әлем кубогінің жеңімпазы атанған оралдық Нұрберген Жұмағазиев жаз бойы Голландияның Херенвен қаласында жаттықты. нурберген«Бұдан біраз уақыт бұрын шорт-трек спортын елімізде ешкім білмейтін. Көпшілік бізді конькимен жүгіру спортымен шатыс­тырды. Шыны керек, түсінбейтіндер көп еді. Қазір жағдайымыз жақсы. Әлем кубогында көрсеткен жақсы нәтижелерімізден соң көпшілік бізді де, біз сынға түсетін спорт түрін де тани бастады. Әлем кубогі кезеңдерінде жалпы есебі 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иелендік», – деген Нұрбергенді жаз бойы үйінде жұбайы мен бір жасар қызы күтіп жүрді. Алматыдағы Универсиада ойындарында шорт-тректен 500, 1000, 1500 метрге жарысудан жекелей сында, 5000 метрге жарысудан командалық сында айдынға шығатын Нұрбергенді қолдауға кішкентай қызы да келеді. «Жаттығу жиындарында жүргенде кішкентай қызымды қатты сағынамын. Қазір байланыс құралдарының дамыған кезі ғой. Күн сайын қызыммен видео арқылы сөйлесіп отырдым. Алматыдағы додада бас­ты жанкүйерім қызым болатын шығар. Шорт-трекпен 14 жасымнан бері шұғылданып келемін. Бапкеріміз Мәдіғали Қарсыбеков бар білгенін үйретіп, бізді жеңіске жетелеуде. Сондықтан, жақсы нәтиже көрсетіп, тұғырда тұратын сәт туды», – дейді шорт-трекші. Шорт-тректен ел намысын Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов есімді спортшылар қорғайтын болады.
Жанбота Алдабергенова, фристайлшы:

 Жүлде үшін таласатыным анық

Сочи олимпиадасында жарқ етіп көрініп, үздік алтылықтан орын алған Жанбота – Шымкенттің тумасы. Оңтүстікте дүниеге келген ол көпшіліктің жүрегі дауалай бермейтін спорт түрін таңдап алған. Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатикадан сынға түседі. 0010486027«Менен мүлде қыс болмайтын, қар жаумайтын Шымкенттен шығып, шаңғы тепкенің қалай деп сұрайтындар көп (күлді). Маған қарап көпшіліктің таң қалатыны рас. Әйтсе де, Шымкентте мүлде қар жаумайды деп айтуға болмайды. Жылдың төрт мезгілінде де жаз болып тұратын елдер қысқы спортты дамытып, жүлде алатын деңгейге жетті. Сондықтан, бұлай таң қалудың реті жоқ», – деген Жанбота қарапайымдылығымен бау­рап алды. Расында, шаңғымен трамплинге шығып, түрлі трюктер жасауға шамаңыз жетер ме еді? Жанботаның шамасы жетеді, тіпті, ол әлем кубогінде топ жарып, Еуропаның үздіктері қатарынан да көрініп үлгерді. «Біздің спортта нәтиженің 50 пайызы спортшыға, ал 50 пайызы трамплин, ауа райы мен қарға тікелей байланысты. Дегенмен жүлде үшін таласатыным анық», – деген Жанботаға біз ақ жол тіледік. Студенттер ойынының тарихы әріде жатыр. Алғашында түрлі сипатта болған жарысты бір жүйеге келтіріп, соғыс кезінде де халықтың спорттан ажырамауына себепкер болған – француз мұғалімі  Жан Петижан. Петижанды Универсиада ойындарының Кубертені деп те атауға болады. Олимпиада ойындарын қайта тірілткен Пьер де Кубертен  болса, Универсиаданы Жан Петижан қолға алды. Ал «Универсиада» атауы ресми түрде 1959 жылдан бастап қолданылады. Осылайша, өткен ғасырда басталған ірі спорттық доданың дүбірі Алматыға жетті. Алматы ТМД елдерінің ішінде қысқы студенттік ойындарды өткізу құқығына ие болған алғашқы қала. Алматы қысқы Универсиадаға дайындықты ерте бастады. Студенттер ойынына арнап екі бірдей спорттық нысан мен Атлеттер ауылы салынды. Бірнеше спорт нысандары қайта жөндеуден өтіп, спортшыларды күтіп алатын қонақүйлер де сақадай-сай. Ресми дерек бойынша, Универсиаданың жалпы бюджеті 17 млрд теңгеге жуықтаған. Студенттердің қысқы ойынына әлемнің 55 мемлекетінен екі мыңға жуық спортшы келеді. Ел аймақтары мен шетелдерден жиналған 3 мың ерікті 30 мыңға тарта турист пен отандық жанкүйерлерге қызмет көрсетпекші. Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты «Алматы Арена» мұз айдыны сарайында өтеді. Жалпы алғанда, студенттер спорттың 12 түрінен сынға түседі. Олар: биат­лон, тау шаңғысы, конькимен жүгіру спорты, шаңғы қоссайысы, тұғырдан шаңғымен секіру, мәнерлеп сырғанау, сноуборд, фрис­тайл, шайбалы хоккей, керлинг, шорт-трек және шаңғы жарысы.

Ақырыс Сейітқазы