Көкпаршы бала Николай
Көкпаршы бала Николай
– О, батыр! Атың кім?
– Николай.
– Ұлтың кім?
– Неміс.
– Осы ауылдың баласысың ба?
– Иә.
Фотограф Ернар Алмабектің осындай диалогпен басталған видеосы 14 жастағы шабандоз Николай Дыцельді бір-ақ күнде танымал етті. Жұрт қазақтың ұлттық ат спорты ойынын серік еткен неміс баласының қазақ тілінде еркін сөйлегеніне сүйсінді. Расында, атпен шауып келіп, фотографтың камерасына іліккен Николайдың екі беті аяздан алмадай қызарған бейнесі ауылда алаңсыз жүрген сәттерді көз алдымызға келтіргендей.
Фотограф шабандоз баланы Алматы облысы Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына ролик түсіруге барғанда кездейсоқ кездестірген. Камера көзімен бүгінгі қоғам келбетін кескіндеп жүрген маманның бір топ баланың ішінен Николайға назар аударуы да бекер емес еді.
[caption id="attachment_213150" align="alignnone" width="1600"]Осылайша, фотограф дүкенге барып, көкпаршы балаға су әкеліп береді. Оның арты фотосессияға ұласқан. Сөйтсе, дәл сол күні шабандоз баланың бір досының туған күні екен. Осыған орай ауыл балалары өзара көкпар ойынын ұйымдастырыпты.
«Қала балаларының ойын-сауық орталықтарына, кафеге барып туған күн тойлайтынын көріп үйреніп қалғанбыз. Ат құлағында ойнайтын балалардың ұлттық ойынымызға деген қызығушылығы, үлкенге деген құрметі жүрегімізді жылытты», – дейді фотограф.
Ал алты жасынан атқа қонған Николай көшеде жұрт танып, отандық телеарна мен газет журналистері хабарласып, сұхбат алғанда біраз қобалжығанын, мұндайға енді үйреніп жатқанын айтады. Шабандоз бала Қостанайда дүниеге келген. Тоғыз айында ата-анасы Алматы облысы Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына көшіп келген екен.
[caption id="attachment_213156" align="alignleft" width="417"] Николай анасымен бірге (Сурет Николайдың жеке мұрағатынан)[/caption]
Әкемнің ұлты – неміс, фермер және техника жөндеумен айналысады. Ал анам – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Үйде екі баламыз. Аделина есімді қарындасым 5-сыныпта оқиды. Әдебиетке деген қызығушылығы зор, жылда мұқағалитану байқауларына қатысады», – дейді Николай.
[caption id="attachment_213155" align="alignnone" width="2048"] Нағашы атасымен (Сурет Николайдың жеке мұрағатынан)[/caption]
Николай нағашылары қазақ болғандықтан, кішкентай кезінен қазақша сөйлейтінін айтады және бұған таңғалудың қажеті жоқ деп есептейді. Шабандоз бала аттың құлағында ойнап қана қоймай, төрт түлік малға да жақын болып өскен. Бүгінде сабақтан келген соң малға қарап, жемшөбін салу күнделікті жұмысына айналыпты. Енді болашақта кәсіби көкпаршы атанып, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосатын маман болуды армандайды. Бұл ұлттық ойында күшіне аты сай жігіт жеңіске жетеді емес пе? Көкпаршы баланың сүйікті ісі – атбегілік.
«Мектеп жасына жеткенде атқа мініп, үйдегі азын-аулақ малды қайырып келетінмін. Тоғыз жасымда бір тайым болды. Соны үйретіп жүретінмін. Он бір жасымда сол атыма мініп, достарыммен ауылда өтіп жатқан көкпар ойынын көруге жиі баратын болдық. Содан қызығушылық пайда бола бастады. Мұны байқаған жерлес Есбол және Нұрым ағаларым маған қолдау көрсетіп, ұлттық спортқа баулыды. Сондықтан атам мен осы ағаларыма алғыс айтқым келеді.
Қазір де ауылда үлкен көкпарлар өтіп тұрады. Оған да барып тұрамыз. Командалық көкпарда ойнасам деген арманым да бар. Өкінішке қарай, қазір командалық көкпар қатты дамымаған. Ат баптаумен айналысамын. Құлагер, Тайбурыл деген аттарым бар», – дейді шабандоз.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