Жаңалықтар

Баға бағдарламаға бағына ма?

ашық дереккөзі

Баға бағдарламаға бағына ма?

Инфляция деңгейіне қатысты соңғы ресми мәліметтер қымбатшылықтың әлі де қарқыны қатты екенін айтады. Дүкендер мен сауда орындарындағы баға бұл сөзімізді сөзсіз растайды. Статистика бюросы орташа айлық жалақыға қатысты да мәліметтерін жаңартты: жалақы мөлшері өскен, бірақ шын мәнінде кеміген. Одан бөлек, өткен аптада табысының ең көп бөлігін тамаққа жұмсайтын әлемнің ең нашар 10 елінің қатарындамыз деп тағы бір дүрліктік. Жағдайымыз соншалықты нашар ма? Жалпы қымбатшылық был­тыр әлем­ді түгел алаң­дат­ты. БҰҰ-ның азық-түлік және ша­руашылық ұйы­мы­ның (FAO) мә­лі­мет­тері бойынша, былтыр әлемде азық-түлік ба­ғасы рекордтық дең­гейі тіркел­ген. Азық-түлік ба­ғалары ин­дексінің орташа мәні бірден 18 пунктке көтерілген. Дегенмен FAO қаңтар айында азық-түлік баға­сының төмендегені жайлы мәлімдеді. Ұйым мұны дән­ді да­қылдар мен еттің салыстырмалы түрде өсімдік майы, сүт өнімдері жә­не қант бағалары ин­декстерінің мәнінің төмендеуімен байланыс­тырады. Қаңтар айының қорытындысы бойын­ша еуроай­мақ­тағы инфляция деңгейі де бәсеңдеп, 8,5 пайызға дейін түсті. Негізінен, 8,9 пайыз бо­ла­ды деген болжам ай­тыл­ған еді. Бір­ақ азық-түлік пен энергия сияқ­ты құ­­былмалы санаттарды есепке алмайтын негізгі база­лық инфляция рекордтық 5,2 пайыз деңгейінде қалып отыр. Одан бөлек, өткен аптада ourworldindata интернет ре­сур­сын­да жарияланған рейтинг­ті қоғам болып қызу талқыладық. Атал­ған рейтингте 2021 жылы әр ел хал­қы­ның азық-түлікке қанша ақша жұм­сай­тыны туралы дерек берілген. Жалпы, ин­тернет ресурс сенімді дереккөздердің біріне саналады, көптеген басылым сіл­теме жасайды. Finprom.kz осы де­рек­тер негізінде елдерді үш топқа жіктеп, ең на­шар көрсеткіш көрсеткен елдер қа­та­рын­да Қазақстан тұрғанын айтады. Одан бөлек, бізбен қатар Нигерия, Мьянма, Ангола, Луанда, Өзбекстан, Ке­ния­ны байқауға болады. Рейтингке сүйен­сек, 2,5 мың АҚШ долларын азық-тү­лік­ке жұмсаймыз. Яғни әлгі рейтингте біз қымбатшылық жайлаған, ахуалы ең на­шар 10 елдің қатарындамыз. Тәуелсіз қаржы сарапшысы Анд­рей Чеботаревтің сөзінше, жағ­дай расымен күрделі, де­ген­­мен бұл деректегідей емес екенін алға тар­тады. Экономист рейтингтің қандай де­ректерге сүйеніп жасалғаны беймәлім еке­нін, тіпті деректер күмәнді екенін ай­тады. Арман БАЙҒАНОВ, экономист: Фермер­лерді қолдайтын тетік әзірлеуді ұсынамын – Біріншіден, қазір мемлекеттік қар­жы органдарынан жеңілдікпен қаражат ал­ғысы келетін фермерлердің негізгі проб­лемасы кепілмен қамтамасыз ету төңірегінде туындап отыр, себебі ауыл­дар­ды қамтамасыз етудің тиімділігі аз саналады және төмен бағаланады. Осы­ған байланысты агроөнеркәсіптік кешен са­лаларын қаржыландыруға жеңіл­дік­пен бөлінетін қаражат ұлғайса да, бюд­жет қаражатының толық игерілмей қалуы мүмкін. Осы мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қар­жы компанияларымен бірлесіп, ауыл ша­руа­шылығына бөлінетін субсидияны қо­сымша кепілмен қамтамасыз ету ре­тін­де пайдаланатындай тетік әзірлеуді ұсы­намын. Мысалы, мал шаруашы­лы­ғын­да мемлекеттік субсидия мөл­­­шері сатып алынатын мал құнының 50 пайызына дейін, ауыл шаруашылығы техникасына бөлінетін субсидия оның баланстық құнының 30 пайызына дейін жетеді. Демек, егер суб­сидияның түсімдері бастапқы жарна ретінде немесе қамтамасыз ету ретінде ес­керілер болса, онда фермерлерді қар­жы­ландыру мөлшері айтарлықтай өседі (ша­мамен 20-50 пайыз). Мұның бәрі біз­ге фермерлердің қаржыландыруын арт­тыруға, азық-түлік өндірісін ұлғай­ту­ға және сәйкесінше оның құнын тө­мен­детуге мүмкіндік береді. Екіншіден, елімізде «интенсивті алма бақтары» атты қаржы­лан­дыру бойынша өте табысты ма­ман­дандырылған