Тілегіміз сенің үстіңде, Түркия!
Тілегіміз сенің үстіңде, Түркия!
6 ақпанда Шығыс Жерорта теңізінде жойқын зілзала болды. Дүмпуден Түркия мен Сирияның бірқатар аймағы қатты зардап шекті. Қалалардың бүтіндей бір аудандары жермен-жексен болды. Жер сілкінісінің күші Ливанда, Кипрде де сезіліп, Фамагуста жағалауында кішігірім цунами толқындары тіркелген. Тіпті, Италияның азаматтарды қорғау департаменті де қауіп болуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қақты.
Зілзала ошағы болған аймақтар ойран болды, ал дүмпуі бүкіл елді дүрліктірді. Оқиғадан кейін төрт күн өтсе де, үйінда астында қалған адамдар толық құтқарылған жоқ. Құрбандар мен жарақат алғандар саны сағат сайын еселеніп барады. Екі елге әлем жұртшылығы көмек қолын созып, жәрдем беріп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, бауырлас елдегі зілзаладан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Президент Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді, Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды. Сондай-ақ біздің елдің құтқарушылары мен дәрігерлерінен тұратын екі топ Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірінші эшалон – 7 ақпанда, екіншісі 8 ақпанда жетті.
Онжылдықтағы ең жойқын дүмпу
Түркияның төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқармасының (AFAD) дерегіне сүйенсек, 6 ақпанда Кахраманмараш-Пазарджик ауданында қуаты 7,7 балл болатын, ал Эльбистанда 7,6 балдық жер сілкінісі тіркелген. Екі дүмпудің интервалы – 9 сағат. Жер сілкінісінен кейін 648 афтершок болған, олардың ең күшті магнитудасы 6,7 балға жетті. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында сезілген.
10 қалада, Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адыяман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбакыр және Килисте ғимараттар қирап, едәуір зақым келген. Шұғыл қызметтердің келіп түскен ақпаратты өңдеуге уақыты жоқ. Қаза тапқандар саны 9 ақпандағы жағдай бойынша 13 мыңға жуықтады, 63 мыңдай адам жараланған. Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған 7 күндік аза тұту жариялады.
Түркия президенті бұл жер сілкінісі 1939 жылдан бері ең күшті зілзала болғанын мәлімдеді. Бұдан бұрын 1999 жылы да елде жойқын зілзала болып, 17 мың адамның өмірін қиған еді. Сонымен қатар Реджеп Тайып Ердоғанның сөзінше, 60-тан астам ел Түркияға көмек көрсетіп жатыр.
– Біз тарихымыздағы ең үлкен жер сілкінісінің бірін бастан өткердік. Өкінішке қарай, Хатай – бұл апаттан ең көп зардап шеккен және ең көп адам шығыны ұшыраған қалалардың бірі болды, – деді ол.
Түркия президенті зардап шеккен аудандарға сапарлап, оларды бір жыл ішінде қалпына келтіруге уәде берді. Әр отбасына 10 мың лира төленеді деген ақпарат бар.
Негізі, табиғи апаттардың экономикалық шығынын нақты бағалау қиын. Себебі барлық ел бұл туралы ақпарат жинай бермейді. АҚШ геологиялық қызметінің алдын ала есептеуіне сүйенсек, Түркиядағы жер сілкінісі елге ЖІӨ-нің 2 пайызындай шығын әкелуі мүмкін екен. Себебі зардап шеккен аймақ маңызды өнеркәсіп аймағы саналады. Ал Bloomberg Economics есептеуінше, қалпына келтіру жұмыстарына ЖІӨ-нің 5,5 пайызындай шығын кетуі мүмкін. Апат болған аумақтарда қалыпты жұмыс режиміне оралу үшін бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін уақыт кетеді деген болжам бар. Елдің негізгі порттары басқа аймақтарда орналасқандықтан, бұл бойынша аса шығын келмеген.
