Семей сабыны – сұраныста
Семей сабыны – сұраныста
Тұрмыстық химия саласындағы түрлі жаңалыққа қарамастан қай кезде де тұтынушысы табылатын тауар – кір сабын. Мұның себебі аталған өнімнің үй шаруасында көп қолданылатыны әрі бағасының төмендігінде болса керек. Ал сабын өндіру ісіне келсек, көзін тапқанға бұл – тиімді бизнес. Өйткені шикізат нарықта қолжетімді. Семей тұрғындары Марғұлан Баймұхаметов пен Рауан Мырзатаев шағын цехты жалға алып, кір сабын өндірумен айналысып келеді. Ежелден келе жатқан кәсіпті қолға алған қос азамат бұл бизнесті бастағанына небәрі үш ай болса да, ісі ақырындап алға жылжып келе жатқанын айтады.
Сабын жасаудың әдіс-тәсілдері туралы ақпарат интернетте қолжетімді. Алайда жас кәсіпкерлер шаруашылық сабын жасаудың ерекше технологиясы бар екенін, бүгінде соны негізге ала отырып сапалы өнім шығарып отырғанын айтады. Соның нәтижесі болар, аз уақыттың ішінде тұрақты тұтынушылары да пайда болған. Ең бастысы, отандық нарықта шикізат қоры жеткілікті. Кәсіпкерлер бұл тұрғыда сенімді серіктес тауып, тұрақты байланыс жасап отырғанын айтады.
«Елімізде сабын өндірісі жақсы дамып жатыр. Кір сабын жасайтын кәсіпкер көп. Дегенмен үй шаруашылығына пайдасы көп бұл өнімге деген сұраныс азайған емес. Бұл халықтың үлкен сенімінің белгісі деп ойлаймын.
Сұраныс өте жоғары деп айта аламын. Өйткені өндіріс қуатының аздығына байланысты кейбір тапсырыс берушілерге біраз уақыт күте тұруын өтінетін жағдайлар болады. Тіпті, бірде Ресейден үлкен көлемдегі тапсырыс түсті. Нақтырақ айтсақ, екі аптада 100 мыңнан аса сабынға тапсырыс алдық. Бірақ амалсыздан бас тартуға тура келді. Өйткені бұл – тек ірі кәсіпорындар орындай алатын іс. Алдағы уақытта тағы бір станок сатып алып, өндірісімізді кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейту ойымызда бар. Тұтынушылар тарапынан жағымды пікір естіп жатырмыз. Бұл бізге алға қарай қадам басуға күш-жігер сыйлайды. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, көздеген мақсатымызға жету үшін тынбай еңбектене береміз.
Сапаға жұмыс істеп, әрбір тұтынушының тапсырысын уақытылы, кешіктірмей орындау үшін барымызды салып жатырмыз. Әрине, басты мақсат – Қазақстан нарығына сапалы өнім ұсыну», – дейді Рауан Мырзатаев.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