бағдарлама бар, со­ның арқасында соңғы жылдары алма ба­ғасы аса қымбаттамады деуге болады, ал қалған ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша бағаның айтарлықтай өскені байқалады. Алма шаруашылығы саласын қар­жыландырудың табысты тәжіри­бе­сі­нің негізінде Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне жүзім, таңқурай және басқа да жеміс-жидек өсіруді қаржылан­дыру­дың ұқсас өнімін әзірлеуді ұсынамын, бұл елдің барлық табиғи-климаттық ерек­шелігін тиімді пайдалануға ықпал ете­тін болады. Алдымен жыл сайын, әсіресе қыста, жы­лыжай өнімдерінің (қияр, қызанақ жә­не т.б.) бағасы бірнеше есе қымбат­тай­ды. Бағаның өсуі нақты мына фак­тор­ларға байланысты: Шетелде құрастырылған, өндірілген өнеркәсіптік жылыжайлардың бағасы қымбат; Одан бөлек, энергия тасымал­дау бағаcының тұрақты түрде қымбаттауы, ал бұл жылыжай өні­мі құнының негізгі үлесін құрайды. Үшіншіден, өнім өндіру елдің оң­түстігінде қарқынды жүреді, сәйкесінше ай­тарлықтай логистикалық шығын шы­ғады, оған қоса өнімді жеткізу уа­қы­ты кешеуілдейді, бұл өнімнің сапасына теріс әсер етеді. Бағаны төмендету үшін тран­шеялық (жерасты) типтегі жы­лыжайлар­дың жаңа түр­лерін (елдің сол­түстігінде) қар­жы­лан­дыру­дың мем­лекеттік бағ­дар­ла­­масын әзір­леуді ұсынамын. Жы­­лы­жайдың бұл түрінің ар­тық­шылығы – энергия бойынша аса тиімді: жер­дегі стандартты жы­лыжай­лар­ға қарағанда энер­гия шы­ғын­дары бес есе төмен бо­­ла­ды. Со­­ны­мен қатар бұл жы­лы­­жай­ларды ұзағырақ пайда­лану­ға бо­лады, ал құрылымның негізгі бө­лігін өз күшімізбен құрастыра аламыз (им­порт­ты алмастыру), бұл жобаның өзін­дік құнын және сәйкесінше өсірілген жы­лыжай өнімдерінің құнын төмен­де­теді. Үкіметтің кезекті тапсырмасы 7 ақпанда Үкімет отырысында әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру талқыланды. Вице-премьер – Сауда және ин­тег­рация министрі Серік Жұ­ман­ғариннің мәлімдемесіне сүйен­сек, азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана мен Шым­кент­те (2,2 пайыз), Қызылорда және Сол­түстік Қазақстан (1,8 пайыз), Ақтөбе (1,7 пайыз) және Ұлытау (1,5 пайыз) об­лыстарында байқалған. Сонымен қа­тар ол тіпті апта сайын динамика әр­түр­лі деңгейде екенін айтты. Тауарларға ке­лер болсақ, пияз 22,5 – пайызға, күріш – 5,2 пайызға, қырыққабат – 4,1 пайызға, сүт пен сәбіз 3,1 – пайызға, картоп – 3,0 пайыз­ға, кеспе 2,6 пайызға қымбаттаған. Қазір бағаны тұрақтандыру құрал­да­ры қайта қаралып жатыр екен. Мә­се­лен, «айналым схемасы» шеңберінде қа­рыз бе­ру бойынша тәсіл қайта фор­мат­талмақ – қазір тікелей өндірушілерге бе­ріледі, тұрақтандыру қорларын қа­лып­тастыру тетігі өзгертілді – өнімді са­тып алу егін жинау кезеңінде, яғни на­рықта бағалар бәсекелестік болғанда жүре­ді, ал олар маусымаралық кезеңде са­тылады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатуға дейін сақтауға мүмкіндік бере­тін келісімшарт жасауға форвардтық са­тып алу тетігі енгізілмек. Серік Жұман­ғ­арин республиканың барлық ірі сауда же­лісі бағаны тұрақтандыру жұмыс­та­рына атсалысатынын айтты. Үкімет басшысы сатып алу-сату ке­зіндегі тауарлар көлемі мен ба­ғасын ерекше бақылауға алу­ды тапсырды. Сонымен қатар Пре­мьер-Министр барлық ауданды қамти оты­рып, тұрақты негізде арнайы жәр­мең­келер өткізу және бағаны, көлемді, қар­сы міндеттемелерді және айыппұл санк­цияларын белгілеу жөніндегі мін­детті шарттарды көрсете отырып, фор­вардтық сатып алу шартының бірыңғай фор­матын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Дегенмен фермер Алмасбек Са­дыр­баев тұрақтандыру қорларынан нәтиже ба­рына күмәнмен қарайтынын айтады. Одан бөлек, сарапшы жалпы Үкіметтің әзір­леген бағдарламалары нақты ахуал­ды, жағдайды толық білместен қабыл­да­нып жатыр деген пікірде.