Сондай-ақ жер сілкінісі Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырының жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті, бірақ ел билігі нысанның өзіне зақым келмегенін мәлімдеді. Осы құбыр арқылы біздің мұнайдың бір бөлігі тасымалданып отыр.
Одан бөлек, зілзала болған аймақта, нақтырақ айтқанда, Мерсин қаласының маңында Түркиядағы бірінше АЭС – «Аккуюддің» құрылысы жүріп жатыр. Түркия үкіметі ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар түрік лирасының АҚШ долларына бағамы бірден рекордтық деңгейге құлдырады, қор биржасында ел акциялары түгелдей теріс көрсеткішке түсті. Алайда кейінірек Түрік валютасы шығындарды қалпына келтірді.
Күшті жер сілкінісінің дүмпуі Сирияны да шайқады. Бірнеше қаланың, соның ішінде Алеппо, Латакия, Хама және Тартус аймақтарында адам шығыны болған. Бұл аймақтардың біразы онсыз да соғыстан кейінгі үйінділерді қалпына келтіріп үлгермеген.
Сирия денсаулық министрлігінің соңғы ақпаратына сүйенсек, елде кем дегенде 2,8 мың адам қаза болып, 5 мыңнан астам адам жарақат алды.
Инфрақұрылымның әлсіздігіне байланысты Сирияға көмек жеткізу бойынша қиындықтар туындап жатыр. Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың айтуынша, Түркия Сириямен шекарада екі жаңа өткізу пунктін ашуды жоспарлап отыр. Жалпы, Сирияға көмек көрсетіп жатқан бірқатар мемлекет бар. Дегенмен олардың саны туралы нақты ақпарат жоқ.
Жер сілкінісінен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Түркиядағы Газиантеп бекінісіне, Сириядағы Алеппо бекінісіне айтарлықтай зақым келді.
Өкінішке қарай, зілзала болған аймақтарда отандастарымыз да бар болып шықты. Қазір олар іздестіріліп жатыр. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні кешке аман-есен табылды. Ең алдымен 16 қазақстандық пен Қырғыз Республикасының екі азаматы эвакуацияланды. Олар 8 ақпанға қараған түні Қазақстан ТЖМ бортына келді. Келесі күні Түркиядан тағы 42 Қазақстан азаматы мен 22 қырғыз елінің азаматы эвакуацияланды.
Одан бөлек, Қазақстан халқы да Түркияға қолдан келгенше гуманитарлық және қаржылай көмек жолдап жатыр.
Kaspi банк Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге көмек аударатын шот ашты.
– Апаттан зардап шеккен түркиялықтарға көмекті Kaspi.kz қосымшасы арқылы аудара алады. Ол үшін төмендегі шоттарды таңдау керек: Төлемдер – Қайырымдылық – Ұлттық волонтерлік желі Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек. Екінші жолы: Төлемдер – Қайырымдылық – Түркия Халқына Жәрдем қаражат Түркиядағы AFAD қорына жіберіледі. Бұл екі есепшот та өте сенімді, – деп жазылған банктің хабарламасында.
Одан бөлек, Қазақстандағы Түркия елшілігінің ұсынысымен «Жәрдем науқаны» аясында тағы бір шот жылу қабылдап жатыр. 9 ақпандағы мәлімет бойынша Түркияда зардап шеккендерге қазақстандықтар 18 млн теңгеге жуық қаражат жинаған. Бұл қаражатқа 40-қа жуық киіз үй алып, Түркияның Қазақстандағы бас консулдығына жеткізу жоспарланып отыр.
БҰҰ-ның 1998-2017 жылғы аралыққа жүргізген талдауына сүйенсек, осы жылдар аралығында 1,3 миллиард адам табиғи апаттардың құрбаны болған. 4,4 миллиард адам жарақат алып, баспанасынан айырылған. Ал дүниежүзілік банктің дерегінше, табиғи апат салдарынан әлемде жылына шамамен 550 миллиард доллар шығын шығады, 26 млн адам кедейліктің тауқыметін тартады екен.
Д.ЖАНАТҚЫЗЫ